18.10.2023, 10:15
Оқылды: 60

Көзден кетсе де, көңілден кетпейді

Теректі өңірінің тағылымды тарихында замана жүгі мен ел аманатын арқалап, қоғамның өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан азаматтар аз болмаған. Азаматтық парызын абыроймен атқарып, өтпелі кезеңдерде өнегелі ісімен көпшілік құрметіне ие болған Бақытжан Бисенғалиевті білім саласын дамыту барысында маңдай терін төккен азамат деп айтуға болады. Адами қасиеттерді ата-ананың қанымен, тәрбиесімен бойына сіңіріп, соны айналасындағылармен қарым-қатынас аясында таныта білетін ізгілікті жандар бар. Ондайларды жаны жайсаңдар қатарына қосамыз. Біздің сөз еткелі отырған кейіпкеріміз Бақытжан Мақымұлы сондай аяулылардың бірі еді.

IMG-20231017-WA0036

Хош, сонымен... Өзінің бүкіл саналы ғұмырын білім саласына, оның ішінде математиканы дамытуға арнаған Бақытжан аға қандай жан еді? Осы тұста сөз зергері Ғабит Мүсіреповтің «Тұла бойы тазалықтан ғана, бауырмалдықтан ғана, айнымас, бұлжымас мейірімділіктен ғана жаралғандай жан еді» деген тұжырымы тұп-тура кейіпкерімізге арнап айтылғандай.

Бақытжан Мақымұлы - Сырымның тумасы. Жосалы ауылы Әзтөбе елді мекенінде 1958 жылы дүние дидарын ашқан. Туған жеріндегі мектептің табалдырығын аттады. 1975 жылы Орал шаһарындағы сол кездегі А.Пушкин атындағы педагогикалық институтына оқуға түсті. Оны 1979 жылы математика мамандығы бойынша тәмамдаған. Ал 1979-1981 жылдары Сырым аудандық комсомолда, 1981-1983 жылдары аудандық білім беру басқармасында инспектор қызметін атқарды. Ұстаздық еңбек жолын 1983 жылы Сырым ауданы Көгеріс ауылындағы сегізжылдық мектепте математика пәнінен ұстаз болып бастаған. Бұл жерде 2002 жылға дейін жұмыс істеп, одан әрі Теректі ауданына табан тіреді. Ең әуелі Долин ауылындағы Чапаев мектебінде, кейін Теректі ауылындағы Федоров қазақ жалпы орта білім беретін мектебінде математика пәнінен сабақ берді.

IMG-20231017-WA0041

 Ол – әр шәкіртінің жүрегіне жылылық нұрын ұялатқан аяулы ұстаз. Өмір бойы өз бойындағы асыл қасиетін шәкірттеріне сіңіріп, тер төкті. Жаңашылдық пен ізденісті сабақтастырып, білімі мен біліктілігін адал еңбекпен ұштастырды. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, білім беріп, үйретті. Олардың қатарында есімдері жалпақ жұртқа таныс Әділ Жоламанов, Нұрғиса Дәуешов секілді азаматтар бар. Қай жерде жүрсе де, көптеген оқушысы аудандық, облыстық, республикалық, халықаралық сан аулан білім додаларынан мың мәрте жүлдемен оралып жүрді. Мәселен, А.Қайырова, Д.Қиясова, Д.Рахымғалиева, Т.Ғұсманов, Р.Ерғалиев сынды шәкірттері -  ауданымыздың «Алтын белгі» иегерлері, мақтаныштары! Сүйікті ұстаздары берген білім нәрімен сусындап, саналы тәлім-тәрбие алған талай оқушыларының «математик ағайларына» алғыстары зор. Жетістікке жеткен ұл-қыздарын көргенде, Бақытжан ағай да жапырақтарының жайқалып өскеніне, жапырақтармен бірге діңінің де қатайғанына шексіз риза болатын.

Ғылымның патшасы болған математика саласына кез келген жанның тісі батпайтыны, әлімсақтан аян. Аталмыш саланың жілігін шағып, майын ішкен Бақытжан аға – есепке есесін жібермеген жан. Ол тек оқушыларды ғана емес, өзін-өзі дамытуды ұмыт қалдырған емес. Тінін тарқатсақ, математика пәні бойынша бірнеше сабағы таратылды. Республикалық,  облыстық, аудандық басылым беттерінде материалдары жарық көрді. Жүйелі жұмыстың жүлделі жеңістерін жіпке тізсек, оған газет беті де һәм уақыт та жетпес, тек ең негізгісіне тоқталсақ.

ҚР Білім және ғылым министрлігінің және БҚО білім басқармасының «Құрмет грамотасымен» марапатталған. Сонымен қатар оның есімі ҚР білім және мәдениет саласындағы  үздік қызметкерлері жарияланған «Алтын кітап»  энциклопедиясына енді. Теректі аудандық әкімдігі, білім беру бөлімінен әр жылдары алғысқа кенелді. Орал қаласындағы ұлағатты ұстаздардың «Құрмет тақтасында» тұруы аудан үшін абырой! Мінекей, арда азаматтың құрметке бөленуі – еңбектің қайтқаны деп ұқтық. «Елге қылған жақсылық, еленбей қалмайды. Еңбек еткен ерінбей  - кенелмей қалмайды» деп осындайда айтса керек.

Бақытжан Мақымұлы ұстаздықтан бөлек, спортқа да бейімді болды. Тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы сынды ойындарды шебер ойнайтын. Түрлі жарыстарға қатысып, талай мәрте жеңіс туын желбіретті. Сондай-ақ адамгершілік қасиеті де өз алдына бір төбе еді. Айналасындағы адамдарға қамқор болып, жәрдемдесіп жүретін. Көзі тірісінде ауылдағы жетім,  азқамтылған отбасыларға оқу құрал-жабдықтар,  азық-түлік апарып көмектескен. «Әкеміздің бұл игі ісін биыл да жалғастырып, таяуда біраз жанұяға жәрдемдестік», - дейді ұлы Арсен әңгіме барысында. «Әке жолын жалғастырушы» деген осы болса керек-ті!

Бақытжан Бисенғалиев адал еңбегімен, ағалық ақыл-кеңесімен, үлкендік әділ сөзімен ауданымыздың қадірлі тұрғыны бола-тұғын. Барлық құрметке лайықты ардақты жанды еске алып, естелік жазамыз деп ойладық па? Бәрі күні кеше болғандай есімізде, жадымызда жаңғырып тұр. Өткен жылы жалған фәниден шын дүниеге аттанған ғазиз жанның асыл бейнесі, кісілік келбеті, адамгершілік қасиеттері көз алдымызға еріксіз елестейді. Көзден кетсе де, көңілден кетпейтіндей әсер қалдырады.

Самал Жамет,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале