19.10.2023, 15:30
Оқылды: 50

Оралда жыршы-термешілер байқауы өтеді: бас жүлде – 1 миллион

Қарашаның 23-і күні Оралда өтетін дауылпаз ақын, даңқты батыр Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына арналған «Тартынбай сөйлер асылмын...» атты аймақтық-республикалық жыршы-термешілер байқауының жеңімпазына 1 000 000 теңге беріледі. Бұл туралы 4 қазан күні өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетов хабарлады.

 ЖП ақша

– Ақиқаттың алдаспанына айналған от тілді, орақ ауызды ақынның мұрасын насихаттау – басты міндетіміз. Жас ұрпақ Махамбеттің жауынгерлік рухтағы жырларын жатқа біледі. Батырдың 220 жылдығын атап өтуге Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығы тыңғылықты дайындалуда. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қол-
дауымен жыршы-термешілер байқауы ұйымдастырылады. Даңқты тұлғаның жырлары
мен күйлері әлі де зерттеуді қажет етеді. Оның әрбір өле-ңінде қазақтың қайсар мінезі бар.

«Темірқазық жастанбай,

Қу толағай бастанбай,

Ерлердің ісі бітер ме?» деп жырлаған марғасқа Махам-беттің жарыққа шықпаған туындылары да кездеседі. Сондай шығармалар көрерменге ұсынылуы тиіс деп есептеймін. Қолына домбыра алып, баба дәстүрін жалғастыруға ниет қылған талантты жастарға сәттілік тілейміз. Байқауды ұйымдастыру барысында жыршы-термешілердің ақыл-кеңесі ауадай қажет, – деді Серік Әнуарұлы.

Өз кезегінде жыршы-термеші, ҚР Мәдениет саласының үздігі Фархат Оразов байқаудың мақсат-міндеттеріне, шарттарына тоқталды. Байқау жыршы-термешілерге қолдау көрсету, көпшілікке рухани азық сыйлау, әдеби тілді дамыту мақсатында өткізілмек. Қызылорда, Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе облыстарынан 20-40 жас аралығындағы 2 үміткерден, Батыс Қазақстан облысынан 4 үміткер қатысады екен. Бұған дейін республикалық байқаулардан бас жүлде, І орын алған жыршы-термешілер аталған байқауда сынға түсе алмайды.

– Қатысушылар Махамбет Өтемісұлына арнап жыр-толғау дайындауы қажет. Оған қоса тізім бойынша Махамбет Өтемісұлының 10 шығармасын білуі шарт. Жиембет Бартоғаш-ұлы, Шернияз Жарылғасұлы, Сартай Көшкіншіұлы, Әбубәкір Кердері, Марабай Құлжабайұлы секілді ақын-жырау шығармаларының атауы (әрқайсысынан біреуден) алдын ала беріледі. Үміткер солардың ішінен біреуін ғана таңдайды. Сонымен қатар Ығылман Шөрекұлының «Исатай – Махамбет» дастанынан 20-30 минуттық үзінді орындайды. Айта кету керек, жыршы-термеші шығарманы қалаған аспабында орындай алады. Жеңімпаздарды анықтау барысында қазылар алқасы байқауға қатысушының жеке шығармашылық мүмкіндігін (жыр бастауы, жыр қоры), жыршылық-жыраулық дәстүрдің аймақтық орындаушылық ерекшелігінің сақталуын, шығарманы орындау барысындағы мақамсаздың түрлі нұсқалығын қолдануын, шығарманы орындауда мақам-сазды жиі ауыстыруын, аймақтық дәстүрлі әуен-ырғақ пен аспапта ойнау шеберлігінің үндесуін, сахна мәдениеті мен киім үлгісін ескереді. Ұсыныс-өтінімдер 10 қарашаға дейін қабылданады. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер ақшалай сертификаттармен, бағалы сыйлықтармен марапатталады, – деді Фархат Беркінұлы.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале