24.10.2023, 12:00
Оқылды: 42

Қасым-Жомарт Тоқаев: Бұл - Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн

Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс.

Бұл туралы Ақордада Республика күнінен орай бірқатар азаматқа мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Kazinform.

b41ffefc-039d-40a2-9c3a-6c5e075f8165

«Еліміздің ең басты мейрамы - Республика күні құтты болсын! Бұл - қазақтың мемлекеттілік дәстүрі қайта жаңғырған тарихи күн, Көк түріктер дәуірінен Алтын орда, Қазақ хандығы заманынан келе жатқан елдігіміз тамырын тартқан күн. Бұл - Алаш арыстарының азаттық жолындағы арпалысы ақталған күн. Халқымызда «Егемен болмай, ел болмас» деген сөз бар. Осыдан 33 жыл бұрын тарихи әділдік орнады. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы декларация қабылданды. Осы маңызды құжат жұртымыздың азаттық алуына жол ашты», - деді Президент.

Мемлекет басшысы шын мәнінде егемендік декларациясын қабылдау оңайға соқпағандығын баса назар аудартты.

«Еліміздің ұлттық құрамы біркелкі емес еді. Сол кездегі Парламентте, яғни, Жоғарғы кеңесте және бүкіл қоғамымызда ұзақ пікірталас, қызу талқылау болды. Құжаттың әр сөзін, әр бабын қорғауға тура келді. Әлихан Бөкейхан «Бостандыққа апаратын жалғыз жол ұлттық ынтымақ қана» деген. Ел ағалары халқымыздың ардақты ұлының бұл өсиетіне адал болды. Олар жауапты сәтте ұйымшылдықпен ұлт мүддесін қорғай білді. Ақжолтай құжат жұртымыздың талап-тілегіне сай жазылды. Отаншыл азаматтардың ақыл-парасатының арқасында қабылданды», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

d3bffcc1-2698-406f-bc0e-a285749f1baf

Президент олардың сын сағаттағы батылдығы нағыз ерлік деп бағалауға болатындығын баса айтты.

«Біз қазір Әділетті Қазақстанды құрып жатырмыз. Сондықтан өткен заманның қайраткерлеріне, олардың еңбегіне лайықты, әділетті баға беріп отыруымыз керек. Азаттық жылнамасында Салық Зиманов, Серікболсын Әбділдин, Қаратай Тұрысов, Зинаида Федотова, Ерік Асанбаев, Әбіш Кекілбаев, Қайрат Сапарғалиев, Сұлтан Сартаев, Өзбекәлі Жәнібеков, Олжас Сүлейменов, Александр Княгинин, Мырзатай Жолдасбеков, Өмірбек Байгелді, Қуаныш Сұлтанов, Сергей Терещенко және тағы басқа көптеген тұлғаның есімін құрметпен атап өту керек. Елін сүйген ерлердің отаншылдығы және олардың ұлт мүддесіне адалдығы әрдайым кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болуға тиіс. Біз тарихи әділдік жолын берік ұстануымыз керек. Осы орайда Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи рөлін атап өткен жөн. Себебі, ол еліміздің тәуелсіз мемлекет атанып, тұғырын бекемдеуге орасан зор еңбек сіңірді», - деді Мемлекет басшысы.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале