Бүгін қалада Республика күні қарсаңында биг-бег өндiрiсi зауыты ашылды. Биг-бег қаптарына минералды тыңайтқыштар мен дәндi дақылдарды, құрылыс материалдарын сақтауға болады.
Өндіріс ошағының салтанатты ашылуына өңір басшысы қатысып, мекеме қызметкерлерін құттықтады.
– Өңірде Президенттің тапсырмасымен елді мекендерге, ауылдық, аудандық жерлерге инвестиция тарту мәселесі шешімін табуда. Үкіметте осы бағытта үлкен міндеттер қойылды. Қазір облысқа тартылып жатқан инвестициялардың бәрі де экономиканың дамуы үшін жұмыс жасайды. Бүгін міне, жұмысы тоқтап қалған механикалық зауыттың орнында осындай өндіріс орны ашылып жатыр. Бұл біздің Батыс Қазақстан облысындағы керемет жоба. Мекемеге мердігер біраз қаражат жұмсаған. Жоба тек біздің өңір үшін ғана емес еліміздің дамуына қосылған үлес, - деді өңір басшысы.
«Pаckaging Systems» өндіріс орнына 110 қызметкер жұмысқа орналасқан. Жобаға - 1,3 млрд. теңге инвестиция тартылған.
Мердігермен жылдың сәуір айында келіссөз жүргізілген. Жоба бес айдың ішінде игерілген. Айта өтейік, өндіріс орнының ең бірінші мақсаты – азаматтарды жұмысқа тарту.
Өңірде жылдың аяғына дейін тағы да үлкен төрт өндіріс орны ашылмақ.
Облыс әкімінің мәлімдеуінше, инвестициялық жобаларға биыл ерекше көңіл бөлінуде. Жылдың басынан аяғына дейін 570 млрд теңгеге инвестиция тарту жоспарланған. Қазір өңірдегі өндіріс орындарынан тек елімізге емес шет мемлекеттерге өнімдер жіберіліп жатыр.
Гүлмира Сарсенғали
zhaikpress.kz