«Жақсымен өткізген жарты сағат жаманмен өткізген мың күнге татымас» деген сөз бар. Бәйтерек ауданы Янайкин ауылындағы Т.Бигелдинов атындағы мектеп осы қанатты сөзді жіті біліп қана қоймай, оны жүзеге асырып келеді. Яғни облыс, ауданға танымал, қоғамда өзіндік орны бар тұлғаларды білім ұясына арнайы шақырып, «Cәтті кездесу» атты кештің бас кейіпкері қылады.
Мектеп мұғалімі Замир Ғұмаровтың бастамасымен қолға алынған іс-шара таяуда тағы да өтті. Бұл жолғы қонақтар - ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Асантемір Қаршығаұлы мен «Jas-Talap» өнер ордасының басшысы Ернар Жақсыбай.
Кездесу барысында оқушылар қонақтардың өтірік айту, намысты адам, аға болу, ақын толғанысы турасында да сауалдар тастады.
- Менің уайымым аз емес. Мәселен, солардың арасынан өсіріп отырған ұлым болашақта жерге қаратпаса, өсіп келе жатқан ұрпағымыз аға ұрпақ, ортаңғы толқынның қолжеткізген жетістіктерін абыроймен ұстап қана қоймай, одан биіктете түсер азаматтар болса, қазақ елінің келешегі жарқын болуы үшін еңбек етуі керек. Ақын, қаламгер қашан да ізденісте болуы қажет, - деді сауалдарға жауап берген Асантемір Қаршығаұлы.
Кеш барысында өлеңдер оқылып, әзіл әңгімелер айтылды. Содан соң ұйымдастырушылар уақыт тауып Оралдан ауылға арнайы келген меймандарға ризашылығын білдіріп, мектеп ұжымы атынан алғысхат табысталды. Меймандар да өздерінің жылы лебіздерін білдіріп, естелікке кітап сыйлады.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы