27.10.2023, 18:00
Оқылды: 83

«Атамекендіктердің» тартуы

Оралдағы «Атамекен» өнер ордасының шығармашылық ұжымы концерттік бағдарламамен Бәйтерек ауданына арнайы келіп, ауыл тұрғындарын саф өнерге сусындатты.

IMG-20231027-WA0072

 Аудандық мәдениет үйінде өткен іс-шараның шымылдығы қобыз сарынымен ашылып, «Арнау» этно-фольклорлық ансамблі Ж. Еңсеповтің «Әке толғауын» нақышына келтіре орындады.

IMG-20231027-WA0075

 «Атамекен» өнер ордасының директоры Бауыржан Халиолла көпшілікті кешегі өткен Республика күні мерекесімен құттықтап, ел-жұрттың құрметіне ризашылығын жеткізді.

- Егемен еліміздің еңсесі биік, тәуелсіздігіміздің тұғыры нық болғай!  Бір ел,  бір мемлекет, бір саясат. Мемлекет басшысының ұстанып отырған саясаты да, талабы да – осы. Мәдениет пен өнер саласы өкілдерінің мойнына жүктелетін міндет - халыққа қалтқысыз қызмет ету. Бүгінде Жайықтың әсем төрінде орналасқан «Атамекен» өнер ордасының ашылғанына екі жылға жуықтады. Өзге аймақта әзірге жоқ зәулім сарай сахнасының артындағы мүмкіндігін көп жұрт біле бермейді. Көпшілік қауым концерт сарайы деп қабылдайды. Сол өнер ордасындағы сахнаның сыртында 190 адам еңбек етеді. Оның ішінде симфониялық оркестр, «Арнау» этно-фольклорлық ансамблі, бишілер ұжымы, жеке әншілер бар. Соның бір бөлігі аттың басын осы қасиетті Бәйтерек ауданына бұрды. Біздің тілек-ниетімізді қабыл алған аудан әкімі Марат Лұқпанұлына, жиылған жұрт сіздерге көп рахмет. «Атамекен» өнер ордасының барлық сазды туынды-тартуы өздеріңіз үшін. Республика күні құтты болсын! - деді Бауыржан Ергенұлы.

IMG-20231027-WA0076

Қазақтың күмбірлі күйі мен әуезді әні салтанат құрған кеште дәстүрлі әнші Ернар Өмірәлі ансамбльдің сүйемелдеуімен Арсланбек Сұлтанбектің «Домбыра», Молдабайдың әні «Молдабай» туындыларын әуелетіп, Сағадат Рахметжанов көрерменді сал Мұхиттың термесімен тебірентті.

Сондай-ақ У.Иманәлиевтің сөзіне жазылған Е.Хасанғалиевтің «Ақжайық елім» және сөзі Қадыр Мырза Әли, әні С.Бәйтерековтің «Өмір өз қолыңда» туындыларын Жаңылсын Хасанова, сөзін Тұманбай Молдағалиев, сазын Ержан Серікбаев жазған «Байқамаймыз» әнін Асланбек Қуаналиев пен Мұратжан Усманов шырқап, елдің шынайы ықыласына бөленді. Халқымыздың бай қазынасын насихаттаушы өнер өкілдері, ел пейіліне риза болып әр өңірдің ән мектептерінің ерекшеліктерін де сөз етті.

IMG-20231027-WA0077

Абыз Әбіш Кекілбаевтың:

«Ғарифолланың шәкірттері батыстың әндерін де Маңғыстаудың әндерін де шебер айтады. Жорғаның үстінде келе жатқандай жорғалатып жібереді. Біздің Маңғыстаудың жігіттері де – дара дарын. Олардың түйенің үстінде келе жатқандай боздатуы бөлек» деген бағасын айтып марқайды. Кеште барлық ән-күй жанды дауыста орындалды. Патша көңіл көрермен құрмет-қошеметін жаудырды.

Концерт соңында барша әртістерге аудан әкімінің атынан ықылас гүлі ұсынылды.

-Бүгін баршамыз киелі «Атамекен» өнер ордасының концерттік бағдарламасын тамашаладық. Өнердің орны қашанда бөлек қой. Бір жасап қалдық. Қазақта «Өнер қуып ой түзе, жұмыс қылып бой түзе» деген керемет сөз бар. Бүгін осындай өнер сапарымен ауылымызға келген Бауыржан Халиолла бастаған «Атамекен» өнер ордасының барша өнерпаздарына үлкен алғысымды білдіремін. Өнер сүйер қауымға рахмет, - деген аудан басшысы Марат Тоқжанов «Атамекен» өнер орндасының ұжымына алғысхатын табыстады.

 

Гүлім Орда,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале