2.11.2023, 10:15
Оқылды: 45

Оралдағы «Ақжайық» шағынауданы: құрылыстың жайы қалай?

Оралдағы «Ақжайық» ауданының құрылысы қалай жүріп жатқаны көпті толғандырып отыр. Аталған шағынауданның бұған дейін магистральдық инженерлік-коммуникациялық желілермен толық жабдықталғанын білеміз. Құрылыстың қазіргі жайы қалай?

жп акжайык

«Ақжайық» шағынауданында жалпы 76 тұрғын үй мен 60 әлеуметтік нысан салу жоспарланған. Орал қаласының құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Мейрам Қайыржановтан алдымен құрылыстың не себепті кеш басталып жатқанын және қандай нысандардың бой көтергенін сұрадық. Оның айтуынша, жұмыстың уақтылы басталмауына жобалардың мерзімінде дайын болмауы және қаражаттың бөлінбеуі себеп болған. Сондай-ақ ол бүгінде шағынауданда балаларға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы жүріп жатқанын айтты. Мердігері – «АльТаир» ЖШС. Бұл орталық түрлі патологиялардан зардап шеккен мүгедек адамдар мен диспансерлік есепте тұрған балаларды әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету мақсатында салынып жатыр. Онымен қоса көппәтерлі 7 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп жатыр.

жп акжайык

– Шағынауданда 2019-2020 жылдары 10 шақырым газ, 11 шақырым су құбыры жүргізілген. 10 шақырым кәріз, 91 шақырым электр желісімен де қамтылды. Жалпы «Ақжайық» шағынауданының 4 орамының өзінде көпқабатты 25 тұрғын үй құрылысы жоспарланды. Соның ішінде 10 тұрғын үй бес қабатты болса, 15-і тоғыз қабатты үй. «Ақжайық» шағынауданындағы былтыр көктемде басталған тұрғын үйлердің құрылысы қазіргі уақытта қарқынды жүріп жатыр. Тоқталып өтсек, «Ақжайықтың» ішіндегі бірінші ықшамауданда бес қабатты 10 тұрғын үй (860 пәтер) соның бір орамында 6 панельдік үй болса, тағы біреуінде 4 кірпіш үй. Ол жақта қазір 7 үй бойынша мердігер анықталып, құрылыс-монтажы жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ екінші ықшамауданда тоғыз қабатты 15 тұрғын үйдің (2679 пәтер) құрылысы қарастырылған. Оның бір орамында 8 панельді үй және екіншісінде 7 монолитті үй бой көтермек. Аталған жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалды.

Жұмысы қызу жүріп жатқан 7 үй бойынша құрылыс материалдарынан ешқандай алаң жоқ. Бәрі жеткілікті. Таяуда тағы 4 үйдің құрылысы басталып, 2024 жылдың соңына дейін жалпы 11 үй тапсыру көзделіп отыр. Үйлердің құрылысына биыл 6, 6 млрд теңге бөлінді. Айта кетейін, осы 11 тұрғын үй, яғни 1124 пәтер «Отбасы банк» салымшыларына пайдалануға беріледі. Аталмыш үйлердің инженерлік желісі мен абаттандыру жұмыстарының жобасы дайын, – деді Мейрам Мұратұлы.

Шағынауданда тұрғын үйлерден бөлек 1500 орындық 3 мектеп, 500 орындық 4 балабақша, қосымша 1 футбол алаңы, сондай-ақ өзге де әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар салу көзделген. Осы күні «Ақжайықта» орамішілік 26, 6 шақырым болатын жол құрылысы жүріп жатыр. Жалпы құны 13,0 млрд теңгені құрайтын жол екі кезеңге бөлініп салынуда. Екі кезең бойынша мердігерлер – «УральскВодСтрой» ЖШС және «КазКомСервис» ЖШС. «Бүгінде әр кезеңде 40 пайыздан бітіп тұрған жұмыстар тоқтамайды. Келесі жылдың, яғни 2024 жылдың аяғына дейін жол құрылысы толығымен аяқталады деп күтілуде. Бірінші кезең, яғни 12, 325 шақырым бойынша жоба құны 5, 476 млрд теңге болса, екінші кезеңдегі 14, 278 шақырым жол жобасы 7, 544 млрд теңгені құрайды. Сондай-ақ шағынауданның маңында арықтар орнату үшін жоба дайындап жатырмыз. Көктемде жиналып қалатын суға арық салу қажет», – дейді Мейрам Қайыржанов. Сектор меңгерушісінің айтуына қарағанда, қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін алдағы айлардан бастап кәріз сорғы стансасының (2,2 млрд теңге), көтергіш-сорғы стансасының (2,9 млрд теңге), қазандықтың (3,2 млрд теңге), электр қосалқы стансасының және аутоматтандырылған газ тарату стансасының (2,9 млрд теңге) құрылыстары ретімен жүргізілмек.

Қалалық құрылыс бөлімінің маманымен тілдескеннен кейін «Ақжайық» шағынауданына бардық. Көкке мойнын созған крандар мен жаңа-жаңа бой көтерген үйлерді көрдік. Жақындау барып салынып жатқан тұрғын үйлердің құрылысымен таныстық. Төртінші ықшамаудандағы №7 және №10 тұрғын үйлердің мердігері «Profline Construction» мекемесінің өкілі Болат Нұрмұхановпен тілдестік. Айтуынша, мұндағы құрылыс жылдың басында басталған. «60 пәтерлі №7 тұрғын үйдің жұмыстары аяқталып, тапсырылды. Қазір салынып жатқан 120 пәтерлі №10 үйдің сыртқы қалау жұмыстарының 10 пайызы қалды. Сонымен қатар ішкі жұмыстардың 70-80 пайызы бітіп тұр. Бүгінде материал бойынша ешқандай қиындықтар жоқ. Көргендеріңіздей, құрылыс жұмыстары қарқынды.

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале