5.11.2023, 7:54
Оқылды: 67

Сайқындық отбасылар сайлауға белсенді қатысып жатыр

Тұңғыш рет ұйымдастырылған аудан әкімнің сайлауы Бөкей ордасында ерекше өтіп жатыр. Жасы да жасамысы да учаскеге келіп, таңдауын жасап жатыр.

сайлау орда отбасы

Ел ертеңі, аудан мен ордалық ағайынның тағдыры сынға түсер шақта бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаратын бірлігі бекем аудан отбасылары да сайлауға белсенді атсалысып жатыр. Саналы ғұмырын адам өміріне араша түсуге жұмсаған ауданның құрметті азаматы Қуандық Жұмағалиев ағамыздың отбасы да сайлау күні өз учаскесінен табылды.

Отағасы Қуандық аға да, отанасы Найлягүл апа да Сайхынға жас кезінде келген. Ағамыз стоматолог, жеңгей ұстаз. Отасқандарына 42 жыл болған. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірген. Осы күні немерелерінің қызығына тоймай жылдар бойғы бейнетінің зейнетін көріп отыр. Балам білсін, білім алсын дегенді өміріне ұстаным еткен отбасының үлкен немересі Орал қаласындағы эстетикалық бағыт гимназиясында оқиды. Одан кіші немересі ата-әжесін қылығымен қуантып жүрсе, қызғалдақтай қызы да жетістігімен ата-анасын қуантып жүр.

Зейнетке шықтым деп қол қусырып отырғанды жаны сүймейтін отбасы үлкендері қоғамдық өмірде де белсенді. Қуандық аға ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары болса, Найлягүл апамыз білім саласы ардагерлері қоғамдық бірлестігінің төрайымы. Сосын да болар осындай саяси науқан кезінде қайнаған доданың ортасынан табылады.

WhatsApp Image 2023-11-05 at 08.12.01

- Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында ел алдына үлкен міндеттер қойып, біраз өзгеріс болатынын айтты. Ал биыл алғаш рет аудан әкімін сайлағалы жатырмыз. Бұл азаматтық қоғамның белсенділігін арттырып, тәуелсіз еліміз таңдаған демократиялық жолға түсуге бастары сөзсіз, - дейді Жұмағалиевтер отбасының отанасы Найлягүл Нарбулова.

Аудандық мәслихат депутаты, ауданға белгілі кәсіпкер Қайрат Насимуллин де сайлауға отбасымен бірге келді. Ляззат жеңгей екеуі үш ұл, екі қыз көрген. Кенжесі бесінші сыныпта оқиды. Отағасы шаруашылық басқарып отырса, Ляззат жеңгеміз әлеуметтік қызметкер. Үл-қыздары да еңбектің қадырін түсетін жандар.

Қолындағы бала-келінімен, немересін жетектеп келген Қайрат ағамыз да сайлаудан үлкен үміт күтетінін жасырмады.

-Ел ішінде жүрген соң осыған дейін болған біраз сайлауды көрдік. Президентімізді де бірнеше рет сайладық. Енді аудан әкімін таңдап жатырмыз. Сайлау демократияның басты принцепі сол себепті аталмыш науқанның берері мол. Әр азамат, өз даусының маңызды екенін сезінеді,-дейді Қайрат Насимуллин.

 

Түгелбай Бисен,

Фотоға түсірген Замир Габдрахманов

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале