Біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – Қазақстан. Ал оны қорғау – әрбір азаматтың қасиетті парызы. Тарихы тереңде жатқан жылдарға көз жүгіртетін болсақ Отанын, елін, жерін сақтап қалу жолында өз өмірін қиған батыр бабаларымыз жетерлік. Ал бүгінде сол батыр бабаларымыздың жолын жалғап, аталарымыздың аманатын абыроймен арқалап жүрген әскери қызметшілерімізде жоқ емес.
Ел арасында жасыл қала Орал, киелі Ақжайық өңірі деп аталатын мекенде кең байтақ еліміздің түпкір-түпкірінен жиналып, өз әскери борышын абыроймен атқарып, Отанға адал қызмет етіп, еліміздің дамуы мен өркендеу жолында аянбай қызмет етіп жүрген әскери қызметшілеріміз баршылық. Олардың әр қайсысы әскери қызметке әр түрлі себеп жолдарымен келіп, өмірлерін әскери қызметпен жалғастырып, қызметтің әр сатысынан абыроймен өтіп келе жатқан нағыз жауынгерлер. Бұл ретте Ұлттық ұлан әскер қатарындағы офицерлер мен сержанттардың Отан қорғау ісіне арнаған өмір деректерін парақтасақ, әрбірінің еңбек жолдарының әртүрлі болғанын және әр қайсысы әртүрлі себептермен әскери қызметке келгенін көреміз.
Бүгінгі әңгімемізге өз өмірінің жиырма жылдан астам уақытын Отан қорғау ісіне арнап, қызметін абыроймен атқарып жүрген 3-сынып сержанты Берік Құрмантаевтың өмірі арқау болмақ.
Кейіпкеріміз Берік Ноғайбайұлы, 1979 жылы Ақтөбе облысы, Шалқар ауданы Қайыр ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген.
Кейіпкеріміздің әкесі Ноғайбай атамыз жас күнінен ауыл Совхозында кадр бөлімінде қызмет атқарған. Ал анасы Райхан болса батыр ана атанып, алты ұл мен бес қызды тәрбиелеп өсірген асыл жан. Ноғайбай ағамыз бен Райхан анамыз 11 ұл-қызды дүниеге әкеліп, оларды тәрбиелеп өсіріп, оқытып, ұлын-ұяға, қызын-қияға қондырған жандар. Ал бүгінгі кейіпкеріміз Берік аға осы үлкен отбасының кенжесі.
- Бізді ата-анамыз бір-бірімізге құрметпен қарап, бауырмал болуға тәрбиеледі. Мен үйдің кенжесі болғандықтан ағаларым, апаларым көп жұмсайтын. Менде олардың айтқанын бүлжытпай орындайтынмын. Бала кезімде үйге су тасу, ауылдың шетіндегі дүкенге жаяу барып келу секілді жүгірме жұмыстардың барлығы менің мойнымда еді, - деп күліп есіне түсірді кейіпкеріміз Берік Құрмантаев әңгіме барысында.
Берік кішкентайынан алғыр бала болып өскен. Сабақ үлгерімі де жақсы болған. Мектеп қабырғасында оқып жүріп сабақпен қатар еркін күреске қатысып, ауылдық және аудандық жарыстарда жүлделі орындарды иеленген. Сонымен қатар ауыл балаларының арасында ұйымдастырылатын еңбек үйірмесіне барып, өз қолымен отырғыш, үйдің тұрмыс-тіршілігіне қажетті керек заттарды жасап, үйірменің озаты атанған. Дәл осы еңбек үйірмесіне барып жүргенде ағаштан мылтық, автомат жасап бірін арқасына асынып, енді бірін қолына алып тастамай жүретін болған.
Осылайша уақыт өте келе кейіпкеріміз 11 сыныпқа да келіп жетеді. Жоғары сынып оқып жүргенде алғашқы әскери дайындық сабағы қатты ұнап, болашақта әскери мамандықты таңдасам деген ой келеді. 1999 жылы кейіпкеріміз Берік мектеп қабырғасын бітіріп, қандай маман иесі атансам деген ой мазалап жүргенде әскерден шақырту қағазы келеді. Берік көп ойланбастан ата-анасымен ақылдасып, әскерге баруға шешім қабылдайды. Осылайша 1999 жылдың күзінде, Орал қаласында орналасқан Ішкі әскердің 5517 әскери бөліміне келіп түседі. Әскерге келісімен командирлердің көзіне жақсы қырынан көрініп, белсенді сарбаздардың біріне айналады. Арада алты ай өткеннен кейін бөлімше командирі болып тағайындалады. Осылайша әскери қызмет атқару барысында өзін жақсы қырынан көрсетіп, «қатардағы жауынгерден» «сержант» әскери шеніне дейін өсіп, рота, батальон, бөлім командирлерінен көптеген алғысхаттар алған.
- Мен үшін екі жылдық әскердің пайдасы көп болды. Өз бойымдағы қасиеттерді шыңдадым, төзімділікке, шыдамдылыққа, сабырлыққа үйрендім, адал достықты бағалап және «Ер» сөзінің бағалы екенін сезіндім. Әскерде жүргенде үйдің кенжесі болғасын ба, ата-анамды, туған туыстарымды қатты сағынатынмын, - деп, Берік Ноғайбайұлы өз ойымен бөлісті.
Екі жылдық әскер, екі айдай зымырап өте шықты. Кейіпкеріміз 2001 жылы, Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып бөлім, батальон, рота командирлерінен алған марапаттарын алып, өзінің туып өскен еліне, ата-анасы мен бауырларының ортасына аман-есен оралады. Әскерден келген жылы ата-анасына, үйдегі бауырларына көмектесу мақсатында құрлысшы болып жұмыс істеп, үйдің керек-жарағына азда болса қаражат тауып жүреді.
- Отбасы ол менің асыл қазынам, өзімнің отбасымды, бауырларымды өз қатарынан қалдырмау жолында күндіз құрылысшының киімін киіп қара жұмыс жасасам, ал кеш түскенде күзетші болып жұмыс істеген кездерім де болған,- деп жастық шаққа көз жүгіртіп жымиды.
Бір кем дүние! Бұл өмірде бірі жетсе, тағы бірі жетпей тұратыны белгілі. Екі жерде бірдей жұмыс істеп үйренген кейіпкеріміз Берік, қыс түсіп күн суытқанда құрлыс жұмыстарын тоқтатып механик болып жұмыс істеген екен. Бір күні кешкісін әдеттегідей жұмыстан келіп отбасымен бірге кешкі ас ішіп, теледидар қарап отырғанда жаңалықтан Орал қаласындағы өзі Отан алдындағы борышын өтеген ІІМ ішкі әскерлерінің 5517 әскери бөліміне, жасы 28-ге дейінгі ер азаматтарды жұмысқа қабылдап жатқаны туралы ақпаратты естіп қалады. Ақпаратты ести сала кейіпкеріміз Берік ата-анасымен ақылдасып, өз өмірін әскери қызметпен байланыстыруға бел буып, Орал қаласында орналасқан 5517 әскери бөліміне келіп қажетті құжаттарды жинап, әскери қызметке қабылданады.
Кейіпкеріміз үшін әскери ортаға сіңісу қиынға соқпады. Себебі Берік, Отан алдындағы борышын дәл осы әскери бөлімде өтеп, сарбаз кезінде әскери өмірдің қырын-сырын жақсы меңгерген еді. Осылайша кейіпкеріміздің әскери өмірге тез бейімделіп өзінің алғашқы жұмысын 3 жедел мақсаттағы ротасының бөлімше командирі лауазымынан бастайды. Міне қазіргі таңда сол сәттен бері 20 жылдан астам уақыт өтіп, соның 10 жылдан астам уақытын рота старшинасы лауазымында қызмет етіп келеді.
Қазақта «Отан отбасынан басталады» деген дана сөз бар. Шынында да әр бір адам баласы үшін Отаннан кейінгі қасиетті ұғым – отбасы болса керек.
Отбасы – Отанның әрбір мүшесін дүниеге әкеліп, қанатын қатайтып, қатарға қосатын маңызды мекен.
Берік ағамызда осыдан тура 19 жыл бұрын отбасып құрып, жұбайы Райхан екеуі үлкен өмірге қол ұстасып алғашқы қадамдарын басқан еді. Міне бүгінде бақытты отбасының Дильназ және Бекарыс есімді ұл-қыздары бар. Халқымыздың сан ғасырдан бері даналығына құлақ ассақ «Адамның бақыты балада деген екен» Ал бала тәрбиесіндегі алғашқы ұстаз ол ата-ана екендігі анық.
Иә, осылай бір-бірін сыйлап, қолдап, Құрмантаевтар отбасы әскери ортада ысылып, шыңдалып келеді. Болашаққа нық сеніммен қадам басқан жарасымды жұптың ендігі мақсаты – ұлын рухты ер етіп, қызын қылықты етіп тәрбиелеп жетілдіру.
Қасиетті де киелі қазақ даласында дүниеге келген әрбір тұлға өз елінің ұланы болатындай іс істегені жөн. Өкінішке қарай, кейінгі уақытта елімізде Отаны тұрмақ, ошағының тыныштығын сақтай алмайтын ер азаматтардың қатары көбейіп барады. Олай болса, Отан алдында әскери борышын адал да абыроймен атқарып жүрген, көпке үлгі боларлық осындай азаматтардың қатары көп болсын деген ниет тілекпен әңгімемізді аяқтадық.
Ертуған Әубәкір,
Капитан