14.12.2023, 16:45
Оқылды: 11

Шежін мектебінің ашылғанына 85 жыл

Білім атты теңізде жүзген Тасқала ауданындағы Шежін мектебінің жаңа ғимаратқа көшкеніне 40 жыл толып отыр. Бұл – тарихи оқиға, мерейлі той. Шежірелі тарихы бар киелі білім ордасының табалдырығынан қаншама шәкірт «тарыдай болып аттап, таудай болып» түлеп ұшты. Бүгінде білім ордасы – заманауи техникалармен жабдықталған, аудандағы үлгілі білім ордасының бірі. ІІ Шежін ауылдық округінде Шежін мектеп-бөбекжайбалабақша кешенінің 40 жылдығына арналған іс-шара өтті.

 Шежін мектебі (3)

Іс-шараға аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Қасымова, Шежін ауылдық округінің әкімі Миржан Есқалиев, ардагер ұстаздар, мектеп ұжымы және түлектері қатысты. Алдымен қонақтар мектеп ғимаратын аралады. Олар пән кабинеттері, кітапхана мен мұражайда болды. 40 жылдықта әр әдістемелік бірлестік қонақтарға пән кабинеттерінің дәліздерінде шахмат алаңы, әртүрлі ойын, робототехника көріністерін ұйымдастырды. Сондай-ақ қонақтар ардагер педагог Ораз Ғұбашұлы атындағы «Туған өлкем, қандай көркем» атты кабинеттің ашылуының куәгері болды. Кабинетте Ораз Ғұбашұлына арналған бұрыш бар. Ол бұрышта Ораз ағаның экологиялық жобалары, жазған кітап жинақтары, ауыл тарихынан сыр шертер жәдігерлерін тамашалады. Айтып өтсек, Ораз Ғұбашұлы 1966 жылы Шежін орта мектебін бітіріп, сол жылы Орал қаласындағы А.С. Пушкин атындағы педагогикалық институттың «Жаратылыстану-география» факультетіне оқуға түседі. 1971 жылы оқуын ойдағыдай аяқтап, география-биология пәнінің мұғалімі мамандығын алып шығады. Ораз Ғұбашұлы білім саласында үздіксіз 41 жыл қызмет етеді. Алғашқы еңбек жолын 1971 жылы Крупская орта мектебінен бастайды. 1974 жылы Ермольшева негізгі мектебінде оқу ісінің орынбасары, 1979 жылдан Семиглавый Мар мектебінде тәрбиеші және биология пәнінің мұғалімі, 1981 жылдан осы мектепте директор қызметін атқарды. 1989 жылы Талдыбұлақ негізгі мектебінің директоры болды. 1998-2012 жылдары Шежін мектебінде география пәнінің мұғалімі болып шәкірт тәрбиеледі. Ораз Ғұбашұлы – жоғары санатты география және биология пәнінің мұғалімі, еңбегі көптеген грамотамен бағаланған ұстаз. Сонымен қатар Ораз аға біраз жыл экология курсын жүргізді.

Шежін мектебі (4)

Мектеп ішін аралап болған соң түлектер, ардагер ұстаздар акт залына жиналып, «Білім теңізінде қалықтаған 40 жыл» атты мерекелік іс-шараны тамашалады. Алдымен мектеп директорының міндетін атқарушы Ринат Мұхамбеталиев «Қош келдіңіз!» айтып, барша қонақты атаулы күнмен құттықтады.

– Құрметті қонақтар, ардагер ұстаздар, Шежін мектебінің түлектері, баршаңыз шежірелі Шежін мектебіне қош келдіңіздер! Биыл Шежін мектебінің құрылғанына 85 жыл толады. Бүгін осы ғимаратқа көшкенімізге 40 жыл толуына орай іс-шара ұйымдастырып отырмыз. Жалпы алғанда, қос мереке. Осы білім ордасын көптеген түлек бітіріп, білім шыңын бағындырды. Ол да мектептің ардагер ұстаздарының жетістігі. Сіздердің салып кеткен сара жолдарыңызды біз жалғастырып келеміз. Шәкірттеріміз биіктен көріне берсін. Түлеп ұшқан шәкірттеріміз ауылымыздың атын көтере берсін. Баршаңызға зор денсаулық, бар жақсылықты тілеймін. Мерекеден мерекеге жете берейік! – деді Ринат Зайдоллаұлы.

Одан әрі сөз алған аудандық білім бөлімінің басшысы Айгүл Қадырбайқызы бұл күннің маңызын атап өтіп, барша қатысушыны құттықтады.

– Баршаңызды бүгінгі мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Бұл сәт – әр мектептің тарихына енетін мереке. Бүгін мектебіңізде үлкен той. Осынау жарты ғасырға жуық ғұмырында қаншама жас ұрпақты тәрбиелеп, білім нәрімен сусындатты. Түлеп ұшқан түлектердің ішінде биік белесті бағындырған шәкірттер қаншама? Осындай шәкірттерді тәрбиелеуде аянбай еңбек еткен ұлағатты ұстаздардың еңбегі еш кетпейді. Қоғам мен адамзат алдындағы өлшеусіз еңбегіңізді ескере отырып, сіздерге өскелең ұрпақ тәрбиелеудегі өрелі жұмыс пен мемлекетіміздің гүлдену жолындағы абыройлы ісіңізге толымды табыс тілеймін. Шежін мектебі көркейіп, гүлдене берсін. Мерейтой құтты болсын! – деген Айгүл Қадырбайқызы бір топ азаматты марапаттады.

Шежін мектебі (1)

Алдымен ардагер педагог Ораз Ғұбашұлына Оқу-ағарту министрінің атынан «Еңбек ардагері» медалін табыстады. Одан әрі білім беру жүйесін дамыту ісіне елеулі үлес қосқандар БҚО білім басқармасының алғысхатымен марапатталса, мектеп өміріне белсенді араласқан қызметкерлерге аудандық білім беру бөлімінің алғысхаттары табыс етілді. Келесі кезекте сөз алған Шежін ауылдық округінің әкімі Миржан Есқалиев те жылы лебізін білдірді.

– Құрметті ұстаздар, ардагерлер және түлектер, баршаңыз да 40 жылдық тарихы бар мектебіміздің мерейтойына қош келдіңіздер! Әрбір білім ордасы өзінің түлеп ұшқан шәкірттерін мақтан тұтады, мақтан тұтар түлектеріңіз көп болсын. Мектебіміз гүлденіп, өркендей берсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! – деген жылы лебізін білдіріп, мектеп ұжымына алғыс хат табыс етті.

Одан әрі сөз кезегін алған ардагер ұстаз Ораз Хаиров, 1987-1998 жылдары өте талапшыл басшы, заман ағымына сәйкес Қазақстан Республикасы тұңғыш рет тәуелсіз ел ретінде әлемге әйгілі болған тарихи оқиғаны бастан өткізіп, егемен еліміздің барлық бастамасын қолдап, жүзеге асыруда күш-жігерін аямай қызмет етіп, мектепті басқарған Батима Жұмағалиева, еліміздің нық қадам баса бастаған 1998- 2013 жылдары мектеп ұжымын басқарған Айман Оразалиева, мектеп түлектері де Шежін мектебінің мерейтойымен құттықтап, ізгі тілегін жолдады.

Шежін мектебі (2)

Жалпы Шежін орта мектебінің тарихы елдің, ауылдың тарихымен қоянқолтық, тығыз байланыста. 1928 жылы төрт жылдық бастауыш мектеп болып шаңырақ көтергелі білім ошағында мыңдаған адам сауатын ашқан. Үш жыл өткеннен кейін жеті жылдық мектеп болып ауысты. Ал 1938 жылы аудан бойынша жалғыз Шежін мектебі орта мектеп мәртебесіне ие болады. Осы он шақты жыл ішінде білім шаңырағына ардақты ұстаздар – мектеп директорлары Қабдол Қойшығұлов, Бижан Жұмағалиев және Сабыр Ержанов деген азаматтар басшылық етті. Шежін орта мектебінен шыққан атақты түлектер: Б. Ахметов – Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері, Т. Әбенов. Қ. Көшалиев – Батыс Қазақстан агротехникалық университетінің доценті, Қ. Қожабергенова, Қ. Болатова – Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің доценті, М. Дүйсенова – Қазақстан Республикасының атақты дәрігері, Б. Қалиев – «Орал өңірі» газетінің қызметкері, Қожаевтар әулеті – мәдениет саласының қызметкерлері, Р. Қожекешова – Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Б. Мұхамбеталиев – «ҚазақстанОрал» телеарнасының редакторы, Е. Әжібаев – Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы департаменті басшысы. Сондай-ақ Е. Жұмағалиев – Батыс Қазақстан облыстық экономика және бюджетті жоспарлау департаментінің бастығы, А. Бекталиева – Бәйтерек аудандық сотының төрайымы, Х. Ирменов Батыс Қазақстан облыстық ауруханасы директоры қызметтерінде болды.

1983 жылдың желтоқсан айында жаңа үлгіде салынған қос қабатты мектеп ғимараты пайдалануға берілді. Бұл құрылыс ата-аналарды, мұғалімдер мен оқушылар ұжымын зор қуанышқа бөледі. Білім нәрімен сусындатып, сапалы білім, саналы тәрбие беруде мектеп директоры қызметін атқарғандар: М. Әбуев, Г. Өтешев, Г. Орынғалиев, Б. Жұмалиева, А. Оразалиева, А Құсайынов, Г. Дүйсенова, В. Бакитова. Қазіргі таңда мектеп директорының міндетін Р. Мұхамбеталиев атқарып келеді. 2003 жылы 12 желтоқсанда Шежін орта мектебінің 65 жылдық мерейтойына байланысты мектеп қабырғасында тарихиөлкетану мұражайы және 2006 жылы мектеп жанынан балабақша ашылды.

 Болатбек Сапарғалиев,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале