25.12.2023, 11:30
Оқылды: 44

Үндістаннан табылған Әбілхайыр хан туралы кітаптың көшірмесі елге жеткізілді

Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығында «Үндістан қорларындағы Орталық Азия және Қазақстан тарихына қатысты көне қолжазбалар мен архивтік деректер» атты ғылыми семинар өтті. Бұл туралы мәдениет және ақпарат министрлігі хабарлады.

588a8868-35b8-45c2-9fd1-534b28ccc7e0

Семинарда «Архив-2025» жобасы аясында Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының мамандары Үндістаннан елге жеткізген тарихи қолжазбалар мен құжаттарды ғылыми айналымға енгізу, Үндістан қорларындағы әлі де анықталмаған Қазақстан және Орталық Азияға қатысты маңызды тарихи құжаттарды жинау және зерттеу мәселелері талқыланды.

f89b208b-78e3-4307-b414-e25fa95c4de5
«Өткен жылы Үндістанға ұйымдастырылған ғылыми-зерттеу экспедициясы өте табысты өтті. Орталықтың мамандары, ғалымдар еліміздің тарихына қатысты көптеген құнды құжаттардың көшірмесін тауып, елге жеткізді. Бұл басы ғана. Себебі Үндістан архивінде қазақ тарихына қатысты мұралар өте көп жинақталған. Алдағы уақытта да жұмыстар жалғасатынына сенімдімін», - деді Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры Жандос Болдықов.

8f66c666-c52d-4ee8-8312-233ced51622a

Семинар барысында Қазақстандағы Үндістан елшілігі жанындағы Свами Вивекананда мәдени орталығының директоры Санджай Веди үнді елінің Патна кітапханасы қорынан табылған парсы тіліндегі «Тарих-и-Абул хаир хан» және «History of Mongols» кітаптарының көшірмесін  тапсырды.

«Ата-бабаларымыз ортағасырлардан бері мәдени байланысын үзген жоқ. Үнемі бір-бірімен тығыз қарым-қатынаста болғанын қазіргі Үндістанның архив, кітапхана қорларынан табылып жатқан тарихи құжаттар айқындайды. Бүгін Қазақстанның Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығына екі кітаптың көшірмесін тапсырдық. Қазақстанның зерттеуші ғалымдары кітаптарды аударып, зерттеу жүргізсе көптеген құнды мәліметтер таба алады деп сенемін. Қазір ғана тарихшы, ғалымдардың қазақ пен үнді қарым-қатынасы туралы зерттеу жұмыстарын естіп өте қатты қуанып отырмын. Сіздерде мықты ғалымдар көп. Біз бір-бірімізге қолдау көрсету арқылы тарихты зерттеуде көптеген жетістіктерге жетеміз»,- деді Санджай Веди.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале