28.12.2023, 9:30
Оқылды: 51

«Жылумен жабдықтау жүйесінде ақау болған жоқ»

Орал қаласы бойынша жылыту маусымы басталмас бұрын жылу электр орталығының меншікті қаражаты есебінен 4 негізгі жабдық пен 5,8 шақырым жылу желісінің күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілген. Бұл жөнінде таяуда өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

WhatsApp Image 2023-12-21 at 12.10.13

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Қанат Өмірәлиевтің баяндауынша, электр тарату мекемесінің меншікті қаражаты есебінен 704 млн теңге бөлініп, ұзындығы 2149,25 шақырым электр желісін қайта жаңарту жоспарланса, бүгінде 17 қосалқы станса мен 268 кешенді-трансформаторлық қосалқы станса жөнделген. Сондай-ақ сумен жабдықтау мекемесі қарастырған 150,7 млн теңгеге жоспарланған 4 шақырым су құбыры мен кәріз желілері күрделі және ағымдағы жөндеуден өткен.
– Жылыту маусымы басталғалы жылумен жабдықтау желілерінде технологиялық ақаулар болған жоқ. Облыстағы барлық көппәтерлі тұрғын үй мен әлеуметтік нысан жылыту жүйесіне қосылған (1595 КПТҮ, 373 денсаулық сақтау нысаны, 566 білім беру нысаны, 327 мәдениет нысаны). «Жайықжылуқуат» АҚ-ның теңгерімінде 20 қазандық жұмыс істеуде. Барлық коммуналдық кәсіпорын апатты-техникалық бригадалармен жабдықталып, материалдық ресурстар резерві құрылды. Бұдан басқа, облыс бойынша апаттардың алдын алуға арналған чат құрылды. Бүгінде «Жайықжылуқуат» АҚ-да 44 адам еңбек етеді, техниканың жалпы саны – 19 бірлік. «Батыс су арнасы» ЖШС-нда 13 бірлік техника бар және 64 адам жұмыс істейді. Орал қаласында жалпы ұзындығы 5,6 шақырымды құрайтын №2 және №5 жылу магистральдарын қайта жаңарту қажет. Аталған магистральдарды жаңарту бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы шығарылып, бюджеттік өтінімдер ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне жолданды. Бүгінде бұл жобалар бойынша республикалық бюджеттен 2024 жылға – 500 млн теңге, 2025 жылға – 700 млн теңге қарастырылған, – дейді басқарма басшысының орынбасары Қ. Өмірәлиев.
Спикер баяндамасында өңірімізде жылу-энергетика саласында атқарылған бірқатар жұмысты атап өтіп, су құбыры және кәріз желілерінің тозуына қатысты мәселеге де тоқталды. Оның сөзінше, 2023 жылы жылумен жабдықтау жобаларын іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен жалпы 3,6 млрд теңге бөлініп, 4 жоба қолға алынған. Ал су құбыры желілерінің тозуы 61,0%-дан 60,5%-ға, су бұру желілерінің тозуы 62,0%-дан 61,3%-ға дейін азайған.
– Биыл жылумен жабдықтауға бөлінген қаражатқа төрт жоба іске асырылуда. Оның үшеуін 2024 жылдың 1-тоқсанында аяқтау жоспарланған. Градирня 2023 жылдың мамыр айында пайдалануға берілді, нәтижесінде Жайық өзенінен жылу электр орталығының қажеттілігіне пайдаланып жүрген техникалық судың көлемі азайды. Жылу-алмасу суларын Жайық өзеніне кері жіберу тоқтатылды. Жылу электр орталығы су жинағышының 3,15 кВ тарату құрылғысын қайта құру 2023 жылдың тамыз айында іске қосылды. Зашаған кентіндегі Ғалымдар ауылы көшесінде жаңа қазандық салу жұмыстары аяқталды. Нәтижесінде 9 үй, 6 өндірістік кәсіпорын, 1 әлеуметтік нысан тұрақты жылумен толық қамтылып отыр.
Су құбыры мен кәріз жүйелерінің жай-күйіне келетін болсақ, Орал қаласының сумен жабдықтау желілерінің жалпы ұзындығы 483,53 шақырымды (60,5%-ы тозған) және кәріз желісі – 377,43 шақырымды (61,3%-ы тозған) құрайды. Биыл республикалық бюджет есебінен № 2, 3 және 21 кәріз сорғы стансасын қайта жаңартуға, сондай-ақ Орал қаласының жерасты су алу ұңғымаларын бұрғылауға 2,9 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда «Орал қаласы бойынша жерасты су алабында су алу ұңғымаларын бұрғылау құрылысы» жобасы бойынша мердігер ұйым барлық 6 ұңғыманы бұрғылады. Қазіргі уақытта жұмыстың 98%-ы аяқталды. Ұңғымаларды бұрғылау 2023 жылдың соңына дейін жалғасады, – дейді Қанат Аманкелдіұлы.

Аружан Болатбекқызы,
«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале