Әдемі Галимова М.Мәметова атындағы мектептің жетінші сыныбында оқиды. Жаңа жыл қарсаңында Президентке хат жазып, сыйлыққа телефон сұраған екен. Көп кешікпей ел Президентінен жағымды жаңалық жетіп, Бөкей ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов Әдемінің үйіне арнайы барып, телефонды табыс етті.
- Жаңа жыл ғажайыпқа толы мереке ғой. Осындай керемет күн қарсаңында Әдеміге Президент телефон сыйлап, қуантып жатыр. Биік белестерді бағындырып, жетістіктерге жете беруіңе тілекшіміз. Армандарың орындала берсін, - деп лебізін жеткізді аудан басшысы.
Әдемі болашақта дәрігер атанғысы келеді. Қазірден медицина саласына қызығушылық танытып, түрлі танымдық ақпараттарды жібермей оқиды.
- Президент хатыма жауап береді деп ойлаған жоқпын. Бірақ Жаңа жыл қарсаңында армандар орындалады дейді ғой. Ел басқарып отырған адамнан сыйлық алғаныма қуанып қалдым,- дейді Әдемі.
М.Мәметова атындағы мектептің директоры Асылхан Аманғалиев, Сайқын ауылының әкімі Шыңғыс Абдоллин де құттықтап, тәтті сыйларын ұсынды.
Арайлым Есмағұлова,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz