Жаңа жылдан кейінгі жаңалықтың бірі осы болды. Басқа аудан, қаланы қайдам, Бөкей ордасы ауданы орталығындағы дүкен сатушылары бірінің аузына бірі түкіргендей «Каспи аударым қабылданбайды. Қолма-қол сауда жасаймыз» деп тұр.
Фото: Lada.kz
Бұған дейін саудасы жүргенге мәз болатын саудагерлеріміз төлем түрін тұтынушылардың таңдауына қалдыратын. Мұнысы банкоматқа жарымай жүрген біздің ауыл үшін де аса қолайлы еді. Айтпақшы, банкомат демекші, аудандық пошта торабына қарасты банкоматтар жаңартылып, екі бірдей банкомат іске қосылды. Бірді айтып, бірге кетпей, әңгімемізге қайта оралсақ. Аударым жоқ. Жаңа жылдан бастап кәсіпкерлер неге мобильді аударымнан бас тартты? Осы мәселені өзіміше тарқатып көрсек.
«Бұрын аман болсын Каспи Голд еді...»
Заманның дамыған болар, соңғы жылдары банктердің мобильді қосымшаларының танымалдығы өсті. Телефонмен отырып-ақ Түркиядан таңдаған көйлегіңді алдырып, үйден шықпастан коммуналдық шығындарды төлей аласың. Ақшасын төлесің болды, тауарың есігіңді қағып өзі кеп тұрады. Заманның дамығаны емей, немене? Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша қолма-қол ақшасыз төлемдердің үлесі 86%-ға дейін өсті. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 82% болып еді. Тек ес біліп, етек жапқан ересектеріміз ғана емес, ауыздарынан ана сүті кеппеген алты жасар балаларымыз өзі қолма-қол ақшасыз төлемдер жасай алады. Kursiv Research әлеуметтік зерделеу орталығының мәліметінше еліміз бойынша ата-аналардың 41,4%-ы балаларына карта рәсімдеген екен.
Бүгінгіге дейін дүкен иелері, яғни кәсіпкерлер банктерде ашылған жеке шоттарына сатылған тауарлар, қызметтер үшін мобильді аударымдар арқылы ақы алады. Аттарын айтып, әшкере қылмасақ та, бәрі де айтқызбай-ақ танитыны анық. Кейбір дүкендерде нан, сүт, екі-үш келі қант алсаң, аударымды дүкен қожайынының атына аудартып, алған тауарының құны он мың теңгеден асып, он бес-жиырма мың теңгеге барып жығылса, құдасы, құдашасының, құдашасының бөлесінің атына аудартатын. Төлемді өз атына аудартса да, бұл аударымдар бақылау-касса машиналары (БКМ) мен POS-терминалдарсыз жүргізіліп, тиісті чектер берілмей жүргізіледі. Бұл, әрине, қып-қызыл заң бұзушылық. Яғни әрбір тұтынушыға сатып алған тауарының түбіртегі берілуі керек. Бұл көлеңкелі бизнестің көзін жоюдың бірден-бір тәсілі. Кәсіпкер мобильді аударым арқылы өзінің жеке шотына төлем қабылдауы заңға қайшы. Мұндай жағдайда ең бірінші кәсіпкерге ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілік көзделген. Ал қайталанған заң бұзушылық кезінде салық төлеушінің субъектілігіне байланысты салынатын айыппұл 15-тен 50 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес салық төлеу әркімнің міндеті болып табылады.
«Декларация – келешектің кепілі»
Заңға қайшы екенін біле тұра аударым қабылдап келген кәсіпкерлеріміз неге түрлене қалды деген сұрақтың туындары хақ. Сөйтсек, биылдан бастап кәсіп иелері де басқа да азаматтарымыз сияқты жеке бас табысы туралы мәлімет беріп, декларация тапсыруға міндеттелген екен. Оның үстіне өткен жылдың желтоқсанында шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында қабылданған мораторий да аяқталды.
Декларация тапсырамыз екен деп мобильдік аударымдарды қабылдамай, қолма-қол ақша талап ету заңға қайшы. Декларация тапсыруға міндеттеу кәсіпкерлеріміздің немесе басқа да азаматтарымыздың қалтасындағы ақшасын санау емес. Қате түсінік бізді орға жығуы мүмкін. Барлығының бірдей мобильдік аударымдары тексеріліп, салық салады екен деген түсінік болмауы керек. Мысалы, сіз азық-түлік сататын кішігерім дүкеніңіз бар. Көп тауар әкеліп жатқаным жоқ, табысым төмен» деп минималды көрсеткішпен салық тапсырасыз. Бірақ уақыт өте келе жұбайыңыз соңғы үлгідегі су жаңа автокөлік алады немесе қаладан керемет бір таунхаус сатып аласыз. Осы жерде «Табысым аз деп еді, мұндай қомақты ақша қайда келді?» деген сауал туындайтыны анық. Сан миллион қазақтың ішінен мені кім тексерсің деген ой болмауы керек.
Осы орайда аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Талғат Алишевке де жолығып, сұрағымызға жауап алған едік.
– Бәріңізге белгілі, декларация тапсыру кезең-кезеңімен іске асып келеді. 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда кезең-кезеңімен жалпыға бірдей декларациялау енгізілді. Жалпыға бірдей декларациялаудың негізгі мақсаты: жеке тұлғалардың кірістерін бақылаудың тиімді тетіктерін құру; әділ салық салуды қамтамасыз ету және әлеуметтік саясатты жетілдіру; сыбайлас жемқорлық пен көлеңкелі экономика деңгейін төмендету. Жалпыға бірдей декларациялау жүйесі барлық азаматтардың жеке тұлғаның барлық шетелдік активтерін, жылжымалы және жылжымайтын мүлкін көрсететін «кіріс» декларациясын тапсыруымен байланысты. Олар мынадай: бағалы қағаздар, цифрлық активтер, инвестициялық алтын (құйма алтын), зияткерлік меншік және авторлық құқық объектілері, құны 3,4 млн.теңгеден асатын басқа мүлік (міндетті емес) (мәдени құндылықтар, зергерлік бұйымдар, асыл тұқымды жануарлар және т.б.) – бағалау декларацияны тапсырғанға дейін жүргізілуі тиіс (2023 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша) шетелдік компанияға қатысу үлесі, шетелдегі жылжымайтын мүлік және көлік, шет ел банкісіндегі 7,3 мың АҚШ долларынан (1000 АЕК) жоғары ақша есепке алынады.
2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап «кіру» декларациясын мемлекеттік қызметшілер мен оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырған. Екінші кезеңде, ағымдағы жылы, квазимемлекеттік сектордың мемлекеттік мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары - шамамен 2,1 миллион адамды құрады. Үшінші кезеңде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлердің басшылары, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыбы) тапсырады. Шамамен 3,9 миллион адам жоспарланған. Төртінші кезеңде 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап азаматтардың басқа санаттары (мысалы, жеке құрылымдардың қызметкерлері, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер, студенттер және т.б.) тапсыратын болады. Декларацияны уақытында тапсырмау, табысын дұрыс көрсетпеу сияқты фактілер орын алса, жауапкершілікке тарту да қарастырылған. Ал, мобильді аударымға қатысты жауап берсем, мемлекеттік кірістер органдары барлық мобильді аударымдарды тексермейді. Жеке шоттарына 100 және одан да көп әр түрлі тұлғалардан мобильді аударымдарды ай сайын, қатарынан үш ай ішінде алған тұлғалар (маңызды: 100-ден көп аударымдар емес, 100 және одан да көп әр түрлі тұлғалардан түскен аударымдар) бақылауға жатады. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл кәсіпкерлік қызметтің белгісі. Маңызды: әр түрлі өмірлік жағдайларда туыстарына, достарына және әріптестеріне мобильді аударымдар жасауға шектеулер жоқ, – деп басқарма басшысы Талғат Алишев толыққанды түсінік берді.
Тұтынушының тілеуі не?
Дүкен иелерінің тұтынушылардан қолма-қол ақша сұрауы заңсыз емес пе? Мұндайда тұтынушы құқығы да бұзылып отыр. «Ал тұтынушының жағдайын кім қорғайды?» деген сұрақтың туындауы да заңды.
Ғаламтор мәліметтерін сараптап қарап шықтық. Сала мамандары «Қолма-қол ақшасыз төлемдерді қабылдаудан бас тарту - заңсыз, себебі «Төлемдер және төлем жүйелері туралы» заңның нормаларында әртүрлі төлем әдістері – банк картасы, QR төлемі немесе қолма-қол ақша қарастырылған. Кәсіпкерлердің төлем карточкаларын пайдалана отырып төлемдерді қабылдаудан бас тартқаны үшін бірінші рет ескерту түрінде әкімшілік жауапкершілікке тарту, ал қайталап заң бұзғаны үшін 147 680 теңге (40 АЕК) мөлшерінде айыппұл салу көзделген» деген жауап беріпті.
Қазіргі таңда бізге қолма-қол ақшадан гөрі, электронды түрде есеп айырысқан ыңғайлы. Яғни кез келген дүкен немесе сауда нүктесінің иесі азаматтарға оған қалай төлеуге ыңғайлы болса, сондай тәсілде төлеуге мүмкіндік беруі керек емес пе?
Дәл осы сұрақпен аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің маманы Ерлан Нүркеновке жолыққан едік.
– Иә, дұрыс айтасың. Электронды түрде есеп айырысу – уақыт талабы, тұтынушы қалауы. Мысалы, тұтынушыға банк картасымен төлеу ыңғайлы болса, онда дүкен оған POS-терминал ұсынуы не болмаса QR-кодпен төлеуге ыңғайлы болса, оған да жағдай қарастыруға тиіс. Себебі, бұл нарық. Яғни бұл процедуралардың бәрін нарық реттейді. Мысалы, екі дүкен қатар тұр делік. Бір дүкенде «қолма-қол ақшаны ғана қабылдаймыз» деп талап қойып отыр. Ал екінші дүкен керісінше азаматтардың төлем жасауына барлық жағдайды жасап отыр – картамен де, QR-кодпен де және т.б. Енді қолыңызда қолма-қол ақша жоқ, қай дүкенге барасыз? Әрине, картамен, QR-кодпен қабылдайтын дүкенге барасыз. Яғни бірінші дүкен бұл жағдайда табысынан айырылады. Кәсіпкерлеріміз заманына қарай бейімделуі керек, – деп жауап қатты Ерлан Серікұлы.
Салық төлеу – бәріне міндет
«Ауыздықтай» алмай жүрген кәсіп иелерінің бірі – таксистеріміз. Такси қызметінің сапасы, салық төлеуі т.б газетіміздің бір емес бірнеше мақаласына арқау болды. Осы орайда да такси қызметіне қатысты сауалдарымызға да жауап алдық.
Еш жасырын емес, біздің ауданда такси қызметін, яғни жолаушы тасымалымен айналысатын ағайындардың мәселесі де әлі де бір ізге түскен жоқ. Такси жүргізушілері көбіне «өз нәпақамды өзім тауып жүрмін, Үкіметтен көк тиын алып отырғаным жоқ, көлігім сынса, қосалқы бөлшегін өзім алып отырмын, менің берешегім қандай?» дейді. Басым көпшілігі жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген. Бұл декларация, төлем қабылдау мәселесінің таксистерімізге де қатысы бары анық.
Үкіметтен тікелей көмек алмаса да, салық төлемейтін такси жүргізушісі жарық көшелермен жүреді, жылы үйде тұрады, түзу жолмен жүреді, медициналық қызметтерді алады, балалары тегін емделеді, баласы мектепте тегін оқиды, оған қоса еліміздің қауіпсіздігі, шекарасының қорғалуы. Осы шығындардың бәрі қайда кетеді? Егер осының бәріне қаражат болмаса, біз қалай ел боламыз? Азаматтар жеке қалтасының пайдасын емес, ортақ қазынамыздың пайдасын ойлағаны абзал.
Ұлпан Әнуарқызы,
Бөкей ордасы ауданы
zhaikpress.kz