Январцев орта мектебінің оқушылары облыстық, республикалық түрлі байқауларда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Жыл сайын «Алтын белгі» иегерлері түлеп ұшады. Қаншама оқушы мемлекеттік грант ұтып, жоғары білім алуда. Түрлі салада табысты еңбек етіп жатқан мектеп мақтаныштары да көп. Олардың бәрі осыдан қырық жыл бұрын салынған аталмыш білім ұясынан тәлім алды. Қабырғасы қалағаннан бері бірде-бір жөндеу көрмеген мектеп бүгінде күрделі жөндеуге мұқтаж.
Бұл туралы Январцев ауылында өткен депутаттармен кездесу кезінде кеңінен сөз болды. Жиынға аудандық маслихат төрағасы Нұрлыбек Хайруллин, ауданымыздан сайланған облыстық мәслихат депутаты Есен Сүндетов, аудандық мәслихат депутаты Армат Бисенов қатысты.
Жиынды ашқан аталмыш ауылдық округтің әкімі Абылай Жұмағалиев мәртебелі меймандарға «қош келдіңіздер» деп айтқан соң, мұндағы өзекті мәселенің бірі болып табылатын Январцев орта мектебі ғимаратының тозғандығына тоқталды. Нақтылап айтқанда, қыста суық, көктем-күзде төбесінен су ағатын білім ұясына округтің алты елді мекенінен қатынап оқитын шәкірт аз емес. Жалпы мектепте 200-ден астам бала оқыса, 100-ге жуық адам қызмет етуде. Қабырғасынан сыз өтіп, төбесінен су тамшыласа да мұнда білім сапасы жоғары. Оқушылар білім, өнер, спорт бойынша сайыстардан жүлдесіз қайтпайды. Яғни мұғалімдер мен оқушылар өздеріне жүктелген міндеттерді мінсіз орындауда. Ал оларға қажет жағдай жасау жағы кемшін болып тұрғаны бүркеуге келмейтін шындық.
Кездесуде сондай-ақ ауыл тұрғындарына арнап спорт алаңын салу, жас мамандарды үймен қамту, қоғамдық кеңес құру мәселелері де айтылды.
Өз кезегінде сөз алған аудандық маслихат төрағасы осынау кездесу ҚР “Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңына және маслихат регламентіне сәйкес қолға алынып отырғанын жеткізді. Көтеріліп отырған мәселелер орынды екенін айтып, оларды шешу бағытында жұмыстанатын жеткізді.
Жалпы сұрақ-жауап арқылы өрбіген кездесу барысында тұрғындар тарапынан қойылған сауалдарға депутаттар егжей-тегжейлі жауап берді.
Айсұлу Қоңырова,
Январцев ауылдық округі