26.01.2024, 10:30
Оқылды: 62

Бәйтерек ауданы: саябақтар мен тынымбақтардың, балалар ойын алаңдарының құжаттары жоқ

    Бәйтерек ауданының ауылдық округтерінде осыдан біраз жыл бұрын салынып, пайдалануға берілген саябақтар мен тынымбақтардың, балалар ойын алаңдарының құжаттары жоқ. Нақтылап айтқанда, аталмыш нысандардың мемлекеттік актілері, техникалық паспорттары алынбаған.

IMG_20240126_111103_269

         Бұл туралы Бәйтерек ауданы әкімдігінде өткен кеңейтілген кеңес барысында айтылды. Аудан әкімі Марат Тоқжановтың төрағалығымен болған жиынға облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттары, ауылдық округтердің әкімдері, бөлім басшылары қатысты.

IMG_20240126_111114_862

         - Ауданды әлеуметтік-экономикалық дамыту, тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсарту бағытында атқарушы құрылым өкілдері, депутаттар, кәсіпкерлер болып бірігіп былтыр атқарған жұмыс тарих қойнауына енді. Енді басталып жатқан жаңа жылымыз бізге жаңа міндеттер, жаңа жұмыс жүктеп отыр. Соған орай алдағы уақытта бәріміз бірге еңбек етеміз. Сөздің шыны керек, арамызда былтыр өз міндеттемелерін тиісті деңгейде орындамаған мемлекеттік қызметкерлер де бар. Олар биыл мұндай олқылықтарға жол бермейді деп сенеміз. Жалпы тұрғындар тарапынан көтеріліп отырған мәселе аз емес. Олар өз шешімдерін табуда. Арасында шешіміне уақыт талап етілетіндері де кездеседі. Биыл аудандық мәслихат депутаттары барлық ауылдық округта болып, тұрғындармен кездесіп келді. Елді мекендерде қандай өзекті мәселелер бар екеніне, оларды шешу жолдарына жіті назар аударды деп ойлаймын. Менің орынбасарларым да ауылдарда болып, шешімін таппай келе жатқан түйіткілдерге зер салды. Енді біз осылардың бәрін жинақтап, оларды жүйелі түрде шешудің жолдарын қарастыруымыз керек. Жалпы біздің жұмыста ұсақ-түйек деген болмауы тиіс. Себебі, бүгін ұсақ-түйек болып көрінгенімен, ертең ол өзекті мәселеге айналуы ғажап емес, - деді Марат Лұқпанұлы.

IMG_20240126_111122_694

         Жиында негізгі баяндаманы аудандық мәслихаттың төрағасы Нұрлыбек Хайруллин жасады. Төраға сөзіне қарағанда, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі бақару туралы» Заңына және мәслихат регламентіне сәйкес аудандық мәслихат депутаттары таяуда, яғни 8-15 қаңтар күндері ауылдық округтерге шыққан.

- Ауылдарда өткен есептік кездесулер барысында депутаттар былтыр атқарылған жұмыс туралы есеп берді. Азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Кездесулер барысында ауылдағы ағайыннан 159 сауал мен ұсыныс түсті. Бұлардың бәрі ескеріліп, аудын әкімі аппаратына берілді. Тұрғындар тарапынан көтерілген өзекті мәселелер негізінен білім, мәдениет, медицина, спорт, коммуналдық салаларға қатысты. Мәселен, білім саласында кейбір мектептер тиісті фильтрлердің болмауы салдарынан таза суды тұтына алмай отырса, енді бірінде спорттық құрал-жабдықтар жетіспейді. Былтыр ауданда жаңа мектептер пайдалануға берілгені белгілі, алайда олардың іші салқындау. Одан бөлек, бұл білім ұяларының құжаттары жасақталмаған. Мәдениет саласында Чиров, Володар ауылдарында клубты, кітапханаларды жөндеу - өзекті мәселелердің қатарында. Ал Егіндібұлақ ауылдық клубы күрделі жөндеуден өткенімен, сот үдерісіне орай әлі де пайдалануға берілмей тұр. Кейбір ауыл әкімдері спорт, ойын алаңдарын салуға қаржы сұрайды, - деді Нұрлыбек Қажымұратұлы.

- Алайда сол елді мекенде қанша адам спортпен айналысуға ынталы немесе қанша бала ойын алаңына келуі мүмкін екенінен хабарсыз. Яғни аталмыш нысандардың сол елді мекенге қаншалықты қажеттілігі барын ескермейді. Осы жерде тағы бір айта кетер жайт, тұрғындар тарапынан біраз ауылда балабақша жетіспейтіні, кейбірінде тек түске дейін жасайтыны туралы мәселелер көтерілді. Мектепке дейінгі ұйымдар ғимараттарының арасында жөндеуді қажет ететіндері жоқ емес. Жасалған талдау нәтижелері көрсеткендей, ауыл әкімдері тарапынан округтің әр елді мекенінде жыл сайын қанша сәби дүниеге келетіні, алдағы уақытта оларға балабақша мен мектептен қанша орын керек болатындығы бағытында тиісті жұмыс жүргізілмейтіндігі байқалды, - деді мәслихат төрағасы.

         Жиында сондай-ақ ауылдардағы ұялы байланыс, интернет сапасы, электр желілері, бағандардың тозғандығы, зират, мал моласы, қоқыс полигоны, бұралқы иттер, қоғамдық қауіпсіздік туралы сөз болды. Бұл түйткілдердің туындауына не себеп болғандығы, оларды шешуі жайы туралы аудан әкімінің орынбасарлары, тиісті сала басшылары мен ауыл әкімдері баяндады. Аудан әкімі жиында көтерілген әр мәселені шешуге нақты мерзім белгілеп, олар жіті назарда ұсталатынын атап өтті.

Серік Маратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале