Бүгін Жәнібек аудандық «Жәнібек» спорт клубындағы спорт кешенінде яғни, мұз айдынында хоккейден ерлер арасында аудандық чемпионат өтті. Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов қатысты.
- Аудандағы спортшылардың қарқыны мықты. Әрдайым жеңіс туын желбіретіп, таңдай қақтырып келеді. Жылдың әр мезгілінде салауатты өмір салты насихатталады. Спорт кешенінде ашылған мұз айдынында хоккейден сынға түсетін қатысушыларға сәттілік тілеймін! - деді.
Содан соң командалар Гимн шырқап, қызу дайындыққа кірісті. Жарысқа Ақоба, Күйгенкөл ауылдарынан спортқа құштар жастар, «Замандастар» тобы, Т.Жароков мектебі, М.Ықсанов атындағы колледж, ветеренариялық станция, «Жәнібек» спорт клубы, №1 мектеп-лицейі қатысты. Тартысқа толы доданың мақсаты аудандағы спорт түрлерін дамыту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру болды.
Жарыс қорытындысына келетін болсақ, чемпионатта «Үздік қорғаушы» аталымын Манарбек Сирдешов, «Үздік шабуылшы» аталымын Әділет Рахметтоллаев, «Үздік қақпашы» аталымын Ғаділбек Құбаев жеңіп алды.
Оларды Жәнібек ауылының әкімі Абзал Қаратаев марапаттап, ізгі тілегін білдірді. Жүлделі ІІІ орынды «Замандастар» командасы місе тұтса, ІІ орынға Ақоба ауылы лайық болды. Ал Күйгенкөл ауылының намысын қорғаған команда әдемі ойын өрнегін көрсетіп, жеңімпаз атанды.
Қатысушыларға ақшалай сыйлықтар табысталды.
Райымбек Шапағат,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz