Қазақстанның бірінші, әлемнің 5-ракеткасы Әбу-Даби WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты.
Фото: Елена Рыбакинаның instagram парақшасынан
Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы хабарлады.
Аустралия ашық чемпионатындағы сәтсіздіктен кейін рейтингіде 5-сатыға түсіп қалған Рыбакина үшін бұл жарыс маңызды еді.
Доданың бірінші ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші екінші айналымда рейтингіде 71-орындағы америкалық Даниэль Коллинзбен шеберлік байқасты.
Олар осыған дейін өзара үш рет кездесіп, соның екеуінде Рыбакина жеңген еді.
Бұл жолы Коллинз оңай шағылатын жаңғақ еместігін көрсетіп, бірінші партияда басым түсті — 6:4.
Есесіне екінші сетте Елена есе қайтарды — 6:3.
Үшінші, шешуші партияда қазақстандық спортшы жеңісті жұлып алды — 6:3.
Екі сағат 20 минутқа созылған тартысты матчта Рыбакина 3 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың алтауын пайдаланды.
Елена Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 74-ракеткасы, Испания өкілі Кристина Буча немесе рейтингіде 156-сатыдағы британиялық Хитер Уотсонның біреуімен кездеседі.