7.02.2024, 17:35
Оқылды: 106

Қыз тәрбиесі – ұлт  тәрбиесі

Бүгінгі жастардың бойына сіңіп, әдетіне айналып бара жатқан ұлттық тәрбиенің кемшін тұстарын көргенде, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?!» деген аталы да азаматтық сөзі тіліме жиі оралатын.  Осындай жаным құлазып жүрген шақтардың бірінде ауылымыздың ақсақалы, Жаңақаланың Құрметті азаматы Айтуған Ғайнеденұлы маған қоңырау шалып, «Ақбикештің қырық жосығы» деген шығарманы оқуымды ұсынды. «Бүгінгі жастардың тәрбиесі мені қатты алаңдатады. Ақылы елден асқан Ақбикештің жазбасы негізінде  ұлт тәрбиесі туралы жазылу керек», - деген өтінішін жеткізді. Бұл ұсыныс менің жанымды жадыратып, ойыма шабыт беріп, қолыма қалам алғызды.

Қыздарымыз қылықты болсын,

Ұлдарымыз ұлықты болсын, - деген ақ жарма тілектің астарында үлкен тәрбие жатыр. Ұлдың ұлықты болуына да қыздың қылықты болуының септігі тиері хақ. Себебі, қылығымен бойындағы тәрбиесін көрсетіп, өзін сыйлата алатын қыздың жанынан ұлықты ұлдың табылары да анық. Сондықтан қыз баланың тәрбиесі қоғамда үлкен мән берер мәселе болуы керек. Қазақта «Еркектің басын төрге жеткізетін де, көрге жеткізетін де – әйел», - деген сөз тағы бар. Осындай зор қасиетке ие ақылды әйел тәрбиелі қыздан өсіп, жетіледі. Демек, әр шаңырақта гүлдей құлпыра өсіп келе жатқан қыздарымыз ертеңгі күні елдің тұтқасын ұстар азаматтарға мықты қолдау көрсете алатын ақылды жар болуы үшін үлкен тәрбие мектебінен өткені жөн.

ЖП этнофестиваль (1)

Көрнекі фото

Бұрында ... деп сөз бастасам, өткенді көксегендей боламын, дегенмен, «өткенсіз бүгіннің, бүгінсіз ертеңнің болмайтыны» секілді, өткеннен үлгі алмасқа тағы болмайды. Көпті көрген кәрі кұлақ көне көз қарттардың айтуына қарағанда, әділдігімен он екі ата Байұлын, қала берді Кіші жүзге қарасты алты аталы әлім мен жеті аталы Жеті  руды өгізге мініп жүріп аузына қаратқан, теңдесі жоқ дара, әйгілі Бөкен бидің әрі сұлу, әрі ақылды әйелі Ақбикеш әйел затына тән көрегенділік, әдептілік, парасаттылық, ұстамдылық, имандылық секілді әдет – ғұрыптар мен жөн-жосықтарды қатты ұстанып өткен жан екен. Оның қалдырған «Қырық жосық» аталатын жосықты әңгімелерінің қазіргі әйелдердің, оның ішінде жас келіншектер мен бойжеткен қыздарға берер үлгі-өнегесі мен тәлім-тәрбиесі мол.

Ақбикеш сұлу өзінен кейінгі қыз-келіншектерге «Дәрет – әйелдің ажары. Дәретпен жүретін әйелдің ойы да, бойы да таза болады» , -деген ой тастаған. Сонымен қатар, басына ақ орамал салған әрбір әйел қазанға ас саларды «бисмилләҺи» деп айту керек. Себебі онсыз астың дәмі кіріп, тұзы татымайды,-  дейді .Осы сөздерді оқып отырып, өзім де таң қалдым, кішкене күнімде әжем «не іс бастасаң да « бисмилләһи» деп баста, ол сөзден шайтан қашып, ісің адал болады» - дейтін еді. Ойға салған жан үшін бұл сөздердің жаны бар секілді.

Алыс жолға аттанып бара жатқан адамды қақпаның алдына дейін шығарып салып, артынан қол бұлғап қарап тұру – көп адамның әдеті екені рас. Ақбикеш Бөкен бидің ер – тұрманы мен құрал-саймандарына қолын тигізбейді екен, жол жүріп бара жатқанда сыртқа шығып, оның артынан қарап тұруды жөн санамаған, өйткені ер адамның жолы болмай, қауіп-қатерге ұшырауы мүмкін, - дейді.

Қыз күнінен Ақбикештің отырғаны мен тұрғаны да ерекше көзге ілініпті. Ол сызылып отырып, сызылып тұрады екен. Оның отырғаны сырт қараған адамға аққу құстың көлге қонғанына ұқсаса, тұрғаны, аққудың көлден көтерілгеніне ұқсапты. Ол артына «қыз бала отырысынан танылуы керек» деген сөз қалдырған. Сонымен қатар қыз баланың табалдырыққа, босағаға, есіктің көзіне отырғанын жаман ырымға балап, үнемі ескертіп отырған. Күлгенде сәл езу тартып, көзімен күледі екен, Ол «дауыс шығарып күлу – әйел затына жараспайды», - дейді.

Қыз бала төсекке жатқанда бір қырынан жатуы керек.

«Шалқасынан жату – шайтанның жатысы» деген сөз де Ақбикеш сұлудан қалған.  Әйел затына кекірік атып, тоя тамақ ішу де жараспайтын қылық. «Әйел түлкі құрсақ болып жүру керек, әйелге сол жарасады», - дейді екен.

«Киімнің жеңін кимей, желбегей жамылу әйелге үйлеспейді, олай жүру шайтанның ісі», - деген ойы да бар. Бұл – киімді желбегей жамылуды трентке айналдырып, сәннен қалмаймын деп жүрген қыз-келіншектердің құлағына алтын сырға болар сөз.

Қыз балаларға жағын таянып отыру мен бүйірін таянып тұру да – әбес қылық. Ақбикеш:

«Ондай қыз-келіншектер түптің – түбінде жағы мен бүйірін таянып, жалғыз қалады», - деп айтып кеткен.

Иә, бүгінгі қыз балаларды арлы, ұятты, ақылды етіп тәрбиелеу арқылы ұлтымыздың болашағын тәрбиелеп жатқанымызды әсте естен шығармағанымыз жөн. Белуарына түскен қолаң шашын төгілдіре жайып, заманауи үлгіде киінген қазақ қызының бүгінгі келбеті көңілге кірбің ұялататыны рас.

Алайда «заманына қарай адамы» деген, қанша жерден қиналсақ та, заман көшіне ілескен жастарды жолынан қайыру – қиын мәселе. Алайда,  ұлтымыздың ұсақталмай, ұлық болуы үшін қыздарымыздың етек – жеңін жинап, ұрпағымызды «баланы бастан» деген қағидамен қанаттандыруымыз керек. Кешегі қол бастаған батыр да, сөз бастаған шешен де, көмейінен келелі кеңес төгілген көсем де анадан туған. Жаңа Қазақстанның жалауын желбіретер азаматтарымыздың намысты, жігерлі, айбатты болуы – ұлттық ертеңін ойлар ақылды қыздарымызға байланысты.

Рая Жұмағалиев,

Жаңақала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале