Шығыс Қазақстан облысына қарасты Ұлан ауданы Бозанбай ауылында өтіп жатқан 2024 жылға арналған құсбегіліктен ересектер арасындағы XVII ҚР чемпионатында жеңімпаздар белгілі болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Фото: Ұлттық спорт қауымдастығынан
Бүркітшілер арасында 1-орынды Атырау облысының бүркітшісі Абдулкаримұлы Сармат жеңіп алса, 2- орынды Алматы облысының бүркітшісі Сейітжан Аян иеленді.
Үздік үштікті тағы бір атыраулық бүркітші Арман Кушкаров қанжығасына байлады.
Қаршыға сайысында бас жүлдені Түркістан облысының құсбегісі Базарбаев Ибрагим, 2-3- орындарды сәйкесінше Алматы облысының құсбегілері Мұрат Кодеков пен Сағыныш Байетбай қанжығасына байлады.
Ителгі сайысынан Қарағанды облысының құсбегісі Таңат Оспанқұлов бас жүлде алды.
2-орынға павлодарлық Ермек Иманзайып ие болды.
Ал 3-орынды Түркістан облысының құсбегісі Дәурен Аршабай мен қарағандыдық Темірәлі Төлегенұлы өзара бөлісті.
Ұлттық спорттың бұл түрі алдағы қыркүйекте Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойынының спорт бағдарламасына енген.
Жалпы сайысқа еліміздің 12 облысынан 59 бүркіт, 14 қаршыға, 21 ителгі әкелінген.
Чемпионатқа еліміздің 10 облысынан және 2 қаладан 100-ге жуық құсбегі қатысты. Тіркеуден 61 бүркіт, 21 қаршыға, 14 ителгі өтті.
Жеңімпаздар арнайы кубок, диплом, медальдармен және түрлі қаржылай сыйлықтармен марапатталды.