13.02.2024, 22:55
Оқылды: 125

Казталовта ақын Сәуле Зайдағалиқызының шығармашылық кеші өтті

Бүгін Казталов ауданы орталығындағы С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығының аудандық мәдениет үйінде Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі», Қазақстан Республикасы «Үздік мемлекеттік қызметшісі» төсбелгілерінің иегері, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын Сәуле Зайдағалиқызы Қарабалинаның мерейлі жасына орай «Жайығым – құтты мекенім!» шығармашылық кеші өтті.

image-13-02-24-09-05

Халқымыздың киелі қазынасын терең ұғынып, тарихымызға көз салсақ Казталов өңірі қазақ даласында маңдайы жарқырап ерекшеленген бір туар тұлғалармен дараланып тұрады. Сондай жандардың бірі Сәуле Зайдағалиқызы Қарабалина. Әрбір адамның өзіне тән ғұмыр жолы, тіршілік баяны бар, бірақ, еткен еңбек, көрген бейнет, алған асу, жеткен биік әркімнің өмірінде әрқилы. Оны сырт көз өздерінше бағалап жатады. Сондағы жалпының іздейтіні біреу: ол – кісілік келбет, азаматтық тұлға осындай қасиетімен өзінің өнегелі өмірінде сыйластық пен достықтың ұлағатын ұлықтап, үлкенге құрмет, кішіге ізет болар ұлттық дәстүрлерді үкілеп жүрген Сәуле Зайдағалиқызы деп айтар едік.

Өнегелі өмірін ұстаздық қызметтен бастап, бойындағы таланты мен талабын ұштастыра білген аяулы жан киелі өнердің қасиетін бойына сіңіріп, еліміздің, өңіріміздің мәдениетінің дамуы жолында аянбай еңбек етуде.

image-13-02-24-09-05-3

Құрметке лайық жанның кеші өтуіне Казталов ауданы әкімі Асланбек Ахметоллаұлы Сарқұлов бастаған жерлестері мұрындық болса, ақынды қолдап Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның директоры Асхат Тарасұлы Қажығалиев, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» Роза Жақияқызы Исатаева, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Парасат» орденінің иегері. Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының артисі, еңбек ардагері Сердеш Қажымұратұлы Қажымұратов, білім саласының ардагері Айжан Кенжебекқызы Сүлейменова, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі», еңбек ардагері, әнші-композитор Гүлбаршын Құмарқызы Қасиетова, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші-композитор Баян Құбайқызы Қабиева, Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының актрисасы, Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі» Анаргүл Амангелдіқызы Құсайынова, жерлестеріміз, белгілі меценаттар ағайынды Асқар, Нұрлан, Ақылбек, Абзал Сыралиевтер кешке қатысты.

Кеш шымылдығы Сәуле Зайдағалиқызының жас ұрпаққа үлгілі өмірдерегі туралы бейне ролик көрсетіліп,«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегеновтің орындауындағы «Жайығым - құтты мекенім» әнімен ашылды. Сонымен бірге Еркін Сәуле Зайдағалиқызына деген ықласын білдіріп, ақынмен бірге жазған «Жайнасын өмір», достарының құрметіне Баян Құбайқызының «Достарыма» әнін шырқаса, жұбайы Зоя Қуанғалиевамен бірге «Егіз жүрек, бір тілек» әнін тарту етті.

Сәуле Зайдағалиқызы мәдениет саласында атқарған өлшеусіз еңбегімен қатар туған елдің әсем табиғаты мен сезімге жетелейтін лирикалық және патриоттық 50-ден астам әндердің сөзінің авторы. Ақынның шабытынан туған жыр жолдарына Ақжайықтың біртуар сазгерлері ән жазып, өңіріміздің танымал да талантты әншілері талай сахнадан әуелете шырқап жүр.

Кеш көркі қонақтардың әдемі лебіздерімен қатар ақынның еліне арнап жазған тамаша әндермен қыза түсті. Сахна төрінен Оралхан Ерғалиев «Туған өлкем», «Жәнібегім», «Қоштасқым мәңгі келмейді», Кеште аудандық балалар саз мектебі жаныдағы вокалды-аспапты ансаблі Сәуле апамыздың туған жерге деген сағынышын білдірген «Туған жер» атты әнін шебер орындаса, Бірік жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Назерке Қайыржанова арнауын оқып, көрерменнің ыстық ықыласына ие болды. Сонымен қатар Сәуле Зайдағалиқызы қызмет жасаған Алма Оразбаева атындағы білім ордасының ұстаздарынан құрылған хор «Алма мектебі» әнін орындап, өткен жылдар естелігін парақтап шыққандай әсер берді. Өмір өрнектері суреттелген «Өмір» атты әнді Гауһар Мерғалиева шырқап, ақын өміріне сарап шектірді.

Кеш шырағын жерлесіміз, жезтаңдай әнші Наргиза Сүлейменова Гүлбаршын Қасиетованың «Әжібайым», Райымбек Самиғоллиннің «Ауылдың адамдары» әндерімен жақты.

Кешке екінші дем беріліп, Сәуле Зайдағалиқызының шашбауын көтеріп келген Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония ұжымы жалғастырды.

image-13-02-24-09-05-2

Сәуле апамыздың екі бірдей бауыры ұшқыш атанып, еліміздің әуе кеңістігін бағындырса, Мақсат Жәутіковпен бірлесе ол «Ақтөбе әуе қырандары» әнін жазған болатын. Аталмыш әнді кеште «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жерлесіміз Айбар Хайырханов әуелете шырқады. Айбар сахнада жерлес композитор Әділбек Сүлейменовтің әніне, Сәуле Зайдағалиқызының сөзіне туындаған «Спортшылар әнін» орындап, жерлестерін жігерлендірді.

Кеште тағы бір жерлесіміз, танымал әнші Альберт Ғазизжанов Өтеген Шоқпановтың «Отты жылдар», «Болмасын соғыс» әндерін айтып, аталар ерлігін дәріптеді.

 

Кеште Сәуле Қарабалинаның сөзіне жазылған Райымбек Самиғоллин «Анашым менің» әнін Республикалық байқаулардың лауреаты Аяна Қажымова, Гүлбарам Акишеваның «Әкеме» әнін Халықаралық байқаулардың лауреаты Дархан Құлбабаев нақышына келтіре шырқап, көрерменнің көзіне жас үйірді. Қазақстан Республикасы «Мәдениет саласының үздігі», Қазақстан композиторлар Одағының мүшесі Қуаныш Қисметовпен бірге Сәуле Қарабалина біраз әндерді тудырған болатын. Кеш барысында екеуі жазған «Қорғанымсың» әнін Раушан Қуанышалиева көрерменге жолдады. Кешке арнайы келген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанованың орындауындағы ақының өз сөзіне жазылған «Бір қызың келді ауылға» және Дархан Құлбабаевпен бірге дуэт Жаскелең Ғайсағалиевтің «Біз біргеміз» әні жиналған көпшілікке ұнады. Кеш нүктесі Сәуле Қарабалинаның сөзімен сомдалған «Қазақстан» әнімен аяқтады.

image-13-02-24-09-05-1

Кеш соңында сөз алған Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Сәуле Зайдағалиқызын құттықтап, кеш иесінің қазақ эстрадасына, қазақ өнеріне үлес қосып жүргенін атап өтіп, ел атынан алғысхат табыстады. Сондай-ақ кешке келген ақын түлеп ұшқан және қызмет жасаған білім ордалары атынан құттықтаулар жауды.

Өнер кеші жоғары деңгейде өтіп, Өнердің Сәулесі, Сезімнің сәулесі екенін дәлелдеген Сәуле Зайдағалиқызы барлық ұйымдастырушылар мен қолдау білдірген өнерпаздарға, кешке келген жерлестеріне шынайы алғысын білдірді.

Гүлнұр Бөлешова,

Казталов ауданы

 zhaikpress.kz 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале