14.02.2024, 13:00
Оқылды: 69

БҚО-да ауыл әкімі боранда адасқан ауылдасын тауып алды

Ақпанның 6-сынан 7-сіне қараған түні ақырған боран тұрды. Сағат 23:00-ге жақын Сырым ауданы Жосалы ауылдық округінің әкімі Батырғали Иманқұловқа боранда адам адасып кеткендігі туралы хабар түсті.

Оқиға былай болған. Сырым ауданы Жосалы ауылдық округі Кеңащы елді мекеніндегі «Көгеріс» шаруа қожалығында қызмет жасайтын 46 жастағы азамат кешкі сағат 21:00 шамасында трактор жүргізіп Қоңыр ауылына қарай жолға шықты. Кеңащы мен округ орталығының арасы 15 шақырымдай. Ақтүтектен айнала түгілі, аяқ асты көрінбейді. Қарға адым жер мұң.

Ақыры тракторды түзу жолдан түсіріп, қапталдағы қарға белуардан батырды. Сүйреп, демеп жібермесе, техника өзін жұлып алуға дәрменсіз болып қалған. Не істемек керек? «Мына тұрған жер ғой! Не де болса, ауылға жетіп алайын!» деген жүргізуші, тракторын тұрған жерінде қалдырды да, әрі қарай жаяу жүруге бекінді. Жүріп келеді, жүріп келеді. Сағаттан астам уақыт өтті. Ендігі Қоңырдың жарығы көрінетін уақыт болды. Жылт жоқ.

Адам адасып кетті деген хабарды алған округ әкімі Батырғали Иманқұлов дереу әрекетке көшті. Әкімдіктің «УАЗ-ының» бауыры қарға кептетіліп, ауылдан ішінен ұзай алмағасын, жолға трактормен шықты. Жердің бедерін, жолдың ыңғайын таниды деген Бейбіт Бақтығұлов, механизатор Жақсығали Рамазанұлы және ауыл әкімі трактормен ілбіп келеді. Ат құлағы көрінбес боран, жолды бағдарлау мүмкін емес. Кері қайтуға жол жоқ, арғы жақта бір адамның тағдыры тұр.

Снимок экрана (7)

Фото видеодан кадр

- Жәке, тоқта! Мен трактордың алдындағы айырға мініп, жолды айтып тұрайын! Солай етпесек, жүрісіміз өнбейді. Үскірік өткір. Ауылдасымызды тезірек табуға тиіспіз! – деп шалт шешім қабылдады Батырғали.

Сөйтіп, ауылдың әкімі «Белорусьтың» айырына қонып, жоқшылар алға жылжыды.

Құдай оңдағанда, адасқан адам ұялы телефонмен байланысқа шықты. Жол бойындағы бағаналардың біріне соқтығыпты:

- Бағананың маңынан ұзамаңыз. Қай тұста екеніңізді шамалағандаймын. Біз келе жатырмыз. Айналадан жарық көрінгенін күтіңіз, – деген Батырғали Иманқұлов ауылдасының «ҚазСуШар» РМК-ның Кеңашы су кен орынына қарай электр қуатын тартқан темірбетон тіреулердің тұсында тұрғанын бірден түсінді.

10 минуттық жерді 2 сағаттай кезген трактордағылар ақыры адасқан адамды тауып, алып шыққан ыстық шайларын беріп, кері Қоңырға қарай шықты. Айырдың басында – әкім.

Біздіңше, Батырғали Иманқұлов секілді әкімнің осы жанкештілігі халықтың мемлекет қызметке деген құрметін, сенімін арттырғандай. Ісіне адал, жұртына жанашыр ауылдасы жайлы Әскербек Нұрмұханов:

- Адасқан ауылдасымызды әкіміміз Батырғали Иманқұлов трактордың кунына (жүк көтеретін агрегатына) отырып жол көрсетіп жүріп, іздеп тауып алған. Жартылай тоңған адамды ажалдан құтқарып қалған інімізге үлкен ризашылық білдіреміз. Төтенше жағдайда өзінің емес, өзгенің өмірін бірінші кезекке қойған Батырғали Рамазанұлы секілді азаматтардың әкім болуы дұрыс қой! – деп жазды желідегі парақшасына.

IMG_7718

Айта кетейік, Батырғали Рамазановты жосалылықтар 2021 жылы округ әкімі етіп сайлады.

Бауыржан Ширмединұлы,

Сырым ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале