Бүгін аудандық «Жәнібек» спорт клубында «ALEM CUP» мекеме қызметкерлері арасындағы футзалдан аудандық турнирдің ашылу салтанаты өтті.
Тартысты доданың мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау, спорттың бұқаралық сипат алуына жол ашу және шағын футбол спортын дамыту, мекеме қызметкерлерін спортқа шақыру. Ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов, аудан әкімі аппаратының басшысы Бекежан Шарафутдинов, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, спорт және дене шынықтыру бөлімінің басшысы Нұрболат Садырбаев қатысты.
Қатысушылар таныстырылғаннан соң мемлекеттік Гимн шырқалды.
Жақсылық Каримоллаұлы былтыр жоғары деңгейде өтіп, дәстүрге айналған турнир туралы сөз қозғап, сәттілік тіледі. Сонымен қатар аталған доданың бастау алуына зор үлес қосқан әрі турнирдің демеушісі Есенжан Елемесовке алғысын білдірді.
Иесін тапқан алғыстан кейін аудан өнерпазы Жеңісбек Жүсіпов ән шырқады. Турнирде аудан әкімдігі, аурухана, шекара, полиция бөлімі, мәдениет қызметкерлері, балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Т. Жароков атындағы мектеп, №1 мектеп-лицейі, М. Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі, «Альянс», «Құтқарушылар», «Жәнібек СК» командалары мен жеке кәсіпкерлерден құралған топ бақтарын сынамақ. Турнирдің алғашқы күніндегі ойын «Альянс» пен «Жәнібек СК», күштік құрылым мен балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, Т.Жароков атындағы мектептің 1-командасы мен жедел жәрдем командалары арасында өтеді.
Райымбек Шапағат,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz