Жыл сайын Рамазан айында ораза ұстайтын оқушылардың қатары артып келе жатқанға ұқсайды. Оны ораза кезінде дәмханада ауыз ашып отырған жасөспірімдерден айқын аңғаруға болады. Қаламыздағы мектептердің бірінде 9-сыныпта оқитын соңғы жылдары ораза ұстап жүрген екі жеткіншекті әңгімеге тарттым. Олардың бірі төрт жыл, екіншісі үш жыл қатарынан ауыз бекітіпті. Екеуі де оразаның барлық шарттарын ұстауға тырысады екен. «Ораза кезінде тек ауызды тыйып қана қоймай, құлақ пен көзге де тыйым жасап жүрміз» деді. Алғашында аздап қиналған. «Бірақ ниетпен ұстаған соң, қиындық түк сезілмейді. Болашақта намаз оқығымыз келеді» дейді екі дос. «Оразаны не үшін ұстайсыздар?» деген сұраққа Бекбол: «Құранда адамның 10 жасынан бастап күнәләрі есептеледі. Сол себепті балиғат жасына толған жасөспірім ораза ұстағаны жөн» деп жауап берді. Ұстаздарының айтуынша, ораза кезінде екеуі де сабақтан қалмай, тапсырманы орындап жүреді екен.
Фото: istockphoto
Тағы бір әке өткен жылы қызының өз еркімен ауыз бекіткенін айтты. Ерке қыз екі-үш күн ұстап, әрі қарай шыдай алмайтын болар деп ойлапты ата-ана. Алайда 10-сынып оқушысы ораза аяқталғанша сыр бермепті. Әрі ата-анасы қызының бұрынғыдай көп ашуланбай, кез келген нәрсеге күйгелектенбей, сабырлы бола бастағанын байқаған. Алғашында күліп, қызына күмәнмен қараған ата-ана қазір ораза айында барлық ережені ұстап, барынша дәрумендермен қамтылған ас дайындап бергенін тілге тиек етті. Тіпті арасында сыралатып келетін әкесі қызының Құдайға құлшылығына құрметпен қарап, ораза кезінде сыраханаға мүлдем бармағанын ақтарыла әңгімеледі.
«Оқушылардың ораза ұстағаны дұрыс па?» деген сұрақпен біз теологтарға хабарластық. Дін мәселелерін зерттеу орталығы, ақпараттық түсіндіру жұмыстары бөлімінің басшысы Бағдат Адайханның (суретте) айтуынша, балиғат жасына толған, денсаулығы жарамды, ақыл-есі түзу адамдар ораза ұстауға міндетті.
Балиғат жасына толған адамға – ораза парыз
– Мемлекетіміз зайырлы болғандықтан, әр адам қай дінді ұстанғысы келсе де өзі біледі. Егер Ислам дінін ұстанғысы келсе, оның рәсімдерін орындауға құқылы. Дін істері басқармасына қарасты дін мәселелерін зерттеу орталығының теологтары Орал қаласындағы, ауылдағы мектептерді жылына екі рет аралап, мектеп оқушыларымен кездесеміз. Сол кезде осы мәселе жиі көтеріледі. Ораза – бес парыздың бірі. Сондықтан оқушы, зейнеткер екенсің деп парыз мойнынан түсіп қалмайды. Егер денсаулығы жарамды болса, парызды орындауға міндетті. Денсаулығында кінәраты бар, сәби көтеріп жүрген әйелдерге, дәрі ішіп жүрген адамдарға ораза ұстамауға рұқсат етіледі. Бірақ олар бәрібір фидия шартын өтейді. Мектеп оқушыларына ораза ұстау туралы барынша түсінік жұмыстарын жиі жүргіземіз. Егер ораза оқушының денсаулығына, сабақ үлгеріміне зиян тигізбесе ұстауға болады. Ал ораза ұстаймын деп, сабаққа келмей, үлгерімі төмендеп, қиындықтар тудырса, ұстап қажет емес. Ораза қандай парыз болса, білім алу да парыз. Сондықтан бір парызды орындаймын деп, екінші-сін жіберіп алуға болмайды. Өкінішке орай, оразаның мәнмағынасын түсінбей, қызық көріп, сән үшін ұстайтын жастар да кездеседі. Бұл дұрыс емес. Зайырлы мемлекетте кәмелет жасы деген бар ғой. Сол сияқты шариғатта балиғат жасына толған ақыл-есі дұрыс адамдарға ораза ұстау парыз, – дейді теолог Бағдат Адайхан.
Қазіргі күнде «Жас жеткіншектердің ораза ұстауы дұрыс па?» деген сұрақ қызу талқылануда. Бұл сұраққа қатысты пікір де сан алуан. Мамандардың айтуынша, балалардың ересектерден айырмашылығы, олардың ағзасы енді қалыптасу үстінде. Сондықтан ұзақ уақыт аш жүру қоректік заттардың жетіспеуі, жас ағзаның зат алмасу үдерісін бұзып, баланың өсуі мен дамуын баяулатады екен.
Жас ағзаға зиян
Смарт клиник медициналық орталығының педиатр-гастроэнтерологі Светлана Уразова (суретте) оқушылардың ораза ұстауына қарсы.
– Оның бірнеше себебі бар, – дейді ол. Біріншіден, балалардың ағзасы жетілу үстінде. 13 жастан 15 жасқа дейін-гі аралықта балалардың гармондық жүйесі қалыптасып, түрлі процестер жүріп жатады. Ал осындай кезде ораза ұстау ағзаны күйзеліске алып келеді. Екіншіден, оның мән-мағынасын түсінбей, парыз екен деп, алдымен дәрігерден кеңес алмай, қан талдауын жасамай, асқазан-ішек аурулары бар-жоғын анықтап алмай, балаларына ораза ұстауға рұқсат беру ата-аналардың қателігі болып есептеледі. Өйткені өз тәжірибемізде ораза ұстап ауырып келген немесе ұстай алмай жартылай бұзып жіберген балаларды көріп жүрміз. Әлі толық жетіліп үлгермеген жас ағза тамаққа шыдаса да, суға шыдай алмайды. Өйткені түрлі процестер жүріп жатқан ағза суды қажет етеді. Балаларда сусыздану болмау керек. Ораза ұстап жүрген оқушы үлкендермен отырып тамақтанса бір сәрі, өздері жастар болып, көбіне жылдам дайындалатын, ішінде қоспасы бар майонез, кетчуп қосылған тіскебасарлар жеп, газды сусындарды ішетінін байқап жүрміз. Бұл бізді қатты алаңдатады. Сондай-ақ асқазан-ішек жолдарының ойық аурулары 7-18 жас аралығындағы балаларда көп кездеседі. Мұның себептері неде? Қазіргі күнде оқу бағдарламасының өзгеруіне байланысты балалар дұрыс тамақтанбайтын болды. Сабақтан соң үйірмеге барарда апыл-ғұпыл тамақтанады.
Біртекті тағамдар жейді. Ылғи да пирожки, самса, тәтті бөлкелерді кез келген жерден ала салып, артынан газды сусын ішеді. Оны қадағалайтын ата-аналардың басым бөлігі жұмысбасты. Осылай дұрыс тамақтанбаудың кесірінен балалар арасында асқазан-ішек аурулары көбейіп тұр, – дейді гастроэнтеролог дәрігер.
Соңғы кездері суши тағамдарын жиі қолданып, газды, энергетикалық сусындарды көп тұтынатын балаларда асқазандағы ойық жарамен бірге қан кету, асқыну жиі кездесетін болған. Сонымен бірге балалар арасында қаназдықтың көбеюі де дәрігерлерді алаңдатуда. Ораза кезінде оқушының ерте тұруы, ұйқының қанбауы қаны аз бала болса, жағдайды күрделендіруі мүмкін екенін айтады мамандар.
Оқушының ораза ұстауына әже, ана, дәрігер ретінде қарсы екендігін тілге тиек еткен Светлана Уразова балалардың ауыз қуысы күтіміне мән бермейтінін де айтып қалды. Дәрігердің айтуынша, асқазан-ішек жолдарының ауруы тісті дұрыс күтпегендіктен де болады.
– Балалар ерте жастан тіс күтіміне мән беріп, тамақты әбден ұсақтап, уатып сілекейіне шылап жеуді үйрену қажет. Қазір балалар жылдам тамақтанады. Байқағаным, оқушылардың басым бөлігі оразаны сән үшін ұстайды. Ораза кезінде суши, қытырлақ нан, қуырылған картоп (фри) жеп, ауыз ашатын жеткіншектерді көріп жүрміз. Баласының оразасына жауапкершілікпен қарап, ботқасын дайындап отыратын ата-аналар да сирек. Сондықтан оқушы физикалық тұрғыда толық қалыптасып, ақыл-ойы жетіліп, 15-18 жас аралығында саналы түрде түсініп ұстаса, қолдауға болады. Дегенмен бұл жағдайда да балаға дәрумендік ас мәзірін жасап беру, ата-ананың қатаң бақылауында болу керек, – дейді педиатр-гастроэнтеролог Светлана Уразова.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»