Су ресурстары және ирригация министрлігі егіс алқаптарын суару үшін жерасты суларын пайдалану үлесін арттыруға ниетті.
Бұл туралы министрліктің сайтында хабарланды.
Фотоға түсріген: Мейірбек Тажқұран
Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы саласына тәулігіне 40 мың тоннадан астам су немесе ел аумағында жинақталатын жалпы су қорының 60%-ы жұмсалады. Оның ішінде жерасты суларының үлесі 1,2% немесе тәулігіне 548 тонна.
Бірінші кезеңде экономикалық тиімділігін ескере отырып, жерасты суларының үлесін 10-15% дейін арттыру жоспарланып отыр.
Айта кету керек, Қазақстан аумағында пайдалануға болатын жерасты суының қоры шамамен тәулігіне 43 мың тоннадан артық.
Оның ішінде тәулігіне 19 мың тоннаға жуығын ауыл шаруашылығында тиімді пайдалануға болады.
Суаруға арналған жерасты сулары қорының көп бөлігі Алматы, Павлодар, Шығыс Қазақстан және Жамбыл облыстарында барланған.
«Суармалы жерлердің көлемін ұлғайту үшін су үнемдеу технологияларымен қатар жерасты суларын пайдалану үлесін арттыру қажет. Бұл ретте, шаруашылық-ауыз су қажеттілігі үшін керек жерасты суларының ресурстары ескерілетін болады. Министрлік су үнемдеу технологияларын қолдана отырып, жерасты суларын суару мақсатында пайдаланатын шаруаларға субсидиялар және төмендетілген тарифтер түрінде мемлекеттік қолдау шараларын енгізуді жоспарлап отыр», - деді ҚР СРИМ Жерасты сулары департаментінің директоры Жайық Ерікұлы.