Подстепный ауылында Теректі аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-аналарға «Ашық есік» күнін ұйымдастырды.
Бүгінгі күні мүгедектерге, әсіресе, мүгедек балаларға мемлекет тарапынан қамқорлық мықты. Мәселен, мүгедек балаға жәрдемақы, оны күтіп-бағып отырған анасына немесе әкесіне төлем қаралған. Соңғы жылдары мүмкіндігі шектеулі балаларды инклюзивтік білім беру арқылы әлеуметтік бейімдеу де жолға қойылды. Десек те, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-аналардың денсаулық сақтау, сауықтыру және қолдау сияқты маңызды мәселелерде сұрақтары бар.
«Ашық есік» күніне жиналғандардың дені аналар болды. Шараны ашқан бөлім басшысы Арайлым Тасенова бөлімнің мүгедектігі бар балаларды қамқорлауда атқарып жатқан жұмысы жайына тоқталып, арнайы келген мамандарды таныстырды.
«Ерекше балалардың ата-аналары одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің өңірлік филиалы жетекшісі Оксана Сартаева бірқатар ұйымдастыру шаралары және нәтижелерге тоқталды.
Аналардың көкейінде жүрген, шешімін іздеген сұрақтарға «Теректі аудандық ауруханасы» ШЖҚ МКК дәрігерлік-консультациялық комиссиясы меңгерушісі Еркін Бурабаев Теректі ауданы бойынша РМУ Мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Арман Нұрымов жауап берді.
Әлеуметтік кодекс шеңберінде мемлекеттік əлеуметтік қорғау шаралары жайында айтылған жиында мүгедектігі бар балалардың ата-аналары ақпараттық-консультациялық кеңес алды.
Камелия Өтеу,
Теректі ауданы