18.03.2024, 15:48
Оқылды: 51

Бірлесе қимылдайық

Күннің күрт жылуына байланысты аудан аумағындағы елді мекендерде қар суының алдын алу, су жолдарын аршу, жиналған суды айдау жұмыстары жүріп жатыр. Біз хабарласқан Болашақ, Қайыңды ауылдық округтерінде де аталмыш жұмыстар атқарылуда.

IMG-20240318-WA0059

Қайыңды ауылдық округінің әкімі Айбол Ғұбашев: - Қайыңды ауылдық округі бойынша су басу қаупі жоқ. Мекеме арасында кезекшілік қойылды. Ауыл ішіндегі қар суларын күнделікті жыру жұмыстары жүргізілуде. Тұрғын үйлерге де қардың суынан қауіп төніп тұрған жоқ. Қараөзен өзенінің деңгейі әзірге көтерілген жоқ, өзенде мұз жамылғысы бар. Мұздың қалыңдығы 20-25 см құрайды, - деген хабарды жеткізіп, фото суреттер жолдады.

IMG-20240318-WA0065

Ал Болашақ ауылдық округінің әкімі Артур Берденов те округте қардың суынан қатер жоқ екенін және барлық жұмыстар тиісті деңгейде жүргізіліп жатқандығы туралы ақпарат берді.
Аудандағы қардың суынан қорғану кезіндегі жұмыстар барысында байқағанымыздай, ауыл тұрғындары тарапынан белсенділік төмен. Қар еріп, ауласын су басып қалу қаупі төнген тұрғындар әкімдіктерге хабарласып, көмекке келгендермен бірге қимылдап жатқан жоқ. Егер, үйіңізді су басса, тікелей өзіңіз зардап шегетініңіз белгілі. Ал: «Әкімдік қайда қарап отыр?» демей, әрбір тұрғын көмекке келген азаматтармен бірлесе қимылдаса, дұрыс болады. Бала күнімізде көктемде әрбір көшенің, үйдің тұрғыны өзі шығып, арық, жыралар жыратын еді. Біз де үлкендердің қасынан қалмай, көмектесіп жүретінбіз. Ал қазір бәрі басқаша. Бар жауапкершілікті ақылы қоғамдық жұмыста жүрген азаматтарға артып қойдық.
Құрметті аудан тұрғындары! «Өрт пен су - тілсіз жау» демекші, бәріміз ынтымақтық танытып, бірлесе қимылдайық! Тілсіз жаудың алдын алайық!

Нұр Рахман, 

Казталов ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале