Сырым ауданындағы көктемгі су тасқынына қатысты нақты деректер белгілі бола бастады.
Сырым ауданы әкімдігі ұсынған ресми мәлімдемеге сүйенсек, Жымпиты, Өлеңті және Бұлдырты ауылдары бойынша 402 үй суға кеткен. 1327 адам эвакуцияланған. 302 бас мал қауіпсіз жерге шығарылған. Ұсақ мал басынан шығын бар.
Асау өзен Өлеңті әуелі С. Сейфуллин көшесіне ауыз салды. Жымпиты ауылдық округі бойынша 164 үйге су кірді. Өлеңтіде 52 баспана тілсіз жаудан зардап шекті.
Ал Бұлдырты ауылында 186 тұрғын үй табиғи апаттың залалын тартқан.
Апаттық-құтқару жұмысына 513 адам жұмылған. 45 дана техника мен 4 жүзу құралы пайдаланылған.
Кеше Сырым ауданындағы тасқынмен күрес жұмысымен танысып, халықтың ахуалын білу үшін Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев келді. Өңір басшысы Жымпитыда штаб отырысын өткізді.
Бүгінгі таңда Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов орынбасарларымен бірге Қособа, Сарой ауылдық округтеріндегі ахуалмен танысты.
Бауыржан Ширмединұлы,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz