4.04.2024, 15:15
Оқылды: 91

«Заң бойынша азаматтар әскерден жалтаратын болса, бір жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады»

Еліміздің әр азаматы Отан алдындағы әскери борышын өтеуге міндетті. Сондықтан әр ер-азамат әскерге баруды абыройлы міндет ретінде сезіне отырып, ел алдында берген антты орындайтын үлкен баспалдақ тұрғанын естен шығармауға тиіс. Елімізде 1 наурыздан бастап 18-27 жас аралығындағы денсаулығы жарамды азаматтар міндетті түрде әскерге шақырту алады.

улан жп улан тусирген (2)

Фото: Ұлттық ұланның 5517 әскери бөлімінен

Осы орайда Бәйтерек және Тасқала аудандарының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген бөлімінің бастығы, майор Асхат Нигимовпен тілдескен едік.

- Қазақстан Республикасы Президентінінің 2024 жылғы 1 ақпандағы №443 «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2024 жылдың наурызмаусымында және қыркүйекжелтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақырту» Жарлығына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 15 мамырдағы «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыртуды ұйымдастыру мен жүргізу қағидаларын бекіту туралы» №620 қаулысына, Тасқала ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 19 ақпандағы №34 қаулысына сәйкес мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны жүргізіліп жатыр. Осыған орай 1 наурыздан бастап елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Былтыр Бәйтерек пен Тасқала аудандары бойынша 140 азамат әскер қатарына жолданса, биыл 80-ке жуық азамат әскери борышын өтеуге аттанбақ. ҚР азаматтарына әскери қызмет өткеру мерзімі – бір жыл. Әскерге шақыру SMS хабарламалар немесе үйіне және жұмыс орындарына дербес шақырту қағаздарын жіберу арқылы жүзеге асырылады. Бұл шараларды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып, оның іске асуын қамтамасыз етеді. Ал әскерге шақыру комиссиясын аудан әкімінің орынбасары басқарады. Әскери қызмет және Қазақстан Республикасын қорғау – әр азаматтың парызы мен міндеті. Алайда борышкерді әскерден уақытша немесе тұрақты негізде босата алатын бірқатар жағдай бар. «Әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 35-бабына сәйкес денсаулық жағдайы бойынша мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру комиссия шешімімен бір жылға дейінгі мерзімге шегеріледі. Әскери қызметке жарамсыздығын және уақытша жарамсыздығына әсер ететін аурулардың негізгі тобына ішкі ағзаның дерті, хирургиялық аурулар, көру органдарының індеті жатады. Сонымен қатар «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңның 36-бабына сәйкес азаматтар бейбіт уақытта әскери қызметке шақырудан денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған, жиырма жеті жасқа толған, заңды негiз бойынша мерзiмдi әскери қызметке шақырылмаған, туыстарының бiрi (әкесi, анасы, аға-інілерi немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңiнде қызметтік мiндетiн атқару барысында қаза тапқан немесе бiрiншi немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған, басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткергендер босатылады. Сондай-ақ еліміздің арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер, ғылыми дәрежесi бар азаматтар, тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады. Ал әскерден әр түрлі әлеуметтік немесе жеке басының мәселесі бойынша жалтарғандарға жаза қатаң. Заң бойынша азаматтар әскерден жалтаратын болса, бір жылдан үш жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

Болмаса 1000 айлық көрсеткіштен 3000 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынады. Алайда осы күнге дейін бірде-бір адам осындай ауыр жаза алған жоқ, ірі көлемде айыппұл салынбады. Жастардың көбі заңды тұрғыда жауапкершілік жайынан бейхабар. Осы мәселенің алдын алуға қатысты көптеген іс-шара атқарылды. Оларды әскери пункттерге шақыртып, түсіндіру жұмысын жүргізгеннен кейін әскерге баратындар қатары көбейіп келеді. Бастысы Қазақстанның әр азаматы үшін әскерге бару – азаматтық борыш. Елдің ертеңі – жастар, ел намысын жауға қолдан бермей, Отанға қорған болатын өздеріңіз. Сондықтан барша жасты әскерге баруға шақырамын! – дейді Асхат Нигимов.

– Аудан көлемінде көктемгі мерзімді әскери қызметке азаматтарды шақыру бойынша жұмыс жүйелі түрде атқарылып жатыр. Тоғыз ауылдық округ әкімдері осы бағытта өздеріне жүктелген міндет бойынша жұмыстанып жатыр. Биыл Тасқала ауданында 18-27 жас аралығындағы 54 азаматты Отан алдындағы борышын өтеуге шақыру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда оның төртеуі медициналық комиссиядан өтті. Көбі студент. Ауданнан екі азамат әскерге аттанды. Мұндай жұмыс әлі де жалғасады. Сондай-ақ әскерден жалтарғандар да кездеседі. Олармен арнайы органдардың араласуымен жұмыс жүргізіледі. Шақырушылардың уақтылы медициналық тексеруден өтуі бақылауда. Бұл бойынша жауапты мамандар жұмыстанып жатыр. Әр ауылдық округке кесте бекітілді. Сол бойынша шақырушылар тексерістен өтеді. Әскерге шақыру – ауылдық округ әкімдерімен бірге атқарылатын ортақ жұмыс. Барша азаматты Отан алдындағы борышын өтеуге шақырамыз, – деді аудан әкімінің орынбасары, комиссия төрағасы Саягүл Ғалиева.

 

Болат Бек,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале