“Қазақстан Республикасының Қызыл Ай қоғамы” бірлестігінің БҚО филиалынан ауданымызға 30 дана матрас, 50 жамылғы, 50 төсек жиынтығы, 600 газдалмаған су және 120 фьюс шайы әкелінді. «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Бибігүл Ахметжанованың айтуынша, бұл гуманитарлық көмек аудандағы 6 эвакопунктке жеткізілмекші.
Айта кетейік, өңірімізде төтенше жағдай болғалы гуманитарлық көмек көрсету бекеті жұмысын бастаған еді. Бекет жұмысына «AMANAT» партиясының аудандық филиалы, аудандық жастар ресурстық орталығы, еріктілер және аудандық мәслихат депутаттары қолдау білдіріп келеді.
- Гуманитарлық көмек ретінде берілген азық-түлік, киім-кешек, тұрмысқа қажетті химиялық заттар, сәбилердің жаялықтары, жөргектері салынған себеттер Мичурин, Махамбет, Январцев ауылдық округтеріндегі бекеттерге жеткізілді. Оларды жеткізуде және су тасқынына қарсы жұмыстарда партиядағы жастардың, аудандық жастар ресурстық орталығы қызметкердерінің, еріктілер тобының көмегі ұшан-теңіз. Олар тәулік бойы кезекшілікте жүріп, төтенше жағдай басқарамасы қызметкерлеріне, ауыл тұрғындарына жәрдем берді. Мысалы күні кеше Деркөл өзені суының көтерілуіне байланысты Белес ауылдық округіннің Ақжол ауылында өзен жағасын бекіту жұмыстары кезінде осы жастар азаматтарға ыстық тамақ та дайындап бердік. Облыс орталығындағы БҚО ассамблеясы жастары мен “Қазақстан Республикасының Қызыл Ай қоғамы” қоғамдық бірлестігінен құралған еріктілер тобы да ауданымызға барынша көмектесіп жатыр. Су тасқынының екінші кезеңіне дайындық жұмыстары аясында бірқатар ауылдық округтердегі елді-мекендердің тұрғындарымен кездесіп, жағдайларын бақылап қайттық. Қашанда «AMANAT» партиясы, жастар ресурстық орталығының өкілдері, еріктілер бірігіп, алдын алу жұмыстарына, зардап шеккендерге көмек көрсетуге қашанда дайын екенін айтқым келеді, - деді Бибигүл Меңдіғалиқызы.
Салтанат Зұлқарнаева,
Бәйтерек ауданы,
zhaikpress.kz