19.04.2024, 16:51
Оқылды: 71

ҚТҚ шығарудың заңнамасын білеміз бе ағайын?

Тазалық - саулық негізі. Халық нақылында дені сау ұлт пен өркениетті мемлекеттің кепілі тазалық пен салауаттылықта екеніне саяды. Қазіргі кезде тұрмыстық қалдықтардың кез келген жерде жатуы жиі көзге түседі. Ал оларға түрлі факторлардың әсері биохимияық үрдістер жүруіне ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда, қоқыстардан көптеген улы химикаттар пайда болады. Ал бұның биосфераға және адамзат өміріне үлкен қауіп төндіретіні әмбеге аян. Қоршаған ортаға келетін биогендік әсердің нәтижесінде жәндіктер, құстар, кеміргіштер арқылы бактериялар мен вирустар алыс қашықтықтарға тарайды. Сол себепті, қоршаған ортадағы қоқыстарды қадағалау, оның заңға сай белгіленген орындарға төгілуі мен тазалануын ұйымдастыру жұмыстары аса маңызды.

Тазалықсыз ауыл сәнді болмайды (1)

Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару бәсекелестік ортаға беріліп осы жұмыстарды ұйымдастыруда мердігер анықталды. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинақтайтын полигон аймағы сол мердігерге сенімгерлік басқаруға берілді. Бұл жұмыс қазіргі таңда Қаратөбе ауылы бойынша ғана ұйымдастырылып отыр. Бұл жұмыспен «Бақыт жолдары» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Осы ЖШС директоры Шара Гусмановамен жүргізілген сұхбатымды халыққа түсінікті болу үшін назарларыңызға ұсынамын.

– Шара Алтайқызы, осы жылдың басынан бастап қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстары қазіргі талаптарға сай ұйымдастырыла бастады. Қатты тұрмыстық қалдықтарға не жатады? Осы жұмыстардың заңнамалық негіздемесі қандай? Тұрғындармен келісімшарт қалай жүргізілді?

- Қазақстанның қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясаты айқындалған. Қатты тұрмыстық қалдықтарды тасымалдау саласы бойынша нормативтік құқықтық база жетілдірілді. Атап айтқанда, Экологиялық кодекс бекітілді.

ҚР Экология кодексінің 365-бабының 3 тармағының 2 тармақшасына сәйкес Қаратөбе аудандық мәслихатының 2022 жылғы 29 қарашадағы №23-1 шешімінің негізінде белгіленген қатты тұрмыстық қалдықтардың түзілу және жинақталу есебіне сай мөлшерлемесі жасақталды. Бұл көрсеткіш жеке адамға 184 теңге 76 тиын есебінде болса, мекемелер мен кәсіпкерлерге өзіндік өлшемдер негізінде анықталады. 2023 жылдың 19 желтоқсан күнгі № 51 санды аудандық «Қаратөбе өңірі» газетінде қоғамдық келісімшарт жарияланды. Осы келісімшарт негізінде ҚТҚ ды тасымалдау жұмыстары 2024 жылдың каңтар айынан бастап тұрғындардың өздерінің қаржыландыру негізінде жүргізіліп келеді.

Халыққа түсінікті болу үшін сұрағыңыздың басынан бастап тоқталып өтейін. Қатты тұрмыстық қалдықтардың құрамына тағам, қағаз, металл сынықтары, резеңке, шыны, мата және пластик, синтетикалық қалдықтар кіреді.

Халық үшін қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган әзірлейтін және бекітетін әдістемеге сәйкес жергілікті атқарушы орган есептеген тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға, тасымалдауға, сұрыптауға және көмуге арналған тарифтерді әзірлеп және тиісті жергілікті өкілді органдарға бекітуге ұсынады. Экологиялық кодекске сәйкес ҚТҚ шығарудың өзіндік тәртіп ережелері бар. Бұл жұмыстар соған сәйкесті жүзеге асады.

Осы кодекстің 367-бап 3-і тармағында тұрғын үйлерде тұратын жеке тұлғалар қоғамдық (жария) шарттар негізінде орталықтандырылған жүйені пайдалануға және жергілікті өкілді орган бекіткен тарифтерге сәйкес қалдықтарды тасымалдағаны үшін көрсетілетін қызметтерге ақы төлеуге міндетті деп көрсетілген.

тазалықсыз ауыл сәнді болмайды (4)

- Осы багытта кандай жұмыстар жүргізіліп жатыр?

- ҚР Экология кодексінің 365-бабының 3 тармағының 2 тармақшасына сәйкес Қаратөбе ауылында орналасқан мекеме, ұжым және т.б. кәсіпорындарда, жеке тұрғындардан пайда болған қатты тұрмыстық қалдықтарды полигонға шығару  үшін «Бақыт жолдары» ЖШС-не қатты тұрмыстық қалдықтарды орналастыру полигоны үш жылға сенімгерлік басқаруға берілді. Ағымдағы жылдан бастап тұрғындар да өз үйінен шыққан қатты тұрмыстық қалдықтар үшін төлем жасай бастады.Тұрғындар үйінде тұратын жеке тұлғалар санына сәйкес көрсетілген қызметтер ақысын төлеуі тиіс. ҚТҚ жинауға арналған контейнерлерге қауіпті өнеркәсіптік, құрылыс қалдықтарын, жиһазды, радиоактивті қалдықтарды, сонымен қатар жануарлар тіршілік әрекетінің өнімдерін, біле тұра жұқпалы аурулы қалдықтарды лақтырмауы тиіс. Бұндай жағдайда тиісті органдардан айыппұл салынады.

Тұрмыстық қалдықтардан басқа қалдықтарды тасымалдауға бөлек қосымша ақылы қызмет ұсынылады. Қазіргі таңда су тасқынына байланысты полигонға бару мүмкіндігі болмай тұрғандықтан ҚТҚ тасымалдау жұмыстарында қиындықтар туындап тұр, дегенмен бұл мәселе таяу мезгілде оң шешімін табады деп есептейміз.

- Тұрғындар төлем жасамаған жағдайда салдары қандай?

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексінің нормаларына сәйкес коммуналдық қалдықтарды сақтау және қайта өңдеу үшін, белгіленген орынға тасымалдауды және жинауды осы саладағы маманданған ұйымдар қалдық иелерінің қаражаты есебінен жүзеге асырады. Қаратөбе ауылы аумағындағы ұйым «Бакыт жолдары» ЖШС болып табылады. Қоғамдық келісімнің 5.1.2 тармағына сәйкес қызметтерге уақытылы ақы төлеу тұтынушының міндетіне кіреді. Көрсетілген қызметтер үшін төлем есеп айырысу мерзімді айдың 25-інен кешіктірілмей, орындаушының есеп шотына ақша аудару арқылы немесе орындаушының белгіленген кассасында (Қаратөбе ауылындағы Батыс энерго ресурсы мекемесінің кассасы) қолма-қол ақшаны төлеу арқылы жүзеге асырылуы тиіс. Қарызды өтемеген жағдайда, Қазақстан Республикасының қолданысындағы «Нотариат туралы» заңнамасының 92-1 бабына сәйкес қарызды, оның ішінде барлық шығындарды және кешіктірілген төлем үшін өсімпұлдарды, сондай-ақ нотариустың қызметтеріне ақы төлемін, пошталық төлемдерді, жеке сот орындаушысының қызметі үшін төлемді Заңға сәйкес мәжбүрлеп өндіріледі. Сондықтан қарызды уақтылы төлемеген жағдайда еселенген қарыз төлеуге мәжбүр болатындықтан осы айтылғандарды ескерген жөн.

Біз тұратын елді мекеннің экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы әрбір абоненттің саналылығына байланысты!

Алдағы уақытта ҚТҚ өңдеу бағытында да жұмыстарды жетілдіру міндеті тұр алдымызда.

тазалықсыз ауыл сәнді болмайды (3)

Сұхбатыңызға рахмет!

Қорытындылай келе, өзіміз әр өнімді пайдаланған соң, оның қалдығына немқұрайлы қарамау керектігін түсінуіміз керек. Сұрыпталған қоқыстың артында экономикалық өсім жатқанын және оның қоғамға келтірер пайдасының мол екенін әркім білуі тиіс. Ал шашылған қалдықтың қоршаған ортаға келтірер зияны – дүниежүзілік дертке айналған экологиялық апаттың алғашқы белгілері. Сол себепті, сұрыптау мәселесіне келгенде көзқарасымызды сана биігінде тоғыстыра алсақ игі...

Бекжан Қойшекенов, 

Қаратөбе ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале