19.04.2024, 17:01
Оқылды: 69

Тұтунышылық несиені есепсіз беру тоқтай ма?

Халықтың екінші деңгейлі банктерден алған несиесі – 17,2 триллион теңге. Қазіргі уақытта тұрғын­дардың шамадан тыс кредит алуын азайту мақсатында шаралар жасалды. Осы мақсатта «Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық ак­тілеріне кредит беру кезінде тәуекелдерді барынша азайту және қарыз алушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы әзірленді. Бұл заң жобасын Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі депутаттармен бірге дайындаған. 20 наурызда Парламент Мәжілісі заң жобасын екінші оқылымда қабылдады және ол қазіргі уақытта Сенаттың  қарауында. Жаңа  заң  жобасында  не  қарастырылды? Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі заң жобасындағы өзгерістер туралы ақпарат жариялады. Ондағы басты шарттар туралы тарқатып жаза кетейік.

ақша-теңге

Коллекторларға – мораторий

Төлем мерзімі 90 күннен асып кеткен тұтынушыға банктер мен миркоқаржы ұйымдары несие беруді шектеуі тиіс. Өтелмеген тұтынушылық кредит үшін 90 күн өткеннен кейін сыйақы есептеуге тыйым салынады. Жеке тұлғалар үшін берешек туындаған сәттен бастап 24 ай өткенге дейін, айыппұлдар, өсімпұлдар мен комиссиялардың күшін толық жоюды қоса алғанда, тараптар реттеу рәсімдерін жүргізіп жатқан кезде қарыз алушы берешекті коллекторлық агенттіктерге сата алмайды.

Банктер мен МҚҰ-ларға азаматтардың берешегін реттеу бойынша сапалы жұмыс жүргізуі үшін қарыздарды коллекторларға беруге екі жылдық мораторий (2026 жылғы 1 ма­мырға дейін) енгізу ұсынылады. Коллекторлар жеке тұлғалардың сатып алынған кредиттері бойынша берешекті реттеу рәсімдерін жүргізуге міндетті. Азаматтардың жаңадан басқаға берілген кредиттері бойынша мораторий аяқталғаннан кейін коллекторлар азаматтардың борыш жүктемесін азайту үшін есептелген және төленбеген сыйақы­ны есептен шығаруға тиіс.

Заң жобасын әзірлеушілер заңнамалық тұрғыда тұтынушылық кредит ұғымын енгізуді ойластырған. Яки халық­қа банктер 5 миллион, МҚҰлар 3 миллион теңгеден ар­тық қарыз  бермеуі тиіс.

«Барлық кредиттер бойынша жиынтық берешекті шектеу үшін жаңа макропруденциялық норматив, яғни кредиттер бойынша жиынтық берешектің қарыз алушының кірісіне қатынасы енгізіледі. Нормативтің мәні және оны есептеу тәртібі агенттіктің актісімен айқындалатын болады.

Бұдан басқа, банктер мен МҚҰ-ның барлық кредиттері үшін мөлшері Ұлттық банк пен агенттіктің актілерінде айқын­далатын ЖТСМ-нің шекті мә­нін сақтау жөніндегі талаптар­ды белгілеу жолымен банктердің және МҚҰ-ның кредиттері бойынша сыйақы мөл­шерлемелерін азайту бойынша бірыңғай тәсіл енгізіледі», –  делінген Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жариялаған ақпаратта.

Онлайн кредит беруге талап күшейеді

Қазіргі уақытта онлайн несие рәсімдеу кеңінен белең алды. Сондықтан 45 күнге дейінгі мерзімге берілетін 50 АЕК-ке дейінгі микрокредиттің ерекше түрінің күшін жою, сондай-ақ барлық микрокредит бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесін белгілеу ұсынылады.

Қарыз алушыны төлем мер­зімінің өтіп кетуі туралы хабардар ету мерзімі күнтізбелік 20 күннен 10 күнге дейін қысқартылады. Сондай-ақ банк омбудсманының азаматтардың барлық несиесі бойынша дауларды қарау жөніндегі өкілеттігін кеңейту және ми­кроқаржы омбудсманын құру көзделген. Омбудсмандардың шешімдерін орындау банктер, МҚҰ және коллекторлық ұйымдар үшін міндетті болады.

Кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасыларды және мүгедектігі бар адамдарды жылыту маусымында жалғыз баспанасынан шығаруға тыйым салу қарастырылған. Сондай-ақ қарыз алушының банктік шотында сақталатын ақша сомасын ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1-ден 2 еселенген мөлшеріне дейін (87 мың теңге) ұлғайтуға мүмкіндік берілмек. Банктерге белгілі бір әлеуметтік санаты бар бұрынғы меншік иелеріне балансқа өткен үйді жалға беру құқығы беріледі.

Заң жобасында азаматтардың банкроттық рәсіміне қол жеткізуін жеңілдету үшін борышкердің мерзімі өткен бере­шекті реттеуді, сондай-ақ реттеу және өндіріп алу рәсі­мін өткізу мерзімін 18 айдан 12 айға дейін қысқартуды растайтын құжатты беруі жөніндегі талап  алып  тасталынады.

Қазіргі уақытта алаяқтық жолмен несие рәсімдеу белең алып кетті. Соған байланысты  биометриялық сәйкестендіру жүргізілмей, онлайн ша­ғын несие мен банк қарызын  беруге тыйым салынбақ. Мұн­дай даулы кредиттердің ресімделуіне жол бермеу үшін банктер мен МҚҰ-ның осындай өтінімдер бойынша мәліметтерді белгілі бір уақытта кредиттік бюроға ұсынуға тиіс болмақ. Заң жобасында тергеу іс-шараларын жүргізу кезеңінде сыйақы есептеуді және наразылық талап қою жұмысын тоқтата тұру қарастырылған. Бұл ретте қарызды алаяқтық тәсілмен ресімдеу фактісі бел­гіленгені туралы заңды күші­не енген сот шешімі болған жағдайда тұтынушыға қойылатын  талаптар  тоқтатылады.

Нұртай  Текебай, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале