27.04.2024, 17:08
Оқылды: 45

Бөкейлік кейуананы құттықтады

Бүгін аудан әкімі Нұрлыбек Даумов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков бастап, аудандық ішкі саясат бөлімінің маманы Бисен Қадыров қостаған топ Бөкей ордасы ауданындағы жасы ең үлкен кейуана Мінәш Нұрғалиеваны туған күнімен құттықтап шықты.

IMG-20240427-WA0035

- Тек өз әулетінің ғана емес, атар күннен, батқан түннен тұтас елдің амандығын, жұрттың тыныштығын тілеп отыратын сіздей аналарымызбен өміріміз көрікті, көңіліміз шуақты. Бұйыртса, екі-үш жылда жүзжылдығыңызды тойлауға жазсын. Еліңізге тілекші, шаңырағыңыздың қасиетті қазығы боп, аман отырыңыз, - деп аудан басшысы игі тілегін білдірді.

IMG-20240427-WA0025

- Сіздің, сіздің қатарластарыңыздың өмір жолыңыз, еңбек жолыңыз бүгінгі ұрпақ үшін ертегіге бергісіз. Әрісі төрт, берісі жеті сыныптық біліммен бел бекіп, қабырғаңыз қатпай жатып, еңбекке араластыңыз. Соғысты да, тоқыраудан кейін қиындықты да бір кісідей көрдіңіз. Бүгінгі күніміз жарқын, өміріміз жайлы болса, сіздің буынның еңбегі деп білеміз, - деді Тілеген Арыстанбеков.

IMG-20240427-WA0026

Мінәш әжеміз де өз кезегінде туған күнінде уақытпен санаспай, шаңырағына арнайы келген қонақтарға алғысын білдірді.

Естеріңізге сала кетсек, Мінәш әжеміз екі ұл, үш қызынан 16 немере, 26 шөбере сүйіп отырған асыл әже. Тоқсан жетінші көктемін қарсылап отырған кейуана.

Ұлпан Жакина, 

Бөкей ордасы ауданы 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале