ХІХ ғасырдың екінші жартысында Қазақстан мен Орта Азияның Ресейге қосылуы түпкілікті аяқталуына байланысты жүргізілген әкімшілік реформалардан соң, еліміздегі орыс ұлтымен қатар (орыс казактары мен қоныс аударушы шаруалар) қазақ арасында да оқу-ағарту идеялары кең тарала бастады. Бұған дейін қазақ балалары тек медреселер мен молдалардан алғашқы сауатын ашса, енді олар орыс-қазақ мектептерінде білім алуға қол жеткізді. Әрі патша үкіметінің отаршылдық саясатына сәйкес жаңа жүйедегі білім ошақтары көптеп салына бастады. Осылайша қазақ даласында орта, бастапқы және кәсіби білім беретін оқу орындары ашылды.
Енді өлке тарихына бұрылсақ, 1870 жылы Орал қаласында әскери гимназия ашылған. Ал 1886 жылы Орал облысының әскери губернаторы Н. Шипов: «Орал қаласында ашылатын реальдық училище Орал мен Гурьев қалаларындағы екі кластық мектептерде арнайы дайындық бөлімінде оқыған қазақ балаларын қарсы алады. Самара гимназиясында орта білім алуға ынтасы бар қазақ балаларына бірнеше шәкіртақы тағайындалады» деп хабарлама жасаған. Артынан, яғни 1890 жылы 29 мамырда Орал әскери гимнази-ясын реальдық училищеге айналдыру жөнінде бұйрық шыққан. Осылайша 1890-1891 оқу жылында бұл гимназия Орал алты кластық реальдық училищесі (немесе математика, жаратылыстану ғылымдарын басым етіп оқытқан Қазан төңкерісіне дейінгі орта мектеп) болады. Онда білім алушылар үшін УВРУ (Уральское войсковое реальное училище) алтын таңбасы ойылып жазылған ерекше бас киім мен әске-ри нышандағы арнайы киім үлгісі таңдалады. Сондай-ақ 1900-1901 оқу жылында училищеде бір жылға 6914 сабақ кестесі жоспарланып, құрметті қамқоршы, училище директоры, инспектор міндетін атқарушы, заң оқытушысы (законоучитель), 9 ғылым мен тілдерді оқыту маманы, 1 дайындық класы, 2 өнер, майдан (фронт), гимнастика, би, ән, музыка мұғалімі, 3-сынып тәлімгерінің көмекшісі (олардың біреуі жаратылыстану, тарих пәндері, біреуі математика және музыка пәндерінің мұғалімі), дәрігер және іс жүргізушісі барлығы – 22 адам қызметке тартылады. Бұдан бөлек мұнда математика, алгебра, тригонометрия, орыс тілі, тарих, құдай заңы, техникалық сызу, арифметика, геометрия, география, көркем жазу, неміс және француз тілі секілді пәндер оқытылған. Айтпақшы, осы кезде училище инспекторының міндетін атқарушы болып орыс тілі пәнінің мұғалімі И. Сивицкий тағайындалады. Учи-лищеде, негізінен, Санкт-Петербург, Мәскеу және Қазан университеті, Санкт-Петербург рухани акаде-миясы, Орынбор мұғалімдер институты сияқты алдыңғы қатарлы оқу орнын аяқтаған мамандар сабақ береді. Тек 1901 оқу жылының өзінде 342 шәкірт тіркеліп, олардың оқу ақысы үшін 50 рубль (сом) қаралған. Әскери қызметкерлердің балалары тегін білім алса, дайындық сыныбына шет аймақтан келгендер – 40 рубль, әскери саладағылардың балалары – 20 рубль төлеу мүмкіндігін иеленіпті.
Иә, училищеде білім алушылардың тәрбиесіне де айрықша мән берілгені байқалады. 1719 жылы қабылданған қасиетті заңның ХІ бабына сәйкес, оқушылардың тәртібі 5 балдық жүйемен бағаланған.
Тарихи құжатта 1917 жылғы ақпан төңкерісі қарсаңында училищедегі оқушы саны 528-ге жеткені көрсетілсе, Орал казак әскери қызметшілерінің, шенеуніктер мен дін өкілдерінің балалары ақысыз оқыған. Әлеуметтік жағдайы төмен оқушыларға оқулықтар мен оқу құралдары төлемсіз таратылғаны және бар. Әрі үлгерімі мен тәртібі жақсы кедей балаларына оқу ақысын төлеуде жеңілдік қарастырылған. Нақтырақ айтсақ, қаладағы «Көмек» («Общества вспомоществования») қоғамы олардың оқу құралдары, дәрі-дәрмегі, киім-кешегі секілді қажеттіліктеріне қаржылай демеу көрсетіп отырыпты. Мұның сыртында 1901-1902 оқу жылында әскери (сословия) өкілдерден шыққан оқушыларға – 13, Орал облысындағы қырғыз балаларына 14 жеке стипендия тағайындалса, ауқатты адамдар училище жа-тақханасы жанындағы ауруханаға қаржылай қолдау білдіріп тұрған. Мәселен, 1901-1902 оқу жылында әлеуметтік жағдайы төмен әскери қызметкерлердің балаларына арнап Овчинников 500 рубль, азамат Прасвирова 150 рубль және ІІІ-ші Орал казак полкы 60 рубль жіберіпті. Жалпы 1901 жылы аталған училищенің материалдық жағдайын жақсартуға мемлекеттік қазынадан – 5501 рубль, Орал казак әскерінен – 22 188 рубль, арнайы қордан – 9037 рубль, барлығы – 36 727 рубль бөлінген. Тағы бір дерек, ғасыр басындағы осы оқу жылының жазғы демалысында жоғарғы кластың 11 оқушысы Мәскеу арқылы Петербурға саяхатқа аттанған. Сол қатардағы 2 қырғыз баласының әрқайсысына әскери губернатор-дың жарлығымен облыстық басқармадан 50 рубль төленіпті.
1901 жылы 7 мамырда атаман генерал-лейтенант Константин Николаевич Ставровский француз тілі мен табиғаттану (естественной истории) пәндері бойынша 6-класс оқушыларының емтиханына қатысады. Ол реальдық училищенің кітапхана қорын толықтыруға да қамқорлық жасаған. Оның дәлелі – 1902 жылдың 1 қаңтарында ең басты (фундаментальная библиотека) кітапханада жалпы сомасы 9745 рубль көлеміндегі 3842 түрлі 8623 дана кітап қорының болуы. Оқушылар кітапханасы-ның өзіне түрлі тақырыпта (1254) 2386 дана кітап жиналса, оның құны 2215 рубльді құраған.
Өмір көшкенімен, тарих өшпейді. 1895 жылы тұрғызылған сол училище жатақханасы – қазір Орал қаласының Ғ. Тоқай көшесіндегі №43 үй. Осынау екі қатарлы көне ғимарат қызыл тастан тікбұрыш үлгісінде салынған. Төбесі темір, айналасы ағаш қоршау. Кіреберісі мен маңдайшасы сәндік тас қиындыларымен безендірілген. Мұнда орналасқан оқушылар жылына 250 сом жамбаспұл төлепті және олар директор мен инспектордың қатаң бақылауына алынып, тегін кітапхананы пайдаланған. 1901 жылдың өзінде кітап қоры 770-ке жетсе, түрлі оқу құралының саны – 71. Осы жерде училищеде кластан класқа көшіру бақылау емтиханы арқылы жүрсе, үздіктер оған қатыспағанын айта кеткен артық болмас. Сол қатардан Жанша мен Халел Досмұхамедовтердің көрінуі – болашақ қазақ зиялылары оқушы кездерінен білімге құштар болғанын аңғару қиын емес. Осыған жалғас облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында өлкемізден шыққан алғашқы қазақ дәрігерлері Н. Ипмағамбетов, Ғ. Есенғұлов, Б. Бейсеновтердің осы реальдық училищені бітіргендігі туралы аттестаттары сақталғанын көпшілікке жеткізе кетелік. Сосын талантты шәкірттерге Мәскеудегі техникалық және әскери училищеге, Харьков ветеринарлық, Мәскеу ауыл шаруашылығы институттарына жолдама ұсынылып отырған.
Сонымен училище ғимаратында 1913 жылы ашылған оқытушылар семинариясы ізінде 1920-шы жылдары төрт жылдық педагогикалық техникум құрылады. Бұл енді Орал педагогикалық институтына дейін республика мен облыстағы бірден-бір оқу ордасы ретінде көпке танылған
Бақтылы Боранбаева,
тарих ғылымдарының кандидаты,
қауымдастырылған профессор
Әлия Сағынова,
М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан
университетінің 2-курс магистранты