Серік Сарғозиевтің Сырым аудандық саз мектебінің директоры қызметін атқарып жүрген жылы. Күнделікті жұмыс уақытының бірінде бөлменің есігін шерте қағып, ұзынша бойлы келген келіншек имене басып, ішке енді. Алғашқы аман-саулық сұрасқан соң, әлгі келіншектің «Бетховен ағай, сізге мынадай шаруамен келіп едім»,- деп сөзін бастамасы бар ма?! Әп дегенде сасып, абдырап қалған Секең үстелінің үстіндегі бадырайып, ірі әріппен аты-жөні жазылған қызметтік белгіні келіншекке қарата ысырып қойды. Бірақ, оған көңіл бөліп, қарайтын ол жоқ, самбырлай сөйлеп, келген шаруасын жеделдете айтты да, бөлмеден шығып кетті.
***
Осы оқиға қызметтестері арасында ұмытылмай, көпке дейін айтылып жүрді. Тіпті, жиын-отырыстарда бәрі «Бетховен» жөніндегі оқиғаның қалай өрбігендігін айтып, даурыға күлетіндері бар.
«Бақсақ, бақа екен» дегендей, әлгі келіншек мектеп саласының басшысын іздеп келіп, ғимарат алдында кездескен жігіттен: «Мекеме басшысы бар ма екен, аты-жөні кім?» деп сұрайды ғой. Сонда әлгі азамат: «Ә, басшымыз бар, есімі «Бетховен» деп қойып қалады ғой. Ал бұдан әрі әңгіме әуенінің ырғағын жоғарыда айттық.
***
Жаратқанның жебеуімен бүгінде зейнеткерлік жастың табалдырығын аттап отырған Серік Дүйсекешұлынан: «Осы сіздің көбіне азан шақырып қойған есіміңізбен атағанда мән бермей, «Бетховен аға» дегенде жалт ете мойын бұруыңыздың сыры неде?» деп сұрадық.
– Жымпитыдағы орта мектептің алтыншы сыныбында оқып жүргенде жеті Серік есімді оқушы болдық. Сыныпта Серік атауы көбейген соң, ұзын, тапал, толық, қызыл, сары, қара Серік сияқты атауды иеленгендер қатары көп болды да, мен ұзақты күнге баян, труба иығымнан тастамай жүретіндіктен, маған немістің ұлы сазгері «Бетховен» аты тағылды. Осы «Бетховен» аты маған сағыздай жабысып қалғаны сонша, Кеңес армиясы қатарында болғанда да, әскердегілер мені осы атпен атады.
Бір құрдасым айтушы еді: «Аудан бойынша 360-тай Серік бар екенбіз, ал солардың арасында немістің сазгерінің есімін «иеленген» өзің ғана» ,- деп. Үлкендер түгілі бала да кей сәттері мені «Бетховен ата» деп атап жатады. Оған ешқашан ренжіп, дауыс көтеріп жатқан мен жоқ. Керісінше, өз атыммен атағаннан гөрі, «Бетховен» атауына әбден үйреніп қалғандай, елең етемін, - дейді ол рахаттана күліп.
***
Сонымен «Жымпитының Бетховені» атанған өнер иесі Серік Сарғозиевтің өмірдерегіне төмендегіше, көз жүгіртелік.
Серік Дүйсекешұлы 1961 жылдың 25 мамыр айында өнерлі де тарихқа бай өңір Қаратөбе ауданының Жігерлен елді мекенінде дүниеге келді.
Ата-анасының қызмет бабымен Жымпитыға қоныс аударуына орай Серік аудан орталығындағы орта мектептен білім алды.
Мұхит, Ғарифолла, Ескендір шыққан өнірдің қасиеті дарыды ма екен кім білген, әйтеуір Серіктің балалық шақтан ән айтуға, домбыра шертуге икемі сезіліп-ақ тұрады. Өнерге құштарлық, талпыныс адамды басты мақсатына жеткізбей қоймайды екен. Ақыры жастық арман жетегіне құлаш ұрған Дүйсекештің Серігі аудан орталығында ашылған саз мектебінің сыныбына (труба) қабылданып, орта мектептің 8 сыныбын аяқтаған соң, Орал қаласындағы Құрманғазы атындағы музыкалық колледждің «Баян аспабы және оркестр дирижері» мамандығына оқуға қабылданды.
Аталмыш оқу орнын 1980 жылы тәмамдаған С.Сарғозиевтің бұл саладағы қызметтік жолы арнайы жолдамамен ауданның Талдыбұлақ орта мектебінде оқушыларға ән сыныбының ұстазы ретінде басталды.
Ал, екі жыл Аякөз қаласында әскери борышын өткерген Серіктің үрмелі аспаптар оркестрі дирижері болуының өзі – оның өнерге әуел бастан жақын екендігінің дәлелі.
Серік Сарғозиевтің өнердегі нұрлы жолына шолу жасасақ, оның араласуымен атқарылған, жетістіктерге көз жеткіземіз.
Мәселен, Серік Дүйсекешұлы қызмет атқарған жылдарда аудандық балалар саз мектебі, аудандық «Демалыс орталығы» МКҚК жанындағы «Сырым сазы» ұлт аспаптар оркестрі, «Ақниет» әжелер ансамблі қол жеткізген жетістіктер мол. Тіпті, мәдениет саласындағы шаршамай, талмай, ізденістің нәтижесінде ұлт аспаптар оркестрі мен әжелер ансамблі «Халықтық атаққа» ие болды.
Әрине, бұл тұрғыда дирижерлық қызметте немесе баян, домбыра, труба, гитара, фортепиано, үрмелі аспапта өнер көрсеткен С.Сарғозиевтің қосқан үлесі бір төбе.
«Секе, өнер жолында көп адамдармен дәмдес, дастархандас болдыңыз дегендей, есте қалған оқиғалар болар?» - деп, әңгіме желісін өткен шаққа қарай бұрдық.
– Ә, өнер сапарында ондай қызықты оқиғалар көп болды ғой, -деп, Серік сонау жылдарғы оқиғаларға тоқталды. – 1990 жыл болатын, мәдениет үйінің директорымын. Құрамында Ахмет Жалмұханбетов, Қайрат Рахметов, Лұқпан Жұмағалиев, Ерлан Нысанғалиев, Амангелді Ғұбайдуллин бар 8-9 жігіт болып, Абай кеңшарының Көздіғара ауылына концерт қоюға бардық. Ол жылдары автоклубқа қоса автодүкен, тұрмыстық қызмет көрсету түрі бірге шығатын. Ал, ауданнан келген қонақтарды жергілікті жердегі бөлімше, клуб меңгерушісі мен дүкеншінің қарсылауы қанға сіңген дәстүр, заңды құбылыс еді. Мәдениет үйінің әртістерін бөлімше меңгерушісі Тарғын Мүтиев қабылдап, кең дастархан жайып, қонақ етті. Дастарханның екі шетіне қойылған табақ толы етке жапатармағай қол салған жігіттер ашырқанып келді ме, әп дегенде табақтың түбін көрсетіп тастады. Сонда әлі табаққа қолын салып та үлгермеген Амангелдінің айтқаны мынау еді:
– Әй, жігіттер-ай, сендердің айтатын әндерің біреу-ақ, ал табақтағы еттен мен болсам, ауыз да тиген жоқпын, табақ іші тып-типыл. Ал, менің айтарым сегіз ән, арғы жағын өздерің пайымдап, елеп-екшей беріңдер,- деді қайран Әбес.
Мұны естіп отырған Тарғын аға дастарханда үздіксіз сегіз әнді түйдектете шырқаған Амангелдінің өнеріне риза болып, тағы да бір қой сойып тастады,- деді ол.
***
Өнерде жас ұрпақ айта жүретіндей із қалдырған Серік Сарғозиев бүгінде зейнеткерлік жастың қырқасына шықты.
Серік Дүйсекешұлын сөзге тартып, өнер жолындағы жетістіктер туралы сұрадық. Ол бала кезінен, бертін жылы мектеп қабырғасында жүргенде-ақ өнерге әуес болғанын айтты.
Сөз арасында ол, «Ақниет әжелер» ансамблімен тығыз байланыс орнатып, көршілес облыс, аудандарда өнер көрсету бұйырып, қазақы салт-дәстүр мен халықтық би, ән күйді кеңінен насихаттап жүргендігін тілге тиек етті.
Зейнеткерлік жастағы өнер иесі Серік Сарғозиевтің мәдениет саласындағы жетістіктері жоғары басшылық тарапынан бағаланып, диплом, грамоталармен марапатталды.
Өңірінде «Өнерге қосқан үлесі үшін», «Алаш ұстазы», «Мәдениет саласының үздігі» медальдары жарқырайды. Ол өнер саласында жүрсе де, облыстық «Ерекше Тәуекелді солдаттар» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары ретінде қоғамдық жұмыс атқарады.
Мүсірбек Айташев,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz