1.06.2024, 12:30
Оқылды: 221

Шыңғырлау ауданы: «Халық заңгері» акциясы аясында тұрғындарды қабылдау жүргізілді

Шыңғырлау ауданы «AMANAT» партиясы филиалы ғимаратында халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында тегін заңгерлік кеңес беру, заң көмегін көрсету шарасы өтті. Аталған шара жалпыреспубликалық «Халық заңгері» акциясы аясында ұйымдастырылды.

image-31-05-24-10-10

Шара барысында кез- келген азамат еліміздің заң қоғамдастығындағы тиісті мамандардан тегін қажетті кеңес ала алды. Олардың арасында адвокаттар, нотариустар, прокурорлар, тергеушілер, сот орындаушылары, мемлекеттік органдардың басшылары және басқалары бар.

Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігі, Zakon.kz желілік басылымы, «Параграф» ақпараттық жүйесі, мемлекеттік билік органдары және Қазақстанның үздік заңгерлері мен адвокаттары ұйымдастырып отырған акция елімізде дәстүрлі форматта өткізіліп келеді. Статистикалық цифрларға көз жүгіртсек, 2016-2023 жылдардан бері акцияға 8000-нан астам үздік сарапшы және мемлекеттік органдардың басшылары қатысыпты. Ал, құқықтық көмекке жүгінген 165 000-нан астам азамат консультация алған.

Атап айтсақ, Шыңғырлау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, Жер қатынастары бөлімі, Сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі, кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімі және Шыңғырлау ауданының жеке сот орындаушы мамандары, сондай- ақ аудан прокуроры тұрғындарға қабылдау жүргізді.

image-31-05-24-10-11-1

Қабылдау барысында аудан тұрғындарының бірқатар сұрақтары қаралды. Соның ішінде таза ауыз су берілуіндегі кідірістер, қоқыстардың шығарылуы, кейбір тұрғындардың қоқыстарын контейнерлерге жеткізбей төгіп, салдарынан жел ұшырып, ит тартқылаған қоқыстардан аумақ, тіпті түгел көшенің ластануы жағдайлары, сондай- ақ бірқатар тұрғындардың үйінің айналасына трактор, өзге де техникалары мен темір- терсекті толтырып, жанар-жағар май құйған бөшкелерін қымсынбай ауласының, үйінің сыртында ұстайтыны, одан шығатын иіс, өртқауіптілік жағдайының толғандырмайтыны және мұндай жауапсыздыққа шара қолдану қажеттілігі, иттердің көшеде көбейіп кетуі, адамға жүгіріп қауіп тудырғанымен иелерінің жауапқа тартылмайтындығы осы жерде ортаға салынды.

Аудан прокуроры Серік Орынғалиев өз қабылдауында түскен бұл сұрақтарды тиісті мекемелер басшыларын, мәселеге тікелей жауапты адамдарды шақырып, шағымданушылармен жүздестіре отырып, жан- жақты жауаптар берді.

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале