Ақжайық ауданы Алғабас ауылында еркін күрестен жасөспірімдер мен кіші жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін Республикалық турнир батысқазақстандық еркін күрестің негізін қалаушы, танымал ардагер-ұстаз Аманкелді Зұлқашевты және еркін күрестен Қазақстан Республикасының спорт шебері, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы Өтеп Молдабековты еске алуға арналған.
Еркін күрестен 2008-2009 жылы туылған жасөспірімдер мен 2010-2012 жылы туылған кіші жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирге жиналған көрермендер ашылу салтанатында еліміздің түкпір-түкпірінен келген қатысушы командалардың шеруін тамашалады. Шеруді жарыстың төрешілер алқасы бастады.
Дәстүрлі турнирге арнайы қонақ ретінде шақырылған Аманкелді Зұлқашевтың зайыбы Хайруллина Замрат, ұлы Талап Зұлқашев, Өтеп Молдабековтың ұлы Ермак Өтепұлы және еркін күрес спорт ардагерлері Даулет Мұнайтпашев, Нәсіпқали Қожахметов, Ират Қырықбаев және спорт ардагері Камбарбек Салимов қатысты. Аманкелді Зұлқашев пен Өтеп Молдабековтың шәкірттері, еркін күрестен КСРО спорт шеберлері Мұхтар Құрманғалиев, Мұхтар Хамзин, Жәнібек Қаленов, Жеңіс Адилов, Омархан Қайсағалиев, Шамұрат Айтқалиев та турнир төрінен табылды.
Турнирге қатысу үшін еркін күрес спортшылары Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау облыстарынан, Ақтөбе облысының Ойыл ауданы, Атырау облысының Индер ауданы мен Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан бақ сынап келген. Сонымен қатар облысымыздың Бөрлі, Жаңақала, Қаратөбе, Сырым, Тасқала және Ақжайық аудандарының, облыстағы спортқа дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжі мен Алғабас ауылының спортшылары боз кілемде күш сынасты. Атап өту керек, турнирге биыл алғаш рет Ресей Федерациясының Дағыстан Республикасынан да жаттықтырушы Тагир Шабханов бастаған палуандар қатысты.
Турнирдің ашылу салтанатында Ақжайық аудандық мәслихатының хатшысы Сәлімгерей Сиражов сөз алып, дәстүрлі турнирдің қатысушыларына сәттілік тіледі.
Ресей Федерациясының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Дағыстан елінің ұлттық батыры Тагир Шабханов ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, өз елінен естелікке әкелген сыйлықтары мен алғыс хаттарын табыстады.
БҚО грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Мадияр Құрманғалиев спорт ардагерлеріне ұйымдастырушылар атынан естелік сыйлықтар табыс етті.
Тартысты өткен турнир нәтижесінде жүлделі орындарға ие болған спортшылар кубоктар, медальдар, грамоталармен марапатталса, ерекше көзге түскен палуандар, жаттықтырушылар, сонымен бірге төрешілер де алғыс хаттармен марапатталып, оларға ақшалай, тауарлай сыйлықтар табысталды.
Турнир барысында ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен шақырылған қонақтар қатысқан Аманкелді Зұлқашев пен Өтеп Молдабековты еске алуға арналған ас берілді.
Дүбірлі додаға белсенді қатысып, еркін күрестен жоғары шеберлік көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінген спортшыларды құттықтаймыз!
Өзінің тынымсыз еңбегімен артынан өшпес із қалдырған абыройлы спортшы, еркін күрес ардагерлері Аманкелді Зұлқашев пен Өтеп Молдабеков сияқты ұстаздарды құрметпен еске алатын шәкірттері бар кезде ерлердің есімі ұмытылмайды.
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz
Фотоларды түсірген автор