6.06.2024, 11:15
Оқылды: 23

«Мұхит мұрагерлері» жобасы: өнер керуені Сырымға келді

Сырым ауданына «Мұхит мұрагерлері» жобасы аясында Хатимолла Бердіғалиев, Серік Абдрахманов, Сағадат Рахметжанов сынды батыстағы дәстүрлі әндерді орындаушылар бастаған өнер керуені келді.

3F02D94A-C6E2-49C5-971E-E9FE12B87105

«Мұхит мұрагерлері» – «Атамекен» өнер ордасында орналасқан Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясының төл жобасы. Мақсат – өңірдегі дәстүрлі әнөнерін, соның ішінде М. Мералыұлы, Ғ. Құрманғалиев секілдідарабоз дарындардың музыкалық мұрасын насихаттау. Идея авторы – Бауыржан Халиолла.

Ән керуенін Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов Жымпитыға кіре берістен қарсы алды. Меймандар алдында «Сырым сазы» фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.

Жоба ұйымдастырушылары мен әкімгерлерлер Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырзалиевтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.

Биыл Мұхиттың ән мектебінің есігін Еуропаға қаратып ашқан дарабоз дарын, әнші Ғ.Құрманғалиевтің дүниеге келгеніне - 115 жыл. Оның Мұхит әнін жаңа заманға жеткізген қайраткерлігі өз алдына, Ғарекеңнің өзінің де музыкалық мұрасы мол, бай.

«Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші Ернар ӨмірәліСырым еліндегі халықпен Ғарекеңнің «Сәлем, Қазақстан!» әнімен амандасты.

Концертте бірыңғай ән шырқалмай, олардың баяны да айтылды. Мысалы, ҚР Мәдениет қайраткері Сағадат Рахметжанов Мұхиттың «Зәуреш» әнінің шығу тарихын айтты. Сөйтсек, «Зәуреш» серінің сұлулар мен сылаңдарға арнаған әні емес, жүрек – қазанның қайғысын қотарып төккен зарлы реквием екен.

AC9BA44C-2DB9-4938-9499-52718A3A3435

Ал, Ғарекең шырқаған «Туған ел!» немесе «Оралым!» әнінің сөзін жазған автор жымпитылық екенін «Мұхит мұрагерлері» жобасы болмаса, білмейді де екенбіз.

Дастан Есентеміров туған ел сахнасында тұрып:

– Жымпиты шаруа ауданы малын баққан,

Бірігіп бірнеше ұлт бақыт тапқан.

Бұлдырты, Өлеңті мен Шідертідей,

Үш өзен – ел ырысы жарып аққан, - деп әуелеткенде ел бір желпініп қалды.

Бұл кеште Ғарифолланың «Мақтан етем», «Жас өмір», «Үш қыз», «Еңбек туралы терме», «Өзен», «Сүйген жар», «Нұржамал», «Досыма», «Қаламқас», «Жаз», «Әнші дауысы» орындалды.

Батыстағы әннің алтын шығыршығы Амангелді Ғұбайдуллинің репертуарындағы Мұхиттың «Зәуреш», «Ақиіс», «Айнамкөз», «Үлкен айдай», «Алуаш» әндері дешырқалды. Дабырасы көп эстраданың емес, мағынасы көп ескі даланың сазы тербеді жүректерді.

Қиқулаған ағайын, әсіресе ҚР Еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» орденінің иегері Хатимолла Бердіғалиевке ерекше қошемет көрсетіп, ал әнші ұлдары Қайрат Кәкімовты сахнадан жібергісі келмеді. Арқасы қозған әнші Шегенің ариясына басты.

Әншілерді сазбен сүйемелдеген «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблі. Жетекшісі Тимур Меңдіғалиев.

Кеш соңында Сырым ауданының әкімі Жұмагелді Батырниязов жобаның авторы Бауыржан Халиоллаға алғыс айтып, ал көрермен ықыласына бөленген көркем өнерпаздарға ықылас гүлін ұсынды.

Айта кетейік, ән керуені Сырым ауданындағы тасқыннан зардап шеккен тұрғындарды рухани демеуге келді.

Б.Шерім

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале