Бүгін Казталов ауданы әкімі Асланбек Сарқұлов Казталов мектеп-лицейінде «Алтын белгі» табыстау рәсіміне қатысты. Аудан басшысы оқушыларды құттықтап, жылы лебізін білдіріп, сұхбаттасты.
— Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбаев «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ» деген. Осы қасиеттер сіздердің бойларыңыздан табылады деп сенемін. Мектептеріңіздің, ата-аналарыңыздың, ұстаздарыңыздың үмітін арқалап, он бір жыл бойы талмай талаптанып, үлкен жетістіктерге жетіп жатырсыздар. Ең бастысы ойларыңызда алға ұмтылған, жақсы білім алам деген құлшыныстарыңыз бар. Өмірде өз орындарыңызды тауып, үлкен маман иесі болыңыздар. Қайда жүрсеңіздер де туған ауылдарыңызды ұмытпай, атын асқақтата беріңіздер. Алдағы уақытта түскен жоғары оқу орындарыңызда алдыңғы қатарда болыңыздар. Ауданымызда 252 түлек мектеп бітіріп жатырса, тек 17 түлек «Алтын белгі» иегері атанып отыр. Бұл бұйырған бақ деп білеміз. Бұл бақ тектен тек келмейді, он бір жыл бойы еңбектенудің нәтижесі. Өмірдің бір белесін өте жақсы деген бағамен өткеріп жатырсыздар. Ендігі белес жоғарғы оқу орнын жақсы аяқтап, қалаған маман иесі атаныңыздар. Еліміздің дамуына өзіндік үлестеріңізді қосып жүре беріңіздер, — деді аудан әкімі
Іс-шарада 2022-2023 оқу жылының «Алтын белгі» иегерлері лэд экран арқылы жас түлектерге жылы лебіздерін білдірді. Сонымен қатар сыр-сұхбат ұйымдастырылып аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы мен аудандық білім беру бөлімінің басшысы Самал Қанапияқызы оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, пікірлерімен бөлісті. Жас түлектер де белгілі тақырыптарда бір-бірімен пікір алмасты.
Биыл Алихан Жаныбеков, Томирис Асылбекова, Сымбат Төлегенова, Айкөркем Тлепбергенова, Жаннұр Мақсотова, Қадыржан Ахажанов, Диана Мерхай, Жанерке Айболатова, Ақгүл Халелова, Тұрлан Серікұлы, Абылай Мақсот, Саида Бисенбаева, Карина Каргапольцева, Дильназ Тлешова, Ақбота Қапиет, Наргиз Мақпозова, Қарақат Айдарова «Алтын белгі» иегері атанды.
Айта кету керек, К.Мендалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектеп Абылай Қанатұлы Жаратылыстану-математика циклі пәндері бойынша XVI Президенттік Республика кезеңіне дейін қатысып, сертификат иегері атанса, қазіргі күні Ұлттық бірыңғай тестілеуден облыс бойынша ең жоғары балл (134 балл) жинаған үздіктер қатарында. Бұл ауданымыз үшін үлкен мақтаныш.
Казталов ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі