14.06.2024, 16:46
Оқылды: 261

Мұхит мұрагерлері Казталов ауданына барды

Жалындай шарпып, лаулаған көктей қаулаған дүниені алып бара жатқан Мұхиттың әндерін шырқап, ән салу үшін әншінің ішінде қандай күш, нендей құдірет жатуы керек деп ойлайсыз!? Қазақта «шапқан аттай, атқан оқтай» құбылысты табиғатына сыйдырған Мұхит туындылары ән құдіретінің сырын ашқандай. Тыңдап отырып, елестетіп көріңіз... 

BA301A3A-F09B-40C3-B981-73E67E8C2673

Бүгін қасиетті Казталов ауданының топырағына халық композиторы, әнші-ақын, күйші-домбырашы Мұхит Мерәліұлының өнерін дәріптеген мұрагерлері келді.

Казталов ауданы орталығындағы мәдениет үйінде халқымыздың қайталанбас атақты композитор, әншісі Ғарифолла Құрманғалиевтің туғанына 115 жыл толуына орай Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармониясы мен «Атамекен» өнер ордасының ұйымдастыруымен «Мұхиттың мұрагерлері» атты керемет концерт өтті. Қазақ музыка өнерінің мақтанышы Мұхиттың, Ғарекеңнің әндерін сағынып, сусап қалған әнсүйер қауым көп жиналды.

Сахна шымылдығы «Атамекен» этно-фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен дәстүрлі әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, жерлес Ернар Өмірәлінің орындауындағы Ғарифолла Құрманғалиевтің «Сәлем Қазақстан» әнімен ашылды. Салтанатты кешті мәдениет саласының майталманы, журналист, дәулескер күйші, қызыл тілдің шебері Дәулеткерей Құсайынов жүргізіп, көрерменге Мұхит Мерәліұлының, Ғарекеңнің өмірінен естеліктер айтып, әрбір орындалған әннің шығу тарихы туралы баяндап отырды.

4FD1F255-2F2F-4940-838C-C9D3AEC77DDB

Керемет кешке қатысып, өнер көрсеткен дәстүрлі әнші, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Сағадат Рахметжанов, Халықаралық байқаулардың лауреаты, жерлесіміз Назгүл Қабиева, республикалық әнші-термешілер байқауының жүлдегері Бейбіт Қажығалиев, дәстүрлі әнші, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Ернар Өмірәлі, Қазақстан Республикасы Мәдениет саласының үздігі Фархат Оразов, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Асхат Оразов, Республикалық Әміре Қашаубаев, Ғарифолла Құрманғалиев атындағы әншілер байқауының лауреаты Серік Әбдірахманов, «Құрмет» орденінің иегері Қайрат Кәкімов, дәстүрлі әнші Жақсылық Исламғалиев, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, әнші, ақын Хатимолла Бердіғалиев, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дастан Есентеміров Мұхиттың, Ғарекеңнің әндерін нақышына келтіре орындап, әнсүйер қауымды қуанышқа кенелтті.

Сахна төрінен Мұхиттың мұрагерлерінің орындауында Мұхит пен Ғарифолланың «Ақжайық», «Зәуреш», «Ақиіс», «Мақтан етем», «Үлкен айдай», «Көк айдай», «Айнамкөз», «Айғайша», «Жас өмір», «Үш қыз», «Жаз», «Нұржамал», «Әдемі қыз», «Досыма», «Еңбек туралы терме», «Кел, құрбым», «Сүйген жар», «Әнші дауысы» әндері шырқалды. Әсіресе, Қос өзен елінде туған жерлес әншілер сахнаға шыққан кезде ағайынның ыстық ықыласы ерекше білінді.
Шара соңында сөз алған «Мұхиттың мұрагерлері» жобасының авторы, айтыскер ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Атамекен» өнер ордасының директоры Бауыржан Халиолла жиналған жұртшылыққа ерекше алғысын білдірсе, концертке қатысқан Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Мұхиттың мұрагерлерінің бүгінгі өнерін жоғары бағалады.

Асланбек Ахметоллаұлы тамаша әсерге бөлеп, ән құдіретін сыйлаған өнерлі жандарға ел атынан алғыс хат, ықылас гүлін, гүл шоқтарын сыйлады. Айтулы жобаға қатысып, жүргізуші болған Дәулеткерей Атауұлына казталовтықтық ағайындар атынан тұлпар сыйға тартылды. Сонымен қатар кешке көрермен ретінде қатысқан «Парасат»  орденінің, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын, ұлағатты ұстаз, жерлесіміз Дариға Мұштанова да сөз алып, аталмыш жоба жетекшілеріне, қатысушы өнерпаздарға алғыс айтты.

Нұр Рахман

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале