19.06.2024, 16:45
Оқылды: 261

Жаңажолда 38 жыл шәкірт тәрбиелеген ұстаз зейнетке шықты

Казталов ауданына қарасты Жаңажол жалпы орта білім беретін мектебінде ұзақ жылғы абыройлы еңбектен соң құрметті зейнеткерлік жасқа шығып отырған мәртебелі мұғалім бар. Оның аты-жөнін көпке таныстырар болсақ – Айзада Төлегенова.

4E37840C-67F9-476C-B985-E9C0CF6745B1

Айзада Кәрімқызы 19 маусым 1963 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келіп, 1986 жылы Орал қаласындағы Махамбет Өтемісов атындағы университетті бітірді. Үлкен өмірге қадам басқан жас маман Жаңажол ауылының азаматы Сансызбай Төлегеновпен отбасын құрып, ұл-қыз тәрбиелеп өсірді.

Жас маман кезінен бастап жалпы орта білім беретін мектебінде орыс тілі, орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет атқарып, үзіліссіз 38 жыл ұрпақ тәрбиелеу жұмысымен айналысты.

Осы жылдар ішінде жоғары санатты ұстаз, педагог-зерттеуші Айзада Кәрімқызы білімі терең, әдістемелік шеберлігі мол, мақсаты айқын, өз пәнін жоғарғы деңгейде меңгерген, үнемі ізденіс үстінде жүретін білікті маман ретінде көрсете білді.

Оқушылардың іздемпаздық пен шеберлік қабілеттерін дамыту мақсатында, жаңартылған білім мазмұны бойынша сабақ беріп, олардың білім сапасын 78% дейін жеткізді. Ол он бес жылдай гуманитарлық пәндер бірлестігінің жетекшісі, сынып жетекшісі, оқушыларды ғылыми жұмысқа, олимпиадаға, шығармашылыққа үйретіп жүрген тәжірибелі ұстаз.

Оның шығармашылық бағыттағы мақалалары мен жыл сайын үздік сағаттары аудандық, облыстық, республикалық баспасөз беттерінде жарияланып тұрды. Онда ізденімпаз ұстаздың республикалық ғылыми әдістемелік журналда ашық сабағы, авторлық материалы, «Наш Пушкин» атты мақаласы жарияланып, әртүрлі жарыстарда, семинарларда, конференцияларда түрлі марапаттарға ие болды.

Ол «Ыбырай Алтынсарин» белгісінің иегері. Айзада Төлегенова мектепішілік, ауылдық шараларға жауапкершілікпен қатысатын белсенді тұлға ретінде ата-аналар мен оқушылардың, әріптестері мен жора-жолдастарының арасында адамгершілігі мол, қарапайым, өмірде өзіндік орны бар ұстаз екенін көрсетіп келеді.

Әріптестері тәжірибелі ұстаз, шебер ұйымдастырушы ретінде құрметтейді.

Қыдыр Харесұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале