25.06.2024, 10:32
Оқылды: 143

Нашақорлық – нағыз кесел: Оралда кеңейтілген отырыс өтті

26 маусым – Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күні 

Жуырда Достық үйінде Батыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы ассамблеясы Аналар кеңесінің «Бес кеселге қарсы күрес» атты кеңейтілген отырысы өтті. Онда нашақорлық, лудомания, зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдыққа қарсы жалпыұлттық күрес мәселесі айтылды.

D42D8F27-1515-4250-8DF7-B8D983A1FD9E

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде: «Біз жақсылыққа жетеміз десек, жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек. Жақсыдан үйреніп, жаманнан жирене білуіміз қажет», – деген еді. Қоғамға қауіпті бес кеселге қарсы жалпыұлттық күресті жариялауымыз қажет деді. Бұл тосқауыл қою дегеннің өзі – біз үшін, сіз үшін, қоғамды тәрбиелеп жүрген әрбір азамат үшін үлкен міндет, үлкен борыш деп есептеймін. Себебі бес кесел – нашақорлық, лудомания, зорлық-зомбылық, вандализм және ысырапшылдық халықтың денсаулығына нұқсан келтіреді, әсіресе, жастардың тағдырын бұзады, ұлттың дамуын тежейді. Шын мәнінде, Президент барлығына ортақ нақты міндет қойды. Біз оны шешпей алға қойған стратегиялық мақсаттарға қол жеткізе алмаймыз. Сондықтан осы  әлеуметтік кеселдермен табысты күресу үшін тек мемлекеттік құрылымдар емес, сонымен бірге қоғамның барлық күшін белсенді жұмылдыру қажет деген міндет қойды, - деп атап өтті жиынға төрағалық еткен БҚО ҚХА Аналар кеңесінің төрайымы, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Шалқыма Құрманалина.

Сондай-ақ осы бес кеселдің қоғамға зияны жөнінде қысқаша баяндады. Одан соң облыстық полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция подполковнигі Эльмира Мурзабаева сөз алды.

– Маусымның 26-сы – Халықаралық нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес күні. Осы атаулы күн аясында республикада 26 мамыр – 26 маусым аралығында есірткіге қарсы күрес айлығы жүріп жатыр. Қазір нашақорлықтың салдарына емес, оның алдын алуға ден қойылуда. Оқушылармен және студенттермен кездесіп, бұл індеттің зияны жөнінде айтып, түсіндірудеміз. Әйтсе де, ай өтпей жатып, сол аудиторияда отырған баланың нашақорлық қылмысымен ұсталған дерегі бар. Балалардың бос уақытының көптігі, әлеуметтік желіде көп отыруы оларды теріс жолға бағыттауда. Ата-аналар перзентінің ғаламтордан нені оқитынын, әлеуметтік желілер арқылы кімдермен сөйлесетінін тексермейді. Сондықтан әлі оң-солын танып үлгермеген бала «оңай ақша, оңай табыс» дегендерге алданып, тура жолдан таяды, - деді жедел уәкіл.

Эльмира Жақсылыққызының айтуынша, өткен бес айдың ішінде облыс көлемінде 119 есірткі құқықбұзушылық дерегі тіркелген. Оның 24-і – есірткі сатумен байланысты қылмыстар. Сонымен қатар 4 жасөспірім есірткіні сатып, сақтағаны және оны жарнамалағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуда. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Бес айдың ішінде есірткі затын сататын және жарнамалайтын 99 сайт бұғатталған.

Жақында білім басқармасының қолдауымен политехникалық колледжде бұрын нашақор болған, қазір оңалған үш азаматпен кездесу ұйымдастырылған. Мәселен, 26 жастағы жігіт төрт жыл есірткі қабылдаған. Ол достасып жүрген қызымен ұрысып қалған соң, синтетикалық есірткі шегіпті. Өзі шетелден оқып келген, алты тіл біледі. Ал кезінде спорт жаттықтырушысы болған келесі жігіт есірткінің дәмін бір рет қызық көріп татыпты. Содан кейін-ақ тәуелді боп қалған.

«Біз нарколог мамандармен бірлесіп жұмыс істейміз. Олардың айтуынша, синтетикалық есірткіні қабылдаған адамды емдеу өте қиын. Қазір есірткі қылмысы, нашақорлық әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қатысты мәселе емес. Себебі біздің басқармаға түскен балалардың әлеуметтік жағдайына талдау жасағанда олардың тұрмысы өте жақсы екені анықталды. Барлығының да көйлегі көк, тамағы тоқ. Яғни ата-аналары балаларына көңіл бөлмейді, сөйлеспейді. Қазір  ұялы телефон мен әлеуметтік желіге тәуелділік артты. Бала әке-шешесінен емес, әлеуметтік желіден тәрбие алып жүр. Олар біздің, мұғалімнің сөзінен гөрі, ғаламтордағы ақпаратқа көбірек сенеді», - деген полиция подполковнигі.

Жедел уәкіл ата-аналардың  балаларына мейіріммен қарап, олардың тыныс-тіршілігін ұдайы назарда ұстаулары қажет екенін жеткізді. Баланың өсіп-жетілуіне отбасындағы тәрбие зор рөл атқаратынын қадап айтты. БҚО бала құқықтары жөніндегі уәкіл Жанат Нұрмағамбетова да тәрбиенің тал бесіктен басталатынын еске салды.

БҚО ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі, Орал гуманитарлық-техникалық колледжі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айнұр Отарбай екі колледждің студенттері мен ата-аналары арасында жүргізілген сауалнама туралы баяндады. «Нашақорлық туралы не білесіз және оған сіздің көзқарасыңыз» деген тақырыпты қамтыған сауалнамаға 1000-нан астам респондент қатысқан. Мәселен, «Нашақорды қалай анықтауға болады?» деген сауалға 76%-ы «мінез-құлқынан, сырт келбетінен байқауға болады» деп жауап берген. «Есірткіге қатысты проблемамен бетпе-бет келіп көрдіңіз бе?» деген сұраққа 7 пайызы «иә» десе, 91 пайызы мұндай мәселеге кездеспегенін айтқан. «Адам қалай нашақор болады?» деген сұраққа 25 пайызы «отбасы жағдайына байланысты немесе достарының әсерінен» десе, 33 пайызы «күйзеліске ұшырауы себеп» деп көрсеткен.

Сондай-ақ отырыста БҚО ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі, №42 «Ақ ниет» гимназиясының директоры, Орал  қалалық мәслихатының депутаты Азима Ғұбашева, БҚО ҚХА Аналар кеңесінің мүшесі, Круглоозерный арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының басшысы Талшынай Жүніс және кеңестің басқа да мүшелері сөз сөйледі.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале