27.06.2024, 9:45
Оқылды: 291

БҚО-да «А» вирустық гепатитінің тоғыз жағдайы тіркелді – Нұрлыбек Мұстаев

Батыс Қазақстан облысында жыл басталғалы «А» вирустық гепатитінің тоғыз жағдайы тіркелді. Анықталғандай, науқастар – «А» вирустық гепатитіне қарсы екпе алмаған адамдар. Бұл туралы БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Нұрлыбек Мұстаев айтты.

897CA219-0256-4DFC-8DE1-AA4A18F21541

«Вирустық гепатиттер – әртүрлі вирустардан туындайтын жұқпалы аурулардың үлкен тобы. Гепатиттердің ішінде «А» вирустық гепатиті жиі кездеседі. Инфекция көзі – ауру адам саналады. Бұрын ауырмаған және «А» вирустық гепатитіне қарсы егілмеген кез келген адам бұл ауруға шалдығуы мүмкін.


«А» гепатитінің кез келген түрімен ауыратын науқас айналасындағылар үшін инфекция көзі болады. Сырқат адам аурудың клиникалық белгілері пайда болғанға дейін бірнеше күн бұрын айналасындағыларға қауіпті болады.

Айналасындағыларға гепатиттің сарғаю белгісі жоқ (симптомсыз) түрімен ауыратын науқастар қауіпті. Өйткені оларда аурудың клиникалық белгілері көзге көрінбегенімен, сыртқы ортаға вирус бөліп шығарады. Вирус адам ағзасына тамақтану кезінде лас қолдар арқылы, сондай-ақ вируспен ластанған тамақ өнімдері және су арқылы енеді.

«А» гепатитінің инкубациялық кезеңі шамамен 30-50 күнді құрайды. Симптомдары: дене қызуының көтерілуі, әлсіздік, тәбеттің жоғалуы, диарея, жүрек айну, зәрдің қараюы және тері мен көз белоктарының сарғаюы.

«А» гепатитін алдын алудың тиімді тәсілі – профилактикалық екпе күнтізбесіне енгізілген вакцинациялау. Вакцинация екі жастан бастап жүргізіледі. Иммундау курсы алты ай аралығымен екі екпеден тұрады.

Сонымен бірге «А» гепатитінің алдын алу үшін келесі қарапайым гигиена қағидаларын сақтау қажет:

- дәретханаға барғаннан кейін және тамақтанар алдында қолды жуу;
- су ішу үшін бөтелкедегі немесе қайнатылған суды пайдалану;
- көкөністер мен жемістерді мұқият жуу», - дейді маман.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале