12.07.2024, 17:00
Оқылды: 145

Балықты баптауға байыпты бағдар керек

14 шілде – Балық шаруашылығы қызметкерлері күні

Шілде айының екінші жексенбісі – Балық шаруашылығы қызметкерлері күні. Бұл дата Үкіметтің 2017 жылғы 31 қазандағы қаулысымен бекітілген.

Айтулы күн қарсаңында сала мамандарымен кездесіп, өңірдегі балық шаруашылығының мән-жайын білген едік.

3F63F511-54D4-49C9-BFAE-54DA7D2CCD3E

Елімізде халықты балық өнімдерімен үздіксіз қамтуды және балық өсіруді дамытуды көздейтін «Балық шаруашылығын дамытудың 2021-2030 жылдарға арналған бағдарламасы» бар. Бағдарламада отандық балық және балық өнімдерін өндіру көлемін  6,9 мың тоннадан 270 мың тоннаға дейін ұлғайту көзделген. 2006 жылдан бастап елімізде балық шаруашылығы субъектілеріне су айдындары* мен учаскелері ұзақ мерзімге беріле бастаған.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы су ресурстары және қаржылық қамтамасыз ету бөлімінің бас маманы Есбол Төлемістің айтуынша, өңірде 117 су айдыны балық шаруашылығын жүргізуге бекітілген. Соның ішінде 58 су айдынында 54 кәсіпкер балық шаруашылығымен шұғылдануда. Атап айтсақ, 20 су айдыны кәсіпшілік балық аулауға, 30-ы тауарлы балық шаруашылығын жүргізуге бейімделген. Ал екеуі торда балық өсіруге, 6 су айдыны әуесқой (спорттық) балық шаруашылығына арналған.

«Аквамәдениеттің тәжірибелік-өнеркәсіптік өндірісінің оқу-ғылыми кешені» ЖШС сумен қамту жүйесі тұйықталған балық шаруашылығымен айналысады. Яғни мамандар ғимарат ішінде тұқы, асыл тұқымды балықтар өсіреді. Өңірдегі кейбір аудандарда су айдындарын игеру көрсеткіштері өте төмен.

Мәселен, Бөрлі, Тасқала, Қаратөбе және Жәнібек аудандарында балық шаруашылығымен айналысуға арналған бірде-бір су айдыны тіркелмеген.

«Жыл соңына дейін қала және аудан әкімдіктерімен бірлесіп, балық шаруашылығын жүргізетін су айдындарының кем дегенде 75%-ын игеруді мақсат етіп отырмыз. Аудандарда ақпараттық жұмысты күшейтуіміз керек.

Жуырда облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетовтің төрағалығымен өңірдегі балық шаруашылығын дамытуға қатысты жиналыс өткен еді. Онда осы саладағы мәселелер талқыланып, аудандарда балық шаруашылығының кенже  қалғаны айтылды. Әкім орынбасары аудан әкімдіктерінде осы саланы дамыту бағытында жұмыс істейтін бір маманды тағайындауды ұсынды», - деді Есбол Айбарұлы.  

Былтыр облыста 655 тонна тауарлы балық өсірілген. Бұл көрсеткіш 2021 жылы – 147,2 тонна, ал 2022 жылы 515 тонна болған екен. Ал  биыл балық өсіру көлемін 755 тоннаға дейін жеткізу көзделген. Өңірдегі балық шаруашылығы субъектілерін «Ақжайық Агро» ЖШС ғана балық шабақтарымен қамтамасыз етеді. Кәсіпкер 2018 жылдан бері сазан, тұқы, мөңке, дөңмаңдай, ақ амур балық шабақтарын өсіріп келеді. Жыл басынан бері шаруашылықтар су айдындарына 298 288 шабақ жіберген. Бұл жұмыс қазан айына дейін жалғаспақ. Бүгінде Орал қаласы мен аудандарда тиімді бағада, делдалсыз тірі және жаңа ауланған балық өнімдерін сататын тоғыз дүкен бар. Облыс әкімдігі әр ауданда кем дегенде 1 дүкеннен ашуды көздеп отыр.  

Елімізде балық шаруашылығына демеуқаржы беріледі. Ол үшін «Инвестициялық салымдар кезінде балық шаруашылығы субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау» бағдарламасы басшылыққа алынады. Құжат ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 14 маусымдағы №219 бұйрығымен бекітілген. Субсидиялау осы қағиданың 2-қосымшасында көрсетілген жобалардың паспорттары бойынша беріледі.

«Балық шаруашылықтары демеуқаржыны алу үшін арнайы талаптарға сай болуға тиіс. Осы саланың мәселесін талқылаған жиындар барысында шаруалар субсидия бөлу тәртібіне өзгеріс енгізу қажет деген ұсыныс білдірді.

Мәселен, былтыр бағдарлама бойынша жергілікті бюджеттен 2 млн 270 мың теңге бөлінді. Бірақ бұл қаражат игерілген жоқ. Өйткені көлде тауарлы балық аулаумен айналысатындардың су айдындары талапқа сәйкес келмеді. Жалпы өңірде кәсіпшілік балық аулаумен айналысатындар көп. Олар да субсидия алуға ниет білдіріп отыр. Акваөсіру (балық өсіру) өнімділігін және өнім сапасын арттырудың, асыл тұқымды балық өсіруді дамытудың субсидиялау қағидалары бар. Былтыр осы бағытта 31 млн 895 мың теңге бөлінді. Оның 8 млн 351 мың теңгесі игерілді. Балық шабақтарының азығын және дәрі-дәрмек секілді қажет  заттарды алуға кеткен шығыстарға демеуқаржы беріледі. Алайда биыл демеуқаржы көлемі әжептәуір қысқартылып, 8 млн 895 мың теңге берілген. Басқарма басшысы балық шаруашылығының басшыларына субсидиялау ережесіне жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті. Өйткені субсидиялауға бөлінген қаражат толықтай игерілмесе, оның  көлемі  әр жыл сайын азая беруі мүмкін», - деді Есбол Төлеміс.

Бас маманның айтуынша, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы жыл сайын жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа су айдындарын паспорттау үшін ғылыми-биологиялық негіздеме жасай-ды. Жалпы су айдындарының тізімі жеке тұлғалардың өтініші негізінде анықталды.

Алдымен жеке тұлғалар немесе мемлекеттік мекемелер аталған басқармаға қараусыз қалған су айдындарын паспорттау жөнінде өтініш жазады. Соның  негізінде басқарма мамандары уәкілетті мекемеге тапсырыс береді. Паспорт жасау барысында су айдынына ғылыми-биологиялық негіздеме жасалады. Өзен-көлдің балық өсіруге қолайлы не қолайсыз екенін анықтау үшін сынама алынып, жан-жақты зерттеледі. Айдындар балық шаруашылығын жүргізуге жарамсыз болуы да мүмкін.

Ал жарамды болса, су айдынына паспорт беріліп, облыс әкімдігінің «Жергілікті маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және учаскелерінің тізбесіне» енгізіледі. Содан кейін балық инспекциясы балық шаруашылықтарына су айдындарын немесе учаскелерін бекітіп беру мақсатында конкурс өткізеді. Өзен-көл осы байқаудың жеңімпазына 5 жылдан 49 жылға дейін жалға беріледі.

Су айдынының паспортында кәсіпкердің балық шаруашылығының қандай түрімен айналысуы тиіс екені жазылады. Былтыр өңірде бар-жоғы 4 су айдыны паспортталыпты. Ал биыл 43 су айдынын құжаттандыру үшін жергілікті бюджеттен 51 млн 79 мың теңге бөлінген. Есбол Айбарұлының айтуынша, биыл су айдындарын паспорттау жөніндегі өтініштер былтырғымен салыстырғанда артқан. Бір жақсысы, паспортталған су айдындары қараусыз қалмайды. Себебі балық шаруашылығымен айналысатын адамдар бекітіп берілген учаскелерді қорғауға, өсімін молайтуға және биоресурстардың жай-күйін бағалауға міндетті.

БҚО бойынша балық инспекциясы басқармасының бас маманы Гүлжан Абдулова-Климованың айтуынша, биылғы көктемгі су тасқынынан кейбір балық шаруашылығы нысандары да зиян шеккен. Мәселен, екі шаруашылықта бөгет бұзылып, 9 су айдынында су деңгейі көтерілген. Соның салдарынан балықтар ағыспен ағып кеткен.

«Мемлекет тарапынан балық шаруашылығы субъектілеріне жеткілікті түрде көңіл бөлінсе екен деймін. Мәселен, су айдынының қасынан тоған салғысы келетін шаруалар бар. Осындай құрылыс салғысы келетіндер үшін жер беруде қиындықтар кездесуде. Яғни құжаттама рәсімдеуде жеңілдіктер қажет. Облыста шабақ өсіретіндердің санын арттыру керек. Себебі өңірде бір ғана кәсіпкер шабақ өсірумен айналысады. Ал шабақтар кейде шаруаларға жетпейтіндіктен, көрші облыстардан алып келеді. Бұл саланы субсидиялау тетіктерін де қайта қарастырған жөн деп санаймын.  Қазір демеуқаржы тек көлде-тауарлы балық өсіретін шаруашылықтарға беріледі. Су айдынында кәсіпшілік балық аулаумен айналысатындар да демеуқаржы алғысы келеді», - деп атап өтті Гүлжан Райысқызы.

Қос мекеменің мамандары Балық шаруашылығы қызметкерлерінің күні тиісті деңгейде аталып өтілуі тиіс деп есептейді. «Себебі айтулы күннің өзіндік орны бар. Бұл күн балық шаруашылығын дамытудың тың тетіктерін дамытуға мүмкіндік береді. Балықшылардың мәселесін оңтайлы шешуге жол ашады. Әсіресе, тұрғындар осы саланың жұмысынан жан-жақты хабар алады. Облыста кенже қалған сала болғандықтан, насихат жұмысын күшейткеніміз жөн» деген ой айтты бас мамандар.

«Қазиханов» жеке кәсіпкерлігінің иесі Сәрсенбай Қазиханов 2021 жылы желтоқсанда көлде тауарлы балық шаруашылығын жүргізу үшін Бәйтерек ауданының Бейбітшілік ауылындағы №1 Котельников деп аталатын көлді 49 жылға жалға алған. Ол үшін Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясымен келісімшарт жасасқан. Көлдің аумағы – 60 гектар, ұзындығы – 1200 метр, ені – 900 метр, тереңдігі – 13 метр. Кәсіпкер жылына екі рет (күзде, көктемде) көлге  шабақ жіберіп, су айдынын балықтандырады.

«Облыста балық шаруашылығына қажет шабақтарды өсірумен бір кәсіпкер айналысады. Биыл 20 мың дана шабақ сатып алдым. Олар өте кішкентай болғандықтан, айдынды жерсініп кетулері қиын. 20 мың шабақтың тек 2000-3000-ы тірі қалуы мүмкін. Солай бола тұра, балық шаруашылықтары тәуекелге барады. Осы орайда балық шаруашылығындағы шығынды өтеуге берілетін субсидия көлемінің өте аз екенін айта кеткен жөн. Мәселен, бір балыққа  15 теңгеден төленеді. 20 мыңды 15-ке көбейтсек, 300 000 теңге беріледі деген сөз, яғни  шығынның тек 30%-ы өтеледі. 2022 жылы қыркүйек айында су айдынына қызыл балық тұқымын жібердім. Бірақ бұл балықтың өсіпжетілуіне, уылдырық шашуына 8-10 жылдай уақыт керек. Біздің көлде негізінен сазан мен күміс тұқы өсіріледі.

Заң бойынша судың жағасында санитарлық-эпидемиологиялық аймақ деген болуы керек. Себебі көктемкүз мезгілдерінде су көтеріліп, түсетіндіктен, ол жерге ештеңе егуге, салуға болмайды. Биыл су 70 метрге дейін көтерілді. Ал мен жалға алған айдын маңында мұндай жер жоқ. Себебі 20 жыл бұрын көлдің айналасындағы жер кәсіпкерге берілген. Менің қолымда су айдынының құжаты бар да, жердің мемлекеттік актісі жоқ. Кәсіп бастаған соң, ісіңді дамытқың келеді. Пайда табуға тырысасың. Менің де осы мақсатта айдынның айналасында шағын шұңқырлар (котловандар) қазып, шабақ өсіргім келген еді. Шабақты, балықты саттыққа шығаруды ойладым. Инкубациялық цех салуды да ойлаған едім. Алайда жер менікі болмағандықтан, ешқандай құрылыс жүргізе алмай отырмын. Жалпы су жағасында ірі құрылыс нысандарын салуға да рұқсат етілмейді. Қазір көлдердің жағасында әртүрлі ғимарат салу мәселесі заң жүзінде қаралып жатыр. Бұл мәселелерді Бәйтерек ауданының әкіміне, облыстағы құзырлы мекеме мамандарына да айттым. Енді осы түйткілдің оң шешілуін күтіп жүрмін. Жалпы биыл облыста балық шаруашылығына тиянақты назар аударыла ба-стағаны байқалады», - деді кәсіпкер.

Сала мамандары балық аулауға қызығушылық танытатындардың көп екенін айтып отыр. Олар су жағасында демалып, қармақпен балық аулағанды ұнатады. Ау құрып аулайтындар да баршылық. Алайда қоршаған ортаны, табиғат байлығын қорғауға немқұрайлы қарайтындар да жоқ емес. Су жағасына қоқыстарын қалдырып, айналаны шашып кетеді. Мұның да осы саланың басықасында жүрген мамандарды толғандыратын мәселе екені  анық.

*Су айдындары – өзендер және оларға теңестірілген арналар, көлдер, су қоймалары, тоғандар мен басқа да ішкі су айдындары, аумақтық сулар.

Ясипа Рабаева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале