Көше жарығы – көптің сұрауы. Шыңғырлау ауданы орталығының бірқатар көшелеріне асфальт төселіп, халық игілігіне берілді. Бұл жақсылыққа жүргізушілер де, жұртшылық та разы.
Тек Елек өзеніне жақын кейбір көшелерде жарық жоқ немесе шамдарын алмастырып, жеңіл жөндеу қажет етіп тұрғандары бар-тұғын. Жуырда ғана Көкжайлау көшесі мен Сырым Дат көшелері кешкі жарығымен көзді де, көңілді де қуантты.
Күндізгідей жарық берген көше шамдары түн түссе түнекке айналатын шеткі көшелерді самаладай жайнатты да қойды.
Көптің көңілі толған бұл істі аудандық тұрғын үй, коммуналды-шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары мекемесінің тапсырысымен атыраулық «AtyrauLokalCompany» ЖШС-гі орындаған екен.
Тұрғындар тарапынан көбірек қозғалып жүрген осы Көкжайлау, Ақсай, Сырым Датов көшелерінің жарықтандырылуы осылайша шешімін тапты.
– Аталған көшелерге 1300 м кабель тартылып, 30 нүкте 100 вт-тық прожектор шамдар қойылды. Сондай-ақ, Бейбітшілік, И.Тайманов көшелерінің жарықтандыру жүйелері трансформаторларға қосылды, - дейді мекеменің бас маманы Алмас Жұмаев.
Қазіргі таңда мүлде жарықтандырылмаған Достық көшесі ғана қалып тұр. Бұл көшелерге кабель сымдардың созылып кетпеуі үшін жарық бағаналарын жиі орнатып, реконструкция жұмыстарын жүргізу керек боп шықты. Ал бұл өз кезегінде, әрине, қаржы мен уақытқа тірелетін мәселе.
Қаршыға Елемесов
Шыңғырлау ауданы