Бәйтерек ауданында қазіргі таңда құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Алайда өзге өңірден келген мердігер ұйымдардың жауапсыздығы салдарынан тұралап қалған нысандарға қатысты бірқатар мәселелер де жоқ емес. Осындай түйткілдердің қазіргі таңда қалай шешімін тауып жатқанын аудан прокуроры Алмас Меңлібаев айтып өтті.
– «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заң бар. Кез келген тұлға, кәсіпкер портал арқылы сатып алуға қатыса алады. Сол портал арқылы жеңімпаздар анықталады. Жеңімпаз анықталғаннан кейін барып келісімшарт жасалады. Конкурсқа барлық өңір, түгел республика қатыса алады. Бұл бағытта біз, тарапымыздан құрылыс басына барып, қадағалау жұмыстарын жүргізіп, кездесулер ұйымдастырып, талдау жасаймыз. Қазіргі таңда бізде бірнеше су нысанының іске қосылуында мәселе туындап отыр. Жақында ғана тексеру жұмысы жүргізілді. Біріншіден, бұл жерде тапсырыс беруші өзі шара қолдана алады. Оны жауапсыз мердігер ретінде танып, ол келісімшарт талаптарын орындамаса, сотқа жүгінуге құқылы. Ал егер бөлінген қаржы мақсатсыз жұмсалса, ол кезде біздің құқық қорғау органдары тексеру жұмысын жүргізеді. Егер жоғарыда аталған заңсыздықтар анықталса, қылмыстық жауапкершілікке тартуға дейін алып барады. Қазіргі таңда ауданда ондай бірнеше объект бар. Тапсырыс берушімен талап қойылып, мерзімі көрсетілді. Сотқа жүгінген материалдар да бар. Соған байланысты тиісті шаралар алынады», - деді Алмас Базарханұлы.
Гүлім Орда
Бәйтерек ауданы