21.07.2024, 15:58
Оқылды: 224

Белгілі әншіден дәріс алды

Таяуда Минск қаласында өткен Лариса Долинаның музыкалық академиясы тәжірибе алмасу курсын өткізді. 

photo-output

Музыкалық академияда жинақталған білім мен тәжірибені өзге де оқытушылармен бөлісу, музыкалық тәрбиешілер қауымдастығы арасындағы байланысты нығайту — жобаның ең басты мақсаты екенін айта кеткен жөн.

Ресейдің халық әртісі, профессор, Мәскеу мемлекеттік кинематография институтының эстрада және джаз өнері кафедрасының меңгерушісі Лариса Долинадан дәріс алуға әр елдің өнер адамдары ағылды. Олардың қатарында теректілік әнші, вокал сыныбының мұғалімі Гүлназ Құсайынова да бар.

photo-output

— Аталмыш өнер курсына қатысу оңай болмады. Ең әуелі үміткерлер онлайн тест тапсырып, сауалнама толтырды. Сөйтіп, іріктеуден өтіп, шеберлік сабаққа қатысуға шақырту алдық. Оған Армения, Белорусь, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан сынды елдерден ұзын саны 70 педагог қатыстық. Сегіз қазақстандық, оның ішінде Астана, Алматы, Орал қалаларынан болдық. Біздер — Сергей Архипов, Этери Бериашвили, Сергей Долженков, Алина Енгибарян, Ксения Коробкова, Мария Осадчая, Маргарита Позоян, Юлия Шегай, Влада Муравьева сынды белгілі талантты жандардан түрлі тақырыпта білім алдық. Ең соңында музыкалық академияның президенті Лариса Долинаның өзі келіп, музыканың қыр-сырын түсіндіріп, бәрімізге сертификатты салтанатты түрде табыстады. Одан әрі екі сағат бойы жанды дауыста ән шырқады. Біздер атақты әнші Лариса Александровнаны көріп, одан дәріс алып, бірге ән айтқанымызға өте қатты қуанып, толқыдық, — дейді Гүлназ Құсайынова.

Иә, Бакуден түлеп ұшып, өнерімен әлемді тамсандырған, халықтың сүйікті әншісіне айналған Лариса Долина бүгінгі таңда жасы жетпіске таяса да қимылы тым ширақ. «Болдым, толдым» демей, жинаған тәжірибесін басқа да жандарға үйрету — оның өнерге деген құрметі.

Самал Жамет,
Теректі ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале