23.07.2024, 17:45
Оқылды: 554

Казталовта такси бағасы неге көтерілді?

Ақылы қызметтер бағасы 2024 жылғы ақпанда 2023 жылғы ақпанмен салыстырғанда 12,8 пайызға өсті, оның ішінде такси қызметі құны 12,3 пайызға көтерілді.

3146BAFC-D15F-406C-9DCA-9D3588F9891E

Сурет: pixabay.com

Қазақстан Республикасы Ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес, 2020 жылдан бастап такси қызметін пайдаланушылардың тұрақты өсу динамикасы жүріп жатыр. Ол 2020 жылы 1,314 млн адамнан 2022 жылы 3,339 млн адамға дейін артты. Иә, бұл – еліміз бойынша жағдай. Казталов ауданында ахуал қалай болып жатыр?!

Баға неге көтеріледі?

Кейінгі бір-екі аптаның ішінде халық арасында WhatsApp желісінде облыс орталығына қатынап, жолаушы тасымалдайтын такси қызметінде жолақы бағасының өскені туралы хабарламалар тарап жатыр. Маусымның бірінен бастап бағаны Жалпақтал ауылының такси қызметінде жүрген азаматтар көтерсе, артынан көп кешікпей аудан орталығы Казталовта да таксистер бағаны өсіргені белгілі болды. Сонда баға қанша болды десек, бұрын Оралдан Жалпақталға дейін 3 000 теңге болса, жаңа баға – 3 500 теңге, Казталов ауылына 3 500 болса, 4 000 теңгеге көтеріліп отыр.

Бұл хабарлар әлеуметтік желілер арқылы жан-жаққа тарап, аудан тұрғындары арасында екі жақты пікір, қоғамдық талқы басталып кетті. Интернеттегі жазбаларды сараласақ, такси қызметінің қымбаттауына наразы болғандар қарасы қалыңдау. Біз де қарап отырмай, мәселені зерттеп көруді жөн санадық.

Такси қызметінің қымбаттауы туралы білмек үшін осы салада жолаушы тасымалдап жүрген біраз азаматпен хабарластық. Жалпақталдық таксистер ақпарат бермей қойса, казталовтық азаматтардың көбі жауап беруден бас тартты. Біз Казталов ауданы орталығында жолаушы тасымалымен айналысып, заңды тіркелген «Алипкалиев» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Берік Әліпқалиевпен сөйлесіп, такси қызметінің не үшін қымбаттағаны туралы сауалымызға жауап алдық.

– Жеке такси қызметінде жүрген жолаушы тасымалының бағасын алдымен Жалпақтал ауылының азаматтары көтерген болатын. Содан көп ұзамай осы қызметте жүрген біз де бағаны өсіреміз деп шештік. Қазіргі уақытта бәрі қымбаттап жатыр. Біз мініп жүрген көліктердің де құны жыл санап өсу үстінде. Темір тұлпарға қажет қосалқы бөлшектер бағасының өзі аспандап кетті. Мұнымен қоса жолаушыларды заңсыз тасымалдайтын азаматтар қатары көбейген. Күні кеше ғана жүргізуші куәлігін алған жас баладан бастап, зейнет демалысына шыққан қарияға дейін көлік тізгіндеп, жолаушы тасып жүр. Олардың бәрінің қызметі заңға қайшы. Ешқайсысы жолаушының өміріне жауап бере алмайды. Заңды кәсіппен айналысып жүрген бізге де кедергі келтіріп, бәсекелестік туғызып отыр. Соның салдарынан бағаны көтердік, - деді Берік ағамыз.

Заңды тіркелген такси қызметі жоқтың қасы

Мақала жазу барысында Казталов аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, Казталов ауданы бойынша кірістер басқармасы, Казталов аудандық жергілікті полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен хабарласып, жоғарыдағы мәселе туралы сұрадық.

Жолаушылар көлігімен айналысатын мекеме мамандарының берген мәліметіне сүйенсек, жолаушылар мен багажды автомобильмен тұрақты тасымалдау бойынша №211 «Казталов – Орал – Казталов» бағытындағы маршрутта 2023 жылдың маусым айынан бастап «Сайхаденова» жеке кәсіпкерлігі қызмет көрсетіп келеді.

Аталған бағытта қатынайтын маршрут – сыйымдылығы 16 орындық «Газель Next» автокөлігі. Билет құны ересек адамдар үшін 2 028 теңге, балалар үшін 1 014 теңге болып бекітілген.

Ал тұрақты емес таксимен тасымалдау болып табылатын жолаушылар тасымалдау түрінде Казталов ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі «Е-лицензиялау» автоматтандырылған жүйесі арқылы «жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау бойынша қызметті жүзеге асыру басталғаны хабарламаны қабылдау туралы талон беру» рұқсаттама құжатын беру қызметі көрсетіледі.

Аудан көлемінде такси қызметімен айналысатын, Казталов ауданы бойынша кірістер басқармасында ресми тіркелген алты жеке кәсіпкер болғанымен, бірде-бірі жолаушылар мен багажды таксимен тасымалдау бойынша қызметті жүзеге асыру басталғаны туралы хабарлама жолдамаған. Яғни заңды жолаушы тасымалымен айналысып жатқан кәсіп иесі жоқ.

Бұдан шығатын қорытынды, жолаушыны заңсыз
тасымалдаумен айналысып жүрген азаматтар да жолақыны заңсыз көтеріп отыр. Бұл – ресми деректер. Ақпаратты аудандағы кірістер басқармасы да растап отыр.

Заңсыздықпен қалай күресеміз?

Қазіргі уақытта салық органдарында тиісті тәртіппен тіркелмей-ақ, такси қызметін атқарып жүрген субъектілердің заңсыз әрекеті әлеуметтік әділетсіздік факторына әкеліп соқтыруы мүмкін. Сол себепті жолаушыларды заңды тасымалдау қызметімен айналысушыларға қатысты прокуратура мен мемлекеттік кіріс органдарына шағым көптеп түсе бастапты. Бұл негізсіз емес. Өйткені ресми тасымалдаушылар салық органдарында тиісті тәртіппен тіркеліп, мемлекетке жолаушылар тасымалы қызметі үшін заңды түрде салық төлеп тұрады.

Ал салық органдарында тіркелмей, «жабайы» такси қызметін атқарып жүргендер олардың жұмысына кедергі келтіріп, бәсекелестік тудырып отыр. Сондықтан мемлекеттік кіріс органдары тарапынан кәсіпкерліктің мұндай заңсыз әрекетіне тосқауыл қою мақсатымен тиісті талап қойылуға тиіс.

«Жабайы» таксилермен күрес жұмысы қалай жүріп жатқаны туралы Казталов жергілікті полиция бөлімінің бастығы, полиция капитаны Нұрхан Ғазизовпен сөйлестік.

Оның айтуынша, такси тасымалдаушыларына көліктік бақылау жұмысын жүргізу кезінде құқықбұзушылықтар анықталған. Әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін жеке адамдардың жолаушы тасымалымен тұрақты айналысып жүргенін дәлелдеу қиын.

Ондай кезде жүргізуші мен жолаушылардың түсініктемесі негізінде ғана шаралар қолданылады. Егер тасымалдаушы заңды тұлға емес, жеке тұлға болған жағдайда сот істі қарамайды. Бұл заңсыз тасымалдаушыларды жауапкершілікке тарту кезінде қиындық тудырып отыр. Яғни көлік жүргізіп, такси қызметін көрсеткен азаматтың заңсыз тасымалдаумен айналысып жүргенін сол такси қызметін пайдаланатын жолаушылар растап, куә болуы қажет. Бірақ мәселе осы жерде туындайды. «Такси қымбат, Үкімет қайда қарап отыр?!» деп байбалам салатын жолаушылар тексеруші органдар алдында такси айдаған адамды жығып бермейді.

Сонда кім-кімді алдап жүр? Заңсыздықты қоғам болып күрессек қана жеңе алатынымыз белгілі емес пе?!

Заңсыз қызмет салдары

Елімізде адамдарды заңсыз тасымалдаумен айналысатын жеке жүргізушілер тарапынан құқықбұзушылық және қылмыстық фактілер жиі тіркеледі. Ал жолаушылар арасында қандай пікір бар?

Әлеуметтік желіні ақтарып, төмендегідей жазбаларды оқыдық. «Таксиге мінген құрлы зәреміз ұшып, өліп қала жаздадық», «Бұларға тек ақша керек, адам тағдыры ойларына кіріп те шықпайды», «Бес сағат жүретін жолға үш сағатта ұшырып алып келді», «Ендігі әрі бұл таксиге отырмаспын» деген жазбаларды оқып, жағаңды ұстайсың. Бұл – ауданнан қалаға таксимен келген жақыныңның аузынан еститінің. Ойлы-қырлы, қырық жамау жол соғып, шаршап келе жатқан жолаушының жүйкесін көлікті жарыс алаңында жүргендей жүргізетін шопырлар да әбден жұқартады.

Тегіс жолда қаптаған жүк көліктерінің алдына шығамын деп, арақашықтықты дұрыс есептей алмай тыпыршығанда жолаушының жаны да мұрнының ұшына келеді. Бәріне бірдей топырақ шашудан аулақпыз, бірақ такси қызметі туралы қоғамда қалыптасқан пікір осындай. Жол апатынан құдай сақтасын! Дегенмен талай мәрте жолда қайғылы жол-көлік оқиғаларына куә болып жүрміз. Бұл да бір заңсыздықтың нәтижесі болмақ.

Ал заңсыздық дәлелденген жағдайда қандай жауапкершілік қарастырылған? Заңнамаға сәйкес жолаушы тасымалымен заңсыз айналысатын жеке тұлғалар Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 463-бабы 1-тармағымен жауапкершілікке тартылады. Яғни жүргізуші жолаушыларды заңсыз тасымалдау кезінде ұсталса, 15 айлық көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Бір жылдың ішінде екінші мәрте қайталанған жағдайда салынатын айыппұл саны екі есеге артады. Сонымен қатар бұл бапта әкімшілік құқық бұзу объектісі болып табылатын мүлікті тәркілеу мәселесі де қарастырылғанын есте сақтаған жөн!

P.S. Қорыта келсек, такси қызметінде ешкім еріккеннен жүрмегені рас. Бірақ оңай
олжа табамын деп, жолаушы тасымалымен заңсыз айналысып жүргендердің жолақыны көтеруі заңсыз екені дәлелденіп-ақ тұр. Жолақы көтерілгеннен кейін басқа да қызметтердің көтерілетіні рас. Бәрі де қарапайым халықтың қалтасына соғады. Оның ішінде бәріміз де бармыз. Бұдан шығар қорытынды, такси қызметінде жүргендер өз кәсібін заңдастырып, жолаушылардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарағаны дұрыс болар. Заңды орындамаудың арты неге апарып соғары белгілі. Ойланайық, ағайын!

Нұр Рахман

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале