24.07.2024, 12:15
Оқылды: 155

Шыңғырлауда қанша жағажай бар?

Жаз кезеңі көпшіліктің демалатын, табиғат аясына көбірек шығатын шағы. Күннің ыстығынан қашқан жұртшылықтың ашық су көздерінде шомылуды үдететін тұсы осы кез. Мейлі ғой, суға түсудің аптапта сая, ағзаға аса пайдалы екенін белгілі, алайда рұқсат етілген жағажайда, арнайы нүсқаушы-құтқарушылармен қамтылған орындарда суға түссе құба-құп, ондай белгілері жоқ, ағынды-арынды өзендердің кез келген тұсында суға шомыла салады біздегі ағайын.

452006005_1908361379575621_8254599483952956856_n

Мұның арты, құдай сақтасын, үнемі жақсы боп жатқан жоқ. Соңғы уақытта осы суға түсу-шомылу кезіндегі елді елең еткізген тосын жаңалықтар көбейіп кетті. Яғни, тиісті органдар тарапынан сақтық шаралары, ескерту-түсіндіру жұмыстарының күшеюі тиіс.

Осыны назарға алған аудан әкімінің орынбасары М.Нұртазиев, аудан прокуроры С. Орынғалиев, ТЖ бөлімінің басшысы Б. Катчеков аудан аумағындағы ашық су көздерін шолып шықты.

Қазір аудан аумағында ресми тіркелген, рұқсат етілген жағажай орны жоқ. Бұл істі қолға алған Шыңғырлау ауылдық округі әкімі С.Бркенова көпшілікке танымал «Қонақай» көлінің жағасына құм төктіріп, жағажай орын дайындап жатыр. Бұл жерде арнайы нұсқаушы-құтқарушы мамандар қойылып, судың таяз жерінен әрі жібермейтін қорғаныш-қоршаулары орнатылған жағажай болады. Алдағы күндерде ашылатын жағажай аумағын шолып өткен рейдтік топ, көл жағасында балық аулаушы, жай демала келген тұрғындармен тілдесті.

Өзен жп

Аудан прокуроры жасақталмаған жағаларда суға түсе беруге болмайтынын, ересектердің өздері де, оларға ере келген балаларға сақ болу керегін түсіндіріп, ТЖ бөлімінің басшысы судан сақтану, көпшілікке ескертіп жүру, сондай-ақ құтқару қажет жағдайда не істеу керектігі, рұқсатсыз жерде шомылудың жауапкершілігі мен жазасы туралы айтып өтті.

Мұндай түсіндіру жұмысы осы маңдағы «Арай» жазғы демалыс лагеріндегі балалармен де жүргізілді.

Лагерьде арнайы бассейн жасақталып қойылған. Лагерь демалушыларын толық қамтып тұр. Суы мөп-мөлдір, тазарту құрылғылары тоқтаусыз жасап тұрған бассейн балалардың ең сүйікті орны екені айтпаса да көрініп тұр.

Балалармен көбірек тілдескен прокурор С.Орынғалиев судағы сақтықтың, бірін-бірі қорғаудың, қажет кезіндегі дұрыс әрекет етудің маңыздылығын балаларға түсіндіріп өтті. Бұдан басқа дұрыс азамат боп өсудің, мынау байтақ елдің патриоты болуға ұмтылу керегін, ел тарихы мен қазақы танымды ұғып өсудің әрбір перзент үшін парыз екенін де айтып өтті.

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі барлық ата-аналарға жазғы демалыс кезінде балаларды қараусыз қалдырмауға, әсіресе ашық су көздерінде, өзен-көлдерде, бассейндерде балаларға өте сақ болуды ескертеді.

Су өзінің тілсіз жау екенін үнсіз ұқтырып келеді. Биылғы су тасқыны судың қаншалықты қауіпті бола алатынын көрсетті. Сондай-ақ, тыныш тұрған судың да түбіне тартатынын ұмытпайық.

Масаң күйде шомылуға болмайтыны жөнінде де ересектерге де ескертулер бар.

Қаршыға Асуұлы

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале