24.07.2024, 10:00
Оқылды: 287

«Ауданымыздың өркендеуіне өз үлесімізді қосқымыз келеді» – кәсіпкер

Соңғы жылдары Шыңғырлау ауданында көкөніс шаруашылығына ден қойғандардың қатары көбейіп келеді. Солардың бірі – шоқтыбайлық «Баязит» жеке кәсіпкерлігінің иесі Баязит Күмісбаев.

CEA26F81-48DF-4D94-A02D-F1FF94A2195F

Екі қолды алға салып отырғаннан тәуекелдің жел қайығына мінген іскер жан жеке кәсіпкерлігін тіркеген соң шаруаның қай құлағын ұстасам екен деп көп ойланып жатпай, бау-бақшаны қолға алуды ұйғарады. Отбасымен ақылдаса келе 2022 жылы қайтарымсыз несиеге қол жеткізіп бірінші рет алма көшеттерін егіп тастайды. Оның тамыры тереңге жеткенше уақытымен суғарып, түрлі зиянкестерден залалсыздандырып, күтіп-баптауда.

Тек алмамен шектеліп қалмауды ойлаған Баязит отанасы Сұлушашпен табиғи таза көкөністерді де өсіруді қолға алады. Осы жылдың басында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен грант беріліп жатқандығын естіп тезірек құжаттарын дайындайды. Істің ыңғайын біліп қалған жігіттің жолы бола кетеді.

«Несиені қолға алысымен 1 га жерге көкөніс еге бастадық, - дейді Баязиттің сенімді серігі, әрі қай істі бастағанда да қолдаушысы болып келе жатқан жұбайы Сұлушаш. – Қияр, қызанақ, кәді, баялды, тәтті және ащы бұрыш, сәбіз, асқабақ та бүгінде жайқала өсіп, бақшаның сәнін аша түсуде. Әйтеуір себілген тұқымның текке кетпей бой көтергенін көріп, қуанамыз. Негізі осы көкөністерді алдымен өз ауламызда өсіргенбіз, тым тәуір өнім алған соң шаруамызды неге кеңейтпеске деген ойды жолдасыммен бөлісіп, нар тәуекел дескен едік».

D894FA7B-A74F-4662-8692-447422A83A4D

Баязит пен Сұлушаш алдағы уақытта өнім жақсы түсіп жатса тиімді бағамен аудан орталығының тұрғындарына сатуға әкелмек.

«Мен кәсіпкер ретінде мұнымен де тоқталмай ауданымыздың өркендеуіне өз үлесімді қосқым келеді. Сол мақсатпен шаруашылығымды кеңейту үшін тамыз айында 12 мың түп «Мурано», «Альдион» аталатын құлпынай көшеттерін еккелі отырмын. Бұл бір емес, бірнеше рет өнім беретін жидек түрі. Осындайда халқымыздың «еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген нақыл сөзі өз ісін бастағалы жүрген жандарға нақты бағыт берері анық. Ерінбеген етікші болады демекші, кәсіпкер де шындаса көкөністің тілін таба алады. Әрі отбасымыздағы балаларымыздың да несібесі – бұл. Олар да біздерге болысып бақша басынан шықпайды», - дейді сөзден гөрі іске мығым Сұлушаш.

Иә, ертеңгі күнге нақты мақсатпен, іскер көзбен қараған жандардың бақшасы болашақта көл-көсір табыс көзі болсын дейміз біз де.

Гүлшат Ботанова

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале